АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]«Гастарбайтер» қазақтар[:]

[:kz]

Қазақстандықтар Оңтүстік Кореяға неге құмар?

Таяуда Оңтүстік Корея мемлекеті 725 қазақстандықты ел аумағынан шығаруға шешім қабылдап, оны көп ұзамай іске асырғаны белгілі. Себебі олардың бұл елге заңсыз барғаны анықталған. Жалпы, Кореядан қуылғандар саны өткен жылғымен салыстырғанда біршама көп, яғни 2017-жыл бойына  Оңтүстік Кореядан 615 қазақстандық депортацияланса, биылғы жылдың 8 айындағы көрсеткіштің өзі одан біршама асып тұр екен.

8 айда 40 мыңға жуық адам барыпты

Сыртқы істер министрлігінің мәліметтеріне қарағанда, биылғы жыл басынан өткен тамыз айының соңына дейінгі аралықта Оңтүстік Кореяға 38 мың 575 қазақстандық барған екен. Соның ішінде шілде айында ресми тіркелгендердің қатары 19 мың 11 адамды құрайды. Ал осынша жанның 11 мың 561-і Оңтүстік Кореяға заңсыз өткендер болып отыр.

 

Кәрістер жағы өткен қазан айынан бастап алдағы 2019-жылдың наурызына дейін «жасыл дәліз» режимін ендіріпті. Яғни олар мемлекетте заңсыз жүргендерге осы уақыт аралығында Оңтүстік Кореядан өз еркімен кетуге мұрсат беріп отыр. Осы уақытқа дейін заңсыз жүргендер өз елдеріне оралып, заңды түрде виза алуы тиіс.

 

Айта кетейік, Оңтүстік Кореяға туристік, іскерлік сапарлармен, тіл үйрену, оқу және емделу үшін баруға болады. Бұлардың әрқайсысы үшін шектеулі уақытты қамтитын арнайы визалар беріледі. Ал жұмысқа виза тек этникалық кәрістерге (оның да өз тәртіп, ережелері бар) және сол елдегі кәсіпорындар тарапынан сұраныс бар жоғары санатты мамандарға арнайы шақырту алған жағдайда ғана беріледі.

 

Күніне 90 доллар табыс табады екен

 

Дегенмен туризмді, тіл үйрену, оқуды сылтауратып барып, Оңтүстік Кореяда жылдап жүрген қазақстандықтар көп. Тіпті отбасымен, 20 – 30 адамнан бірігіп, ауылдастарымен жүргендер бар. Оларды Корея жеріне тартып тұрған – ондағы айлық жалақының жоғарылығы.

 

Сол жаққа барып жұмыс істеп қайтқан кей азаматтардың айтуынша, күніне орта есеппен 90 – 100 доллар табыс табуға болады. Мұны өз валютамызға айналдырсаңыз, қомақты қаржы шығатыны аян. Сондықтан да Оңтүстік Кореяға барып, 1 жылға жетер-жетпес уақытта көлік иеленіп, үй салып алатын ақша тауып келгендер бар. Олардың бір-екеуінің айтқандарын біз кезінде газетімізде жазғанбыз.

 

Бұл елде зауыт, фабрикаларда, үлкен кәсіпорын­дарда слесарь, электрик, монтер сияқты  сұранысқа ие кәсіптер бойынша жұмыс істейтіндер бұдан да көп табыс табады деседі.

Визасыз режимге кесірі тиюде

Оңтүстік Корея мен Қазақстан арасында 2014-жылдың қараша айында арнайы келісім жасалған. Ол бо­йынша қазақстандық азаматтар Оңтүстік Кореяда 30 күн бойы визасыз, ресми жұмысқа шақыртусыз жүре алады. Бірақ осы 1 ай уақыт біткесін Кореядан кетуі тиіс, қажет болса, елге оралып, ол жақта заңды түрде жүруге мүмкіндік беретін виза ашқызуы керек.

 

Дегенмен жалақысы жоғары жұмыс іздегендердің көбі ол жаққа есебін тауып жетіп алғасын түрлі жұмыстарға орналасып, бірнеше айлар, жылдар бойы заңсыз мигранттар қатарында жүріп қалады. Олардың қатарында негізінен жастар көп. Жігіттер кәріс бозбалаларының үлгісінде шаш қойып, оны бояп, қыздар шашын қидырып, келте «шорты» киіп дегендей, түр-сипатын жергілікті адамға келтіріп, зауыт-фабрикаларда, егіс далаларында еңбек етіп жүр. Жолы болғандары едәуір табыспен оралып, ал заң бұзғаны үшін ұсталып қалғандары елден қуылып та жатыр.

 

Екі ел арасында 30 күндік визасыз режим ендірілген бастапқы кезде Оңтүстік Кореяда қазақстандық заңсыз мигранттар қатары 359 адам болса, арада екі жыл өткенде ондайлардың қатары 5700-ге жетіпті. 2016-жылдың 1 тоқсанында ғана бұл елден 418 қазақстандық заңсыз мигрант ретінде депортацияға іліккен. Олармен бірге жазықсыз жазаға ілігіп кеткендер де болды. Яғни туристік сапармен барып, мақсатын дұрыстап түсіндіре алмаған біраз адамдар осындай жағдайға тап болды. Бұған қатыс­ты еліміздің Сыртқы істер министрлігінің Оңтүстік Кореяға наразылық жолдағаны да жұрттың есінде.

 

Мұндай түсініспеушіліктер 2017-жылдың басында да жиілеп кеткен болатын. Себебі сол кезде кәрістер жағы заңсыз мигранты бар, турисі бар, біраз адамдарды әуежайда, жертөлелерде қамап ұстаған еді.

Бүгінде Оңтүстік Кореяға барғандар әуежайдан түскен бетте арнайы сұхбаттан өткізіледі. Ол Оңтүстік Корея миграциялық қызметі өкілінің қойған сұрақтарына нақты, өтірік қоспай жауап беруі тиіс, бару  мақсатын (туристік, іскерлік сапар, оқу-білім алу, емделу, туған-туыс, дос-жаранда қонақта болу, тағы басқа) түсіндіріп, өзінің уақытша тоқтайтын жерін көрсетеді. Өзінде паспорттан бөлек, көрсетілген уақыттан кейін кері қайтатынын дәлелдейтін ұшақ билеті болуы керек. Оған сол жерде нақты мәліметтер енгізілген иммиграциялық карта толтырылады.

 

Қысқасы, биылғы жылдың басынан бері Оңтүстік Кореяда заңсыз мигранттармен күрес күшейіп тұр. Жоғарыда айтылған «жасыл дәліз» режимін елемей, ол елде заңсыз жүре беруді шешкендер ұсталған жағдайда олар­ға біздің ақшаға шаққанда 6,5 миллион теңге айыппұл салынады, олар Оңтүстік Корея жеріне кіру құқынан 10 жылға айырылатын болады. Ал әзірге ұсталғандар ондай шара қолданылмай, тек депортацияланып жатыр.

 

Дегенмен мұның екі ел арасында орнаған визасыз режимге тигізіп жатқан өзіндік зияны да жоқ емес. Корея­лықтар кейде оның күшін жою жөнінде айтып та қалады, тіпті біржақты түрде оның күшін жоюы әбден мүмкін деп те жүргендер бар.

Кореяда қайтыс болыпты деседі

Оңтүстік Корея – Азиядағы дамыған елдердің бірі, табиғаты да тартымды. Сондықтан оған әлемнің түкпір-түкпірінен жұмыс іздеп барушылар көп. Бұл елге Қазақстаннан бөлек, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Монғолия мен Ресейден де еңбек мигранттары көп барады. Дегенмен солардың ішінде басым бөлігін Қазақстаннан, оның ішінде елдің оңтүстік аумақтарынан жақсы жалақы іздеп баратындар құрайтын көрінеді.

 

Ал өмір болған соң түрлі жағдайлар орын алып жатады. Мысалы, таяуда Оңтүстік Кореяда өскемендік бір отбасының ауыр дертке ұшыраған 5 жасар баласының қайтыс болғаны белгілі. Сонда оның денесін әкелуге мемлекеттің араласуына тура келді. Дененің мәйітханада жатқан әр күні үшін 90 доллардан төлеу керек болып, басқа да шығындары бар, Корея жағы баланың ата-анасынан 90 мың доллар талап етті. Бұл қаржыны жұртшылық болып жинап, арнайы қордан ақша аударып, ол кісілерге көмек көрсетілді.

Оның алдында да бір қазақстандық азаматтың Оңтүстік Кореяда қайтыс болғаны туралы жарияланған еді. Оның да мәйітін жеткізу үшін туыстары қыруар қаражат жұмсауға мәжбүр болғаны туралы айтылды. Жалпы, Оңтүстік Корея­мен дипломатиялық қарым-қатынапстар орнаған сонау 1990-жылдардан бері ондай жайсыз оқиғалардың бірнешеуін естідік.

Негізінен Оңтүстік Кореяға жұмысқа баратындардың көбі заңсыз мигранттар қатарын толықтыратыны белгілі. Олар жұмысқа орналасқанда жұмыс берушімен өзара келісім-шартқа тұрмайды, бірдеңеге ұрынып қалмасына кепілдік жоқ. Сондай-ақ оларда медициналық сақтандыруға қатысты құжаттар болмайды. Ал ол жақта сақтандыру полисі жоқтарға көмек көрсетілмейді екен. Яғни денсаулыққа, өмірге қатер төнген жағдайда өзіне ғана сенуге тура келеді.

…Таяуда «Уатсапта» біреулер 1989-жылы туған қазақ қыздың жеке куәлігінің көшірмесін жариялады. Ол «Фейсбуктен» алынған сияқты. «Мына қызды танитындарыңыз бар ма? Кореяда «моргте» дейді», «Шым­кенттік екен. Таратыңыздаршы!» – деп жазылған. Ал мұны «Уатсапта» таратушылар: «Шымкент­тің қызы екен. Кореяда қайтыс болыпты. Ата-анасын таппай жатыр екен. Таратыңыздаршы!» – деп жазыпты.

 

Бұл хабардың қаншалықты рас екенін біз білмедік. Дегенмен мақала Оңтүстік Кореядағы қазақстандықтар туралы болып отырғасын бұл жөнінде де айта кетуді ұйғардық. Өйткені ол әлеуметтік желілерде таралды. Анық-қанығы алдағы уақытта белгілі бола жатар деген ойдамыз.

 

Ал әзірге оқырманды Оңтүстік Кореяда заңсыз жүрген отандастарымызға қатысты қандай жайлардың орын алып жатқаны туралы құлағдар етумен ғана шектеліп отырмыз.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

zamana.kz

[:]