АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

БАҒА ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА

222Облыста  бағаны тұрақтандыру мақсатында арнайы штаб құрылып, іс-шара жоспары жасалып, жұмыс жүргізілуде. Штабта 4 жұмыс тобы бар. Қазірге дейін ірі базарлардың, сауда орындарының, дәріханалардың басшыларымен мәжіліс өткізіліп, бағаны негізсіз көтермеуге байланысты  458 меморандумға қол қойылған. Бұл туралы «Оңтүстік» баспасөз орталығында өткен брифингте облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Арман Абдуллаев мәлімдеді. 
 -Бүгінде әлем экономикасы күрделі жағдайды бастан кешіп отырғаны белгілі.  Бұл үдерістер біздің елімізге де өз әсерін тигізбей қоймағаны анық.  Үкімет ел экономикасының одан арғы тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін теңге бағамының еркін айналымын қамтамасыз ету сияқты нақты қадамдарға барып отыр. Теңгенің нарықтық бағамын қалыптыстырмайынша еліміздің ішкі жалпы өнімінің көлемінің төмендейтіні, отандық кәсіпорындардың экспорттық мүмкіндіктері  шектелетіні анық,  — деді Арман Айдарұлы.  
Оның айтуынша, теңге бағамының өзгеруі отандық тауарлардың бағасына әсер етпеуі тиіс. Сондықтан, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін мониторингті күшейту мақсатында облыс бойынша мобильдік топтар құрылған. Олар күнделікті сауда нүктелеріндегі нақты жағдайды айқындап отырады.
 -Осындай топтар барлық аудан мен қалаларда құрылып отыр. Шымкент қаласында күнделікті 15 ірі базарлар мен 110 ірі және орта сауда орындарында, сонымен қатар 120 жанармай бекетінде мониторинг жүргізілуде, — деді А.Абдуллаев. Сонымен қатар, облыста білім беру, денсаулық сақтау мекемелерінің саны мен сапасын арттыру арқылы тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында да жұмыстар атқарылуда. Халыққа бірінші кезектегі қажетті әлеуметтік нысандардың құрылысы тоқтап қалмау үшін, құрылыс материалдарын өндіруші кәсіпорын және мердігер мекемелердің басшыларының қатысуымен арнайы мәжіліс өткізіліп, негізсіз баға өсіміне жол бермеу үшін 37 меморандумға қол қойылды. 
Брифинг барысында облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары Исмаилбек Шалабаев олыс бюджетінің орындалу барысы жайлы мәлімет беріп, теңге бағамының еркін айналымға жіберілуі бюджеттің кіріс бөлігіне және әлеуметтік міндеттемелерді орындау барысына айтарлықтай әсер етпейтінін айтты. 
 -Облыс бойынша биылдың алғышқы 8 айында мемлекеттік бюджетке 133,3 млрд. теңге түсті. Оның ішінде жергілікті бюджетке, яғни облыстық, аудандық, қалалық бюджеттерге түсетін салықтар мен басқа да түсімдердің жоспары 6,8 пайызға артығымен орындалды. Облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің жеті айдағы болжамданған жоспарларының орындалуы салықтар мен түсімдерді бюджетке дер кезінде түсіруге мүмкіндік беріп отыр. Қазіргі кездегі дағдарыс жағдайына қарамай облыс бюджетінің түсімдер жоспары өз мерзімінде орындалуда, — Исмаилбек Ыбырайұлы.

 

ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметі