АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Еңгезердей екі жігітті тырқыратып қуалаған[:]

[:kz]

ardakДағдарыс пен алқымнан алған қымбатшылықтың кесірі ме, әлде кей адамдар сұғанақтыққа бейім бе, әйтеуір соңғы кездері ұры-қарылардың қатары көбейіп кетті. 

Таяуда Шымкент қаласының тұрғыны Ардақ Әшімова да (суретте) ашықтан-ашық тонаудың құрбаны бола жаздады. Қаннен қаперсіз өз көлігінде отырған Ардақ ханымның ақша, құжаттар мен басқа да бағалы заттар салынған сөмкесін еңгезердей екі жігіт тартып алмақшы болған. Оқиғаның нақты қалай болғанын ол кісінің өзі бізге әңгімелеп берді.

«Бұл жағдай 16-қазан күні түс қайта орын алды, – дейді А.Әшімова. – Әдеттегідей шаруаларыммен жүргенмін. Қаланың Арғынбеков және Өтегенов көшелерінің қиылысқан тұсында бағдаршамның қызыл көзі жанды. Содан ойымда ештеңе жоқ, көлікті тоқтатып, жасыл шамның жа­нуын күтіп отыр едім, кенет еңгезердей екі жігіт артқы есіктен мініп алды. Біреуі алдыңғы орындықта жат­қан сөмкемді жұлып алды да, қашып кетті. Мен де артынша бірге ілесе шығып, сөмкемді алып қашқан жігіттің соңынан қуып жетіп, оны қолынан жұлып алдым. Сол кезде асфальтке етпетінен омақаса құлаған ұрының беті қан-жоса болды. Ал екінші жігіт бұл кезде жолдың арғы бетіне шығып үлгерген еді. Артына қарамай қашып кетті.

Негізі сол сәтте шалт қимылдай алғаныма қазір өзім қуанамын. Мені қатты ыза қысты. «Неге мені біреу ашықтан-ашық тонауы керек?!» деген оймен әрекет еттім. Бірақ бір әттеген-айы, полиция шақыртуым керек еді, мен олай істемедім, көлік кептелісі болмасын деп тез-тез машинама отырдым да, кетіп қалдым».

Ардақ ханым бұл оқиғадан өзгелер де сабақ алса дейді. Әлдекімдердің әлімжеттік жасап, қолындағыны тартып алуына жол бермеуін, сақ болуын ескертіп отыр.

«Егер көлікте жалғыз өзіңіз кетіп бара жатсаңыз, ішінен құлыптап отырған дұрыс. Ал егер ұрылар сізге шабуыл жасаса, құр айқаймен ештеңе өндіре алмайсыз. Есіңізді жиып, бірден іс-әрекетке көшу керек. Себебі мұндай сәтте әрбір секунд, минут қымбат. Үрейге берілмеңіз, ең бастысы – өзгелерге жем болмау жағын ойлаңыз», – дейді ол.

Иә, өмір болғасын түрлі жағдай орын алады. Дегенмен еңгезердей екі жігітке қарсы әрекет жасап, сөмкесін қайтарып ала білген Ардақ ханымның іс-әрекеті ерлік емей немене?

А. ҚАСЫМБЕК.

http://www.zamana.kz/

 

[:]