[:kz]
Айтуларынша, қызқұмар басшы төсектен бас тартқан жұмысшылардың соңына түсіп, келіспегендерге қысым көрсетеді екен.
Алматы облысының Есік қаласындағы ақыл-есі кем науқастарға арналған орталықтың медбикелері директорын «Ішімдікке сылқия тойып, қызметкерлеріне қол жүгіртеді» деп айыптады, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы КТК арнасына сілтеме жасап.
Айтуларынша, қызқұмар басшы төсектен бас тартқан жұмысшылардың соңына түсіп, келіспегендерге қысым көрсетеді екен. Алайда «Аманат» арнаулы қызмет көрсету орталығының басшысы бұл айыпты мойындамады.
Эльмира Асқарова білдей басшының қызқұмар қылықтарын жалпақ жұртқа жария етуге бел буған. Алматы облысындағы ақыл-есі кем науқастарға арналған орталықтың медбикесі директордың қыз-келіншектерге қол жүгіртіп, жыныстық қатынасқа тартатынын айтады. «Көзіне түскенді кабинетіне шақырып, ішімдік ішуге мәжбүрлейді» — дейді шыр-пыр болған қызметкер.
«Кабинетіне шақырып: «Кел, ішіп қояйық» деді. Мазақ қылды. «Ұлттық асханада боласың ба?» деп. Мен үйде емеспін. Неге жасап алып келу керекпін? Жыладым да, кабинетінен шығып кеттім. «Тоқташы» деді. «Бір айналып жіберші» дейді. «Фигураңды көрейін» дегендей. Тікелей басшыма барып, жыладым», — деп ақтарылды медбике Эльмира Асқарова.
Қарамағындағы қызметкерлерді палатада емес, төсекте көргісі келетін басшы, әсіресе ажырасқан немесе күйеуі қайтыс болған жалғызбасты келіншектерге қырғидай тиеді дейді медбикелер.
«Кабинетке кірсем, іш-киіммен отыр. «Енді не істейміз? Бастаймыз ба?» — дейді. «Нені? дедім. Ол бірақ бой бермей, шашымнан ұстап бас салды. Есін білмейтін мас. Итеріп жіберіп, алды-артыма қарамай қаштым. Сосын жылап, әріптестеріме айттым. Бұл деген барып тұрған бассыздық қой», — деді медбике Айнұр Керімова.
Есік қаласындағы «Аманат» арнаулы қызмет көрсету орталығына жаңа басшы ақпан айында келген екен. Содан бері жұмысшылардан маза кетіпті. Күшейтілген карантинде «артығымен жұмыс істедік» деген наразы топ айлықтың қысқарғанына да қапалы.
«Біздің айлығымыз ай сайын төмендеп бара жатыр. Бухалтерияға барсақ, «Бедный месяц» дейді. Сонда қалай, мемлекетте айлар «бедный», «богатый» боып бөліне ме? Айтқан сөзінде тұрмады. Бір айлық берем дегеніне. Эльмира деген қыз жылап келгеніне өзім куәмін. Кешкі сегізге бастық шақырды деп. Сол кезде айттым, мен сенімен барайын деп. Жұмыстан шығарса, шығара берсін», — деді бақылаушы-санитар Айдар Сәменов.
Басшылықтың бассыздығын айтқан медбикелер бас прокуратура, еңбек инспекциясы мен жауапты министрлікке арыз жазыпты. Ал аурухана басшысы Мақсат Бекетаев өзіне шаң жуытқан жоқ. «Қол астымдағы қызметкерлер күшейтілген талапқа көнбей, негізсіз жала жауып отыр» — дейді ол.
«Бәрі жала. Бәрі өтірік. Мынаны екі-үш адам ұйымдастырып жасап отыр. Жұмысты талап еткен соң, мүмкін жаза бастады. Мен сотқа берейін деп жатырмын. Сот бәрін анықтайды. Қаржы полициясы бәрін тексеріді, сосын өздері шешім шығарады. Айлық туралы айтқандары да өтірік», — деп ақталды Есік қаласы «Аманат» арнаулы қызмет көрсету орталығының басшысы Мақсат Бекетаев.
Есік қаласындағы ақыл-есі кем адамдарға арналған орталықта 500-ден астам науқас бар. Ал оларға 300-ге жуық медициналық маман қызмет көрсетеді. «Құқығымыз тапталды» деген қызметкерлер құзырлы орындарға екі ай бұрын шағымданыпты. Ең сорақысы, олардың жанайқайына әлі күнге дейін ешкім назар аудармаған. Орталықтың қызметкерлері қызқұмар басшымыз бассыздығын тоқтатпаса, базынамызды мемлекет басшысына жеткіземіз деп отыр.
[:]