[:kz]
Бұл видеоны түсірген адам оны мақсатты түрде жасады деп ойлаймын.
Автобусты шыр айнала жүгіріп, оның ішіне кіре алмай шарқ ұрған балалардың видеосы әлеуметтік желі арқылы тарап жатыр, деп хабарлайды, Skifnews.kz ақпарат порталы.
Видеода мектеп автобусына кіре алмаған балалар оны шыр айнала жүгіргенін байқамау мүмкін емес. Балалар автобус ішінде отырған шопырдан есікті ашуды өтінеді, Ал жүргізуші болса, бірдеңені шұқылап, балалардың өтінішін елемейді.
«Видеода біздің — Астана қаласындағы №69 мектеп-гимназиясының автобустары. Менің балаларым да күн суықта жүргізушілер автобусқа отырғызбай қоятынына талай шағымданған. Бұл дұрыс па? Мүмкін мектеп әкімшілігі бұл мәселеге назар аударатын шығар», — делінген видео сипаттамасында.
№ 69 мектептің әкімшілігі мұның бірер күн бұрын кешкі уақытта болғанын түсіндірді.
«Балалар мұғалімнің рұқсатымен сыртқа дем алуға шыққан. Ешкім оларды мектептен қуып шыққан жоқ. Біз қайтатын балаларды әрдайым ертіп шығып, бірінші қабаттан қадағалаймыз. Видеоны түсіріп жатқан ер адам олардан айқайлауын сұрайды. Бұл видеоны түсірген адам оны мақсатты түрде жасады деп ойлаймын», — деді оқу ісінің меңгерушісі Жұлдыз Рахметова.
Оның пайымдауынша, видео әдейі түсірілген.Осы оқиғадан кейін ата-аналар балаларымен бірге мектепке жиналысқа шақырылыпты. Жұлдыз Рахметованың сөзіне сенсек, ата-аналар бұл оқиғаға қатысты шағымдары жоқ екендігін айтып, жазбаша қолхат қалдырған. Сондай-ақ, автобус жүргізушісі сол уақытта жеке іспен шұғылданбағанын атап өтті.
[:]