АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Германияда «Қымыз фестивалі» өткізіліп тұрады[:]

[:kz]

Германияның оңтүстік-батысындағы Баден-Вюртемберг федералдық жеріне қарасты Вальд­брунн атты шағын елді мекен бар. Тұрғындары 4 мың адамнан асады. Міне, осы Вальдбрунда жыл сайын мамыр айында «Қымыз фес­тивалі» өткізіліп тұрады. Оған Франкфурттен, Бухеннен, Хейдельбергтен және тағы басқа да аумақтардан адамдар қатысады.

 

Қазақстанда болған неміс тұтқыны негізін қалаған екен

Вальдбрунда Цольмандар әулетінің қымыз фермасы бар. Оның аты бүгінде Германияға ғана емес, бүкіл Еуропаға белгілі. Міне, осы фермаға қымыз ішу, оны өзімен әкету үшін жергілікті немістер ғана емес, германиялық қазақтар, тү­ріктер, Вальдбрунға жолы түскен туристер де барады.

Ал бұл ферманың өмірге келу тарихы мынадай екен:

Ұлы Отан соғысы кезінде тұтқынға түскен Рудольф Шторк есімді неміс солдаты Қазақстандағы тұтқындар лагерінде болыпты. Ол сонда жүріп туберкулезге шалдығады. 1950-жылдары Кеңес Одағы мен Германия арасында жылымық орнап, тұтқындар біртіндеп еліне жіберіле бастайды. Бұл кезде Рудольф кеселден әбден титықтап, өлер халге жеткен екен. Дәм-тұзы таусылып тұр, жолға жарамайды деп ойлаған жанындағылар оны өздерімен бірге әкете алмапты.

Лагерьде өлместің күнін кешіп жүрген Рудольфтің бағына қарай оған бір қазақ жолығыпты. Жергілікті қойшы көмекші керек деп оны лагерь күзетшілерінен сұрап алады. Бәрібір де адам болмайды деп ойлаған күзетшілер тұтқынды екі сөзге келмей әлгі адамға ілестіріп жібереді.

Қысқасы, әлгі қазақ азаматы Рудольф Шторкті қымызбен емдеп, дер­тінен құлантаза айықтырыпты. Сол кез­дері Рудольф еліне барғасын жылқы асырап, қымыздың ғажайып қасиетін зерттеуді ойға алған екен.

Ол Германияға оралғасын бірнеше бие сатып алып бағады, оның сүтінен қымыз ашытып ішеді, сусынды туыстарына, достарына, ауылдастарына ішкізеді. Ал олар болса ештеңені де түсінбей, Рудольфті тұтқында көрген азаптан есінен адасқан-ау деп ойлап жүріпті.

Дегенмен алған бетінен қайтпаған Р.Шторк  осыдан тура 60 жыл бұрын, 1959 жылы бие сүтінің емдік қасиеттері туралы диссертация қорғайды, сосын көп ұзамай Вальдбрунда жылқы фермасының негізін қалайды. Осы ферма көп ұзамай-ақ аяғынан тұрып, ерекше өнім түрін шығаруымен төңіректегі елге мәш­һүр болады.

Құрғақ қымыз, сабын, крем шығарады

Бүгінде Вальдбрундағы қымыз фермасы Р.Шторктің күйеу баласы Ханс Цольманның меншігінде. Фермада 400 бие бар, тең жартысы – құлынды биелер. Олар күніне 3 мезгіл сауылады.

Бұл ферма толықтай автоматтандырылған, жұмысын жалғыз адам қадағалап, жүргізіп отырады. Биелер есіктен кезегімен кіріп, сүт сауатын компью­терлендірілген автоматқа барады, жұ­мыс­тың бәрін сол атқарады. Ал жылқылар ауыстырмалы тәсілмен егіп-бапталатын балғын көк шалғынға жайылады.

Цольманның фермасы қымыз өн­дірумен ғана шектеліп қалмапты. Ол тасымалға ыңғайлы болуы үшін қымыздың ұнтақталған түрін де шығарған. Оны сумен араластырып ішуге де, кәдімгі нанға ұқсатып жеуге де болады екен. Бұл өнім бүгінде Еуропаның көптеген елдеріне шығарылуда.

Сонымен қатар Цольман әулеті қымыздан сабын, косметикалық заттар да жасап шығаруда, олар да бірқатар елдерге экспортталады.

Жалпы, бұл ферманың жұмысы жайлы түсірілген бейнежазбаларды әлеу­меттік желіден көруге болады. Солардың бірінде ферма қожайыны Ханс Цольман қонақтарды қарсы алып, ферма жұмысымен таныстырып тұр. Ол қымызды Қазақстаннан бастап, Сібірге дейінгі, Монғолиядан Қырғызстанға дейінгі аумақ тұрғындарының ұлттық сусыны деп атап өтеді, оның шипалық қасиеттерін медицинаның өзі мойындап, дәлелдеп отырғанын айтады.

Ол жақта қымыздың литрі біздің ақшаға шаққанда 7500 теңге тұрады екен. Түрлі сыйымдылықтағы шыны ыдыстарға құйылған сусынды, арнайы ыдыстарда шығарылған ұнтақталған қымыз бен косметикалық заттарды алыс жақтан арнайы келіп әкететіндер  баршылық көрінеді.

Ғаламторда бұл ферманың арнайы сайты да бар екен. Ол арқылы қымыз бен одан алынған өнімдерді ғана емес, жылқы мен оның құлындарын да сатып алуға болады.

Бұл азаматтар өз кәсібін осылай дөңгелентіп отыр екен. «Кумылак» деп аталатын өзіндік технологияларын патенттеп те алыпты. Қысқасы, бұл ферманың қымыз өндіру бойынша бүкіл Еуропада монополист болып отырған жайы бар. Олар қымызды Испанияның Милан қаласында өткен «ЭКСПО» көр­месіне де апарып таныстырыпты.

…Айта кетейік, Германия әкімшілік-аумақтық бөлінісі бойынша 16 жеке және жартылай тәуелсіз федералдық жерлерден (аймақтардан) тұрады. Әр аймақтың өз Конституциясы, Парламенті (ландтаг) мен Үкіметі бар.

Бұл ел халқының жалпы саны – 82 миллион адам, 94 пайызы – немістер. Ол – Еуропадағы тұрғындары ең көп ел, Еуроодақтың құрылуына мұрындық болған, одақтың негізін құрушы әрі көшбасшысы. Парламенті Бундесрат және Бундестаг дейтін екі палатадан тұрады. Осының Бундесратын жергілікті үкімет өкілдерінің 68 мүшесі құрайды. Бір қызығы, федералдық Президент болмаған немесе ол өкілеттігін тоқтат­қан жағдайда Бундесрат төрағасы Президент міндетін атқаруға құқылы. Не­гізінен бұл елде атқарушы биліктің басым бөлігі федералдық Канцлердің – Үкімет төрағасының қолында.

Ал қымыз өндіретін ауылы бар Баден-Вюртемберг жерінде қазір 12 миллиондай адам тұрады. Ол – экономикасы дамыған аумақ. Астанасы – Штутгарт қаласы.

 

Н. ЖҮНІС.

Замана

 

 

 

 

[:]