АЛТЫНОРДА
Қоғам

[:kz]Есінен ауысқан сарбаз туралы: Оны 8 күн бойы қинап, құлағын тесіп “әйел етіп аламыз” деп қорқытқан (ВИДЕО)[:]

[:kz]

 

Қызылорда облысы Арал ауданында тұратын Ренат Жеткергенов әскерге сау кетіп, үйіне есі ауысып келген. Бұл туралы “Адырна” ұлттық порталы Астана телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Ренаттың әскердегі досы батылдық танытып, шын мәнінде әскерде не болғанын айтып берді.

Қазіргі таңда Ренаттың әскерден осындай күйде келуіне байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр.

ҚР Қорғаныс министрлігі 19 жастағы жігіт әскерде зорлық-зомбылық көрді дегенмен келіспейді. Басында оқиғаға қатысты пікір білдіруден ат-тондарын алып қашқан әскерилер енді жағдайды түсіндіріп берді.

Еске салсақ, бұған дейін Ренаттың жақындары ұлдарының әскерден есінен алжасып қайтқанын айтып, дабыл қаққан.

Әскерден қайтуына 8 күн қалғанда Ренатты төрт әскери әкеп тастаған. Әскерилердің бірі Амангелді Көпжанның айтуынша, Ренаттың киімі бүтін болған, аяғына ыңғайлы болу үшін жаздық аяқ-киім киген. Себебі, бұған дейін оның жақындары Ренатты көргенде оны танымай қалғандарын айтқан.

Әскеридің айтуынша, әкесі Ренаттың денсаулығы туралы білмеген. Оны күтіп алуға ағасы келген.

– Ол жерде сол кісінің ағасы болды Бақтияр деген. Сол кісі айтады да: «бір әулие бар деп. Мен сол әулиеден қоңырау шалып сұрадым. Сендер оны қамағансыңдар, ұрғансыңдар, сосын есінен алжастырып жібергенсіңдер» дейді. Ұрып жіберсек ол жерге барып не қыламыз? – деді дивизион командирінің ТЖИЖ бойынша орынбасары Амангелді Көпжан.

Ақтау қаласындағы 25/744 Теңіз жаяу әскерлері бөлімінің қызметкерлері «баланы ұрмадық» дейді. Тіпті оны дәлелдеу үшін оны медициналық тексеруге алып барайық деп ұсыныс та жасаған. Бірақ Ренаттың жақындары оған құлақ аспай, оларды сұрақ астына алған.

Бұған дейін жігіттің әскерге қабылданған кезінде денсаулығы жақсы болғаны айтылған. Оның әскерге қалай қабылданғаны туралы аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің басшысы айтып берді.

«Облыстық комиссияның  қорытындысы бойынша «А» белгісімен, яғни жарамды болып өтті. Бірінші сатыдағы жарамды бала. Психологиялық тестілеуден де жақсы өткен» дейді Қызылорда облысы Арал аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы Бауыржан Қуатов. 

Әскери бөлім қызметкерлері мен Қорғаныс министрлігі не десе де Ренаттың әскерде бірге болған қарулас досы мүлде басқаша мәлімдеме айтты. Оның айтуынша, Ренат әскерден үйге қайтуға бір апта қалғанда командирлермен сөзге келісіп қалған. Кейін мүлде көрінбей кетіп, тек қайтатын кезде пайда болған.

– Сөзге келіп қалған күннен бастап Ренатты алып кетті бөлімнің сыртындағы казармаға. Содан бастап Ренатты бір апта көрмедік. Пойызда көрген кезде Ренат басқа жағдайда болды. Баяғы бір жыл қызмет кеткен Ренат жоқ. Түрі басқа, танымай қалдық оны, – дейді Ренаттың әскердегі жолдасы Бекарыс Таңатаров.

Туыстарының айтуынша, әскерде оны 8 күн бойы қинаған. Оны тіпті «есі ауысқан» Ренаттың өзі де абайсызда айтып қалған. Құлағын тесіп, «әйел етіп аламыз» деген көрінеді.

Бұл жағдайды естіген 19 жастағы жігіттің ата-анасы тиісті органдарға шағым түсірген. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.

«Қылмыстық іс аясында тиісті сараптамалар жүргізіліп Ренат Жеткергеновтың туыстарының барлық тұжырымдары мұқият тексеріледі. Сондай-ақ тергеудің толықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етуге бағытталған басқа да тергеу іс-шаралары жүргізілетін болады» деп мәлімдеді ҚР ҚК әскери полиция басқармасы басшысының орынбасары Бекен Шынтілеуов.

Еске салсақ, бұған дейін Қызылорда облысында әскерден келген 19 жастағы жігіттің есі ауысқаны туралы айтылған. Белгілі болғандай, бұл Ақтаудағы 25/744 әскери бөлімінде болып отырған бірінші жағдай емес.

“Адырна” ұлттық порталы

 

[:]