[:kz]
Бұдан біраз жыл бұрын денемді беті суланған бөртпе басып кеткені бар. Бұрын-соңды аллергия, жара мазалап көрмеген басым, не істерімді білмедім. Үйдегілер: «Жақпайтын бірдеңе жедің бе? Не ұстап едің?» – деп сұрап әлек. Артық ештеңе жеп-ішпеген, зиянды затқа қол тигізбеген де секілдімін. Содан өзімше ем жасағансып, тұз су мен жолжелкен тұнбасына шайындым. Бөртпелердің қышуы аздап басылғандай еді, бірақ ертеңіне қайта өршіп шыға келді. Содан үшінші күн дегенде дәрігердің алдынан табылдым. Әуелі қолдарымды, сосын бет пен мойынды мұқият қарап отырған дәрігер ара-арасында сұрақ қояды.
– Не жеп едіңіз?
– Күнделікті өзім әзірлеп жүрген тамақ қой.
– Отбасыңыздағылардың ешбіріне мұндай жара шықпады ма?
– Жоқ.
– Цитрусты жемістер, сусындар ше?
– Ондай да ішпедім.
– Аллергия мазаламай ма?
– Жоқ.
Содан дәрігер: «Цемент, әк ұстамадыңыз ба?» – дегенде барып үстімдегі бөртпенің неден қаптағанын түсіндім.
Қыс қайтып, күн жылынғаннан ауылдағы әйелдер үйін ақтап, тазалап алғысы келеді. Мен де жылдағы әдетіммен осы шаруаға кіріскенмін. Әшейінде көктемде бақандай жеті бөлмені екі күнде әктеп, төсеніш, кілем мен паластарды жуып қоятын едім. Бұл жолы әйтеуір үй әктеу созылып, жазға қалып қойды. Онсыз да ыстық бөлмелердің есік-пен терезесін жауып тастап, керектінің барлығын қасыма жинап, әктей бердім. Ақталған бөлмеге сырттан ауа кірмеуі керек. Әйтпесе қабырғалар айғызданып, ала-құла болып қалады. Тер мен шаңның шыдатпағанына қарамай, бөлмеден-бөлмеге ауысып жүріп тірлікті де бітірдім. Тер басса да кіріп-шығып суықтадым ба, тозаңнан денем түршікті ме, сол күні кешке денеме бөртпелер шығып кетті.
Осыны түгел дәрігерге айтып едім: «Онда бұл есекжем болды ғой», – деді. Қазір дәрілер, жақпалар жазылған қағазды қолыма ұстататын шығар деп ойлағанмын. Жоқ, олай болмады. Тері аурулары маманы болса да ол кісі де әйел, әрі ауылдың келіні.
«Мұның ең оңай және сенімді жолы – кәдімгі есекке етекке салып жем жегізу. Ырымы солай», – деп күліп қарап тұр. Мұндайды бірінші рет естіп тұрған соң таңқалдым. Сонда да удай қылып сатып алған дәрілерді ішіп, жақпаларды қол тисе қышудан тоқтамайтын теріме жаққанша осы дұрыс-ау деп рахметімді айтып, шығып кеттім.
Содан емделу жолын жақындарыма айтып, есек іздеуге кірістік. Жайшылықта ауылда бұл жануарды көп дейміз ғой. Солай ойлап, екі келі бидай алып, есегі бар-ау деген бірнеше үйге соқтық. Бірінші барған үйдің егесі есегін сатып жіберіпті. Одан кейінгі ауылдасымыз ұрлатып алғанын, бірақ Күлтөбеде екі-үш доңбайы (кей жерлерде есекті осылай атайды) бар кісіге баруымызды айтып, жөн сілтеп жіберді. Есекжем шыққан адам әйел болса, ол аталығы – әңгіге, ер кісі болса мәшіге жем беруі керектігін де ескертті. Онсыз да таптырмай тұрған есекті енді жынысына қарап іздеу тіпті састырды. Күн болса қайнап тұр. Терлеген сайын үстім біресе қышып, біресе ашып мүлде жайсыздандырды.
Әлгі кісі айтқан кісінің шаңырағына да келдік. Екі көзім оның қорасында. Көліктің «сигналын» қанша бассақ та ешкім шыға қоймады. Кіріп барайық десек, итінен қорықтық. Бір кезде үлкен қария есіктен көрінді.
Мән-жайды түсіндіріп едік, сөзге келген жоқ. Дереу немерелерін жүгіртіп жіберді. Олар тоғайдағы есектерін сүйрелеп келіп, қораға байлап қойды.
Осы сәтті тағатсыздана күттім емес пе? Лезде халатымның етегіне барлық бидайды аударып жіберіп, екі әңгіге кезек-кезек жем беруге кірісіп кеттім. Ата немерелерімен қызықтап қарап тұр. Мен де тура қазір бөртпелер жазылып кетердей мәзбін.
Ертеңіне денемдегі жара біртіндеп төгіле бастады. Сөйтіп бар-жоғы екі-ақ күнде қайтып кетті. Содан бері бұл ырымға сеніп алғаным бар.
Жалпы, есекжемді, оның осындай бір сертінің барын білетін қыз-келіншектер де арамызда жетерлік екен. Солардың бірқатарымен сөйлесіп едік.
«4-сыныпта оқитын баламның саусағына суланып жара шықты. Жара бұған дейін де мазалаған. Дәрігерге қаралып, мазь жақсақ кетеді. Бірнеше айдан соң қайта пайда болады. Екінші жолы жара шыққан соң ұлымды сурет салудан тиып тастадым. Өйткені ермексаз, бояу, қарындаштармен тым жиі жұмыс істейді. Оның құрамында жақпас бірдеңе аллергия тудырып жатыр ма деп ойлап, алдыңғыдай ем-шарамызды тағы жалғастырдық. Жазылды. Өткен жылдың желтоқсан айының басында жара қайта көрінді. Бұл жолы тері дәрігеріне емес, балалар доқтырына бардық
Ол ұзақ та тексермеді. Бірден «есекжем» деп, қазақшылықпен емделсек, бұдан қайтып бөртпені көрмейтінімізді айтты.
Үйге келіп, есек табудың әрекетіне кірістік. Шымкенттен есек оңай табылсын ба?
Сұрастырып көріп едік, жолдасымның жұмысындағы бір кісі Сайрамда өзбек көп, сол жаққа барыңдар деп кеңес беріпті. Көше аралап кетсек те қалайда табамыз деп әкесі екеуміз баланы алып Сайрамға аттандық. Кездескен адамдарға «есегі бар үй іздеп жүр едік» десек, біртүрлі қарайды.
бір өзбек азаматының қорасынан бір-ақ шықтық. Ұлыма қызыл түсті көйлекті қарсылығына қарамай кигізіп, етегіне жем салып бердік. «Тағы неше рет келуіміз керек?» – деп үй иесінен сұрап қоямын. Біз секілділер жиі бас сұғып тұра ма, әйтеуір қара есек бізден үрікпей, күтірлетіп жемді жеп тауысты. «Енді келмесеңіздер де болады. Жазылып кетеді, Алла қаласа», – деді үй қожайыны менің қойған сұрағыма.
Содан бері баламның қолы дұрысталып қалды. Негізі есекжемнің түрі көп екен. Кейбірі жақпалардан көрінбей кетсе, біздің жағдайдағы жара қазақы ырымның арқасында қайтты», – дейді шымкенттік Қарақат есімді әпкеміз.
…«Күйеуімнің денесіне жара қаптап, онысы қышып қоймаған соң дәрігерге бардық. Ол тері маманына жіберді. Жүре беруге жолдасым шыдай алар емес. Сөйтіп үлкен ағайымыздан мұның есекжем екенін білдік. Ағамыз: «Дәрі жағып үлгере берерсіңдер. Алдымен қызыл көйлек киіп, аталық есекке жем жегізу шарт», – деді. Мұны естіген жолдасым сенбей, біраз бұрқылдап, кейін денесі дуылдап сала беріп еді, Алматы қаласын есек іздеп шарлап кетті ғой. Бірақ Алматыдан іздегеніміз табылмаған соң Талғарға аттандық. Әлгі жануары бар бір ұйғыр кісіге ісіміз түсіп, жайымызды айтып едік, жолатпады. «Жемнің ішінде у бар шығар? Есегім өліп қалса ше? Қой, керегі жоқ», – деп тулап кетті. Енді не істерімізді білмей тұрғанда таныс апайым хабарласып қалды. Сол кісінің айтысымен Ават деген ауылға тартып кеттік. Түсінігі бар, ұлты түрік жігіт рұқсат беріп, әңгісі үш күн бойы ерімнің етегінен бидай жеді. Екінші тәулікте-ақ жараның азайғаны байқалды. Ем-шарамыз аяқталған соң алғысымызды айтып, қалаға қайттық. Ешқандай дәрі не жақпа пайдаланбадық. Тек мешітке барып, дем салдырып, ұшықтаттық. Көп өтпей күйеуімнің денесі жарадан құлан-таза жазылды. Кім біледі, бәлкім бұл ырымды құлағымыз шалмағанда әлі күнге дейін әбіржіп жүрер ма едік?» – деп сөзін аяқтады алматылық Шырын апай.
Қазір медицина саласының дамыған уақытында адамдар ескілікті ем түрлеріне аса сене бермейді. Әрине, дәрігердің нұсқауымен ем алу жақсы ғой. Десе де кейде медицинаның күші жетпеген дерттерді қазақшылық жолмен жеңіп, сауығып кеткен жандарды талай көріп келеміз. Осының бір дәлелі – жоғарыдағы жағдайлар.
zamana.kz/
[:]