АЛТЫНОРДА
Блог Гайнижамал Шекей

«Ешбір елде дезинфекциядан өлмеп еді…»: Алматы көшесінде көгершіндер қырылып жатыр

[:kz]

Комитет өкілі құстардың қырылу себебі зерттеуден кейін ғана жарияланатынын ескерткенмен, желі қолданушылар бірден оған қатысты өз болжамдарын айтып әлек.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет Алматы орталығында көгершіндердің қырылып жатқанын мәлімдеді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Бүгін бізге Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында жансыз жатқан әрі әлсіреп құлаған көгершіндерге қатысты фото мен видеоматериалдар келіп түсті.

Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Алматы облысы бойынша Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының мамандары жауапты мемлекеттік органдармен бірлесіп, көгершіндерді тексеру үшін лабораториялық зерттеу жүргізгелі жатыр», — деп жазды Сәкен Ділдахмет facebook парақшасына.

Комитет өкілі құстардың қырылу себебі зерттеуден кейін ғана жарияланатынын ескерткенмен, желі қолданушылар бірден оған қатысты өз болжамдарын айтып әлек.

«Дезинфекция!», «Көгершіндер ешбір елде дезинфекциядан өлмеп еді. Тек Қазақстанда солай болғаны өкінішті», «Егер улы химикаттан қылжиған болса, оларды не қырғи, не мысық жей алмайды ғой. Бірге қырылып қалмаса» дегендей пікірлер легі толассыз.

Бір жағынан, желі белсенділерінің болжамы шындыққа жанасып-ақ тұр. Дегенмен, көгершіндердің нақты неден қырылғанын арнайы мамандар анықтау үстінде.

[:]