АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Гелендвагенмен болған жол апаты: Қаза тапқан жігіттің туыстары 12 млн теңге талап етті[:]

[:kz]

Алматыда Гелендвагеннің қатысуымен болған жол апатынан қаза болған үш адамның бірі, марқұм Бақытнұр Құнапияұлының туыстары жүргізушіден 12 млн теңге талап етіп отыр. Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.

Қытайдан Қазақстанға ұшып келген Қалиқазы мен Аманғазы Құнапияұлдары қылмыстық іспен танысу үшін адвокатқа жолыққан.

Олардың айтуынша, күдікті Ильяс Кардың отбасы марқұмның қос ағасынан кешірім сұраған. Алайда зардап шегушілер өз талабын айтқан соң хабарсыз кетіпті.

«Бізге кешірім берсеңдер» деп жылап-еңіреп келгеннен кейін, жігіттің анасы оларға хабарласқан. Бір отбасыны бағып жатқан кәсібі бар азамат еді. Сосын біз 12 млн талап қылдық. Олар «Жұма күнге дейін жауап береміз» деп айтып, хат-хабарсыз кетті. Кеше түнде ол кісілерге хабарласқанбыз. Хабарлассақ, «Сотта бітіреміз» деп айтты», — дейді марқұм Бақытнұр Құнапияұлының ағасы Қалиқазы.

Сондай-ақ жол апатынан қаза тапқан азаматтың екінші ағасы кісі өліміне айыптыларды оңай кешірмейтінін айтты.

«Ол соманың ішінде көлік те, шыққан шығын да бар. Біз ең жеңіл талап қойдық. Біз оңай кешірмейміз. Жоғалған лаққа да төлем болады», — дейді Аманғазы Құнапияұлы.

Алмалы аудандық соты марқұмның ағаларына адвокат тағайындаған. Бірнеше күн ішінде орыс тілінде өтетін сотқа аудармашы да бекітілмек.

«Ол жерден шын мәнінде қашып кеткен. Бір күн жүріп, жаңағы алкогольдің бәрі бойына тарағаннан кейін қайтып келген. Ол туралы тергеуші айтады. Бірақ бізде басқа дәлелдер бар. Тергеушімен мен сөйлестім. Іспен таныстым», — дейді адвокат Ержігіт Нұртай.

Айта кетейік, қанды оқиға 29 желтоқсан күні Абай мен Сейфуллин даңғылдарының қиылысында орын алған. Бағдаршамның қызыл түсіне жоғары жылдамдықпен өтіп кеткен күдікті Ильяс Карр Mercedes Benz G55 автокөлігімен Mitsubishi Galant автокөлігіне соқтығысқан. Оған қоса, күдікті оқиға орнынан бірден қашып кеткен.

Апат нәтижесінде Mitsubishi Galant автокөлігінің жүргізушісі мен оның екі жолаушысы қайтыс болса, тағы бір азаматша  ауыр халде ауруханаға жеткізілген еді.

Сотқа түскен іс бойынша прокурор да тағайындалған және толық әрі объективті тергеу жүргізіледі.

Дереккөз: КТК арнасы

[:]