АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Есек терісі қанша теңге тұрады?[:]

[:kz]

screenshot_10-3Соңғы бірер жылдан бері жұрттың назары кәдімгі есекке қатты ауа бастады. Кей ауылдарда белгісіз адамдардың есекті сойып, терісін сыпырып әкеткен оқиғалары туралы газетімізде талай мәрте жазғанбыз. 

Бұл шаруамен айналысатындар жасырын тірлік істейтіндіктен «Есек терісін Қытайға өткізіп жатыр екен», «Бір есектің терісі 100 мың теңге тұрады екен», «Құлағынан күшті дәрі жасайды екен» деген сияқты түрлі алыпқашпа сөздер тарал­ған еді. Кешегі аптада «Есек терісін қабылдаймыз» деп орыс тілінде жазылған жарнаманы көрген біз ондағы телефон арқылы хабарласып, жарнама берушіге жұрттың көкейінде жүрген сұрақтарды қойдық.

Құлағымен қоса қабылданады екен

– Жарнама бойынша хабарласып тұр едік. Есек терісін қаншадан қабылдайтындарыңызды білгіміз келеді.

– 15 – 17 мың теңгенің аралығында қабылдаймыз.

– Неге арзан? Жұрт есек терісі 50 мың, тіпті 100 мың теңге тұрады екен деп жүр ғой?

– Айта береді. Оған сенбеңіз. Ойланып қарасаңызшы, тірі есектің өзі ары кетсе 10 – 15 мың теңге тұрады емес пе?

– Сонда да арзан сияқты көрінеді екен…

– Сізде қанша тері бар? Бірнешеу болса, келісіп, үстеме ақы қоса аламыз.

– Тері емес, есек бар. Бірақ оны тірідей сатсақ деп едік.

– Тірідей алмаймыз. Бір «алқашты» мың теңгеге жалдасаңыз, әдемілеп сойып, терісін сыпырып береді ғой.

– Бас терісімен, құлақтарымен түгел болуы керек дегенді естіген едік. Екінің бірі теріні ондай етіп сыпыра алмайтын шығар…

– Оның түк те қиындығы жоқ. Кәдімгі мал бауыздаған сияқты тамақ астынан орып, терісін тұмсығынан жоғары қарай және мойнынан төмен қарай сыдырып алады.

– Ал тері қабылдағанда қандай талап қойылады? Мысалы, оны сыдыр­ған кезде тіліп, жаралап алған болса, бағасын төменге ұрып әурелемейсіздер ме? Еркек есек пен ұрғашы есектің, қодық, тайқарлардың терілері әртүрлі бағаланады дейді ғой? Жалпы, өткізілетін терінің көлемі қандай болуы керек?

– Бірден айта кетейін, тері жасы 3-тен асқан есектікі болуы тиіс. Одан кіші есектерді союға рұқсат жоқ. Жалпы, қодықтардың терісі арзанға бағаланады. Ересек есектердің терілерінің бағасы бірдей. «Размер» өлшемейміз.

– Теріні қайда қабылдайсыздар?

– Осы телефонға хабарласыңыз, мен тиісті адамдарыма айтамын, олар өздері барып әкетеді.

– Алыс ауылдарда, тіпті басқа облыста болса ше?

– Бәрібір. Бізге қай жерден әкету керегін айтсаңыз болды, жігіттер өздері барады. Әйтпесе келісіп, автобусқа салып жібересіз, жігіттер күтіп алып, ақшасын сол автобустан беріп жібереді. Есептесуде проблема болмайды.

…Міне, есек терісін қабылдайтын адаммен арада осындай әңгіме болды. Айтуынша, бұл азаматтың өзі Алматы облысының бір ауылында тұрады екен. Оның қай ауыл екенін, өздерінің жиналған теріні қайда апарып өткізетінін айтқысы келмеді.

Осыдан кейін біз есек терісін алатындарды өз бетімізбен іздеп көрдік. Бір қызығы, Шымкенттегі тері алатын біраз нүктелерге барғанымызда ондағылар есек терісін қабылдамайтындарын айтты. «Есек терісін ешкім де алмайды. Ол әшейін жұрттың аузындағы алыпқашпа сөз ғой», – деген жауап естідік.

Есекке ерекше құмарлар бар

Ал есек терісінің өтімді тауарға айналу сырын біз ғаламтордан білдік. Оны расында да Қытайға өткізетін сияқты. «Азаттық» радиосына берген сұхбатында Қытайдағы «Конфуций» институтының  Минчжоу Линин есімді қызметкері бұл елде есектің еті мен терісі ежелден шипалық қасиеті бар деп саналатынын айтыпты. Яғни оның терісінен дәрілік заттар алатын көрінеді, ал еті витаминдер мен минералдарға бай құнарлы азық саналады екен.

«Қытай емшілері осыдан екі мың жылдай бұрын есек терісінен алынған дәрілер қаназдықтан қорғайтынын, ағзаның қорғаныс қабілетін арттыратынын анықтаған, – депті Линин. – Оны бедеу әйелдерге қолдануға да кеңес беріледі. Әсіресе бізде «эцзяо» деп аталатын дәріге сұраныс күшті. Ол негізінен әйелдер косметологиясында пайдаланылады, теріні жақсартып, жасартады. Оны құрғақ жөтелге, бас айналуына қарсы, суықтап ауыр­ғанда пайдалануға да болады».

Түсінгеніміз, бүгінде жоғарыда аталған эцзяо Қытайда шығарылатын өсімдік шайларының көбінің құрамында болады екен. Ал оны өндіру үшін Қытайда көптеген есек фермалары ашылыпты. Алын­ған өнім бүгінде Шығыс Азия, Еуропа елдеріне, АҚШ-қа көптеп экспортталады деседі. Жыл сайын төрт-бес тонна эцзяо шығарылады, ол үшін жылына 1 миллионға жуық есек сойылады екен. Сондықтан бұл елде есек басы кеміп кеткен. Осыған орай есектің құны да артқан. Мысалы, Қытайда қазір бір есектің құны 3000 юань (463 доллар) тұратын көрінеді. Сол себепті бұрын жылқы, сиыр өсірумен шұғылданып келген біраз фермалар енді шаруашылық бағытын өзгертіп, есек бағуға көшіпті. Олар тері өткізуден бөлек, есек еті мен сүтін өңдеуді жолға қоюда.

Осы орайда Қытайға өткізілетін есек импорты да қызып тұр екен. Оған Үндістан мен Пәкстаннан есекті тірідей өткізсе, Ресейден, Украинадан, Тәжікстаннан, Қазақстан мен Қырғызстаннан тері өткізу жолға қойылған. Ал іргеміздегі Қырғызстанда есек шаруашылығымен үш фирма арнайы айналысуда, оның екеуі қытайлық кәсіпкерлерге тиесілі екен.

Т. ТҰРАН

www.zamana.kz

[:]