[:kz]
Алматыда саяхатқа жолдама ұттың деп шақырып, оған ақшасын берген адамдар енді қаржысын кері қайтара алмай әлек. Тіптен біреулер «4 млн теңгесін сол сәтте қалай аударғанымызды сезбедік, бізге гипноз жасауы мүмкін» дейді. Қолдарына берген келісім-шартты кейін мұқият оқығанда ұтылғандарын кеш түсініпті. Қазір жәбірлендік деген азаматтардың мәселесімен заңгерлер айналысып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «КТК» арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Гүлнәр Шафудинова әуежайда жүргізілген әлеуметтік сауалнамада өзі туралы мәліметті толтырған. Артынша, оған жолдама ұттың деп хабарласып, «Империум» агенттігінің кеңсесіне шақырған. «Сол жерде қалайша 4 млн теңгемді оңай аударғанымды әлі түсінбеймін», дейді. Гүлнәр Шафудинова: —
«Ішке кіргенде он шақты жұбымен күйеуі мен әйелдері отырды. Әуеннің дауысы қатты шығып тұрды. Әр жұппен жеке-жеке сөйлесті. Маған «сегіз жылда әлемнің сегіз еліне барасыз» деді. Соған бар ақшамды қалай бергенімді білмедім. Артынан қайтарғым келді. Бірақ келісім-шартта қайтару көзделмеген деп, шығарып салды», — деді Гүлнәр Шафудинова.
Гүлнәр секілді өздерін агенттік алдады деген алматылықтар арнайы чат ашқан. Қатарлары толығып жатыр. Бәрі де сол жерде қалтадағы барын беріп, кейін сан соғып қалғанына өкінеді.
«Біз сол күні 380 250 теңгеге шартқа отырдық. Бізге ұтыс шықты деді, Вьетнамға. Біз әңгіме жүріп жатқан кезде әуеннің дауысы қатты болды. Содан кейін су әкеліп берді, су іштік сонан кейін кофе алып келді, шәй алып келді, тағы да шәй іш деп. Соның да бір әсері болды ма деген ойдамын», — деді Сайлау Сиязбаев.
Уәделі саяхаттан да, ақшадан да қағылған азаматтар агенттікке қайта барды. Алайда ішке ешкімді кіргізбеді. Өздері де сөйлесуге шықпады. Заңгерлер қызметі күмәнді агенттікті құзырлы орындар тексеруі тиіс деген пікірде.
«Ақшаны қайтар деген талаптарына олар біз ақшаны қайтармаймыз деген жауаптары қолдарында бар. Сол себептен біз бұл жерде қылмыстың құрамын көріп отырмыз. Ары қарай құқық қорғау органдары дұрыс саралайды деп ойлаймын», — деді адвокат Мұрат Амитов.
Алдандық деген алты адам Алматының полиция департаментіне арызын қалдырды. Олардың қатары әлі де толығуы мүмкін. Нұр-Сұлтан қаласында да «Империум» компаниясының құрбанымыз деген азаматтар шығып жатыр. Ең қызығы, бәрі де әуежайда толтырған сауалнамадан кейін агенттік шырмауына шырмалдық дейді.
[:]