АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Гүл шоқтарын ай-шай жоқ қоқысқа лақтырған[:]

[:kz]

IMG_05859-Мамыр – Ұлы Жеңіс күні Шымкентте де лайықты деңгейде аталып өтті. Жұртшылық майдангер аталарымызды еске алып, олардың рухтарына құран бағыштады. 

Осындай кең көлемді іс-шара Абай атындағы саябақ ішіндегі «Даңқ» мемориалында ұйымдастырылған болатын. Өкінішке орай, осы мереке соңында «әттеген-ай» дегізер, көпшілікке ой салар бір жағдай орын алыпты. Бұл жөнінде бізге кезінде «Шымкент келбеті» – «Панорама Шымкента» газеттерінде фототілші болып еңбек еткен әріптесіміз Алик Розметов айтып берді.

Әлекеңнің әкесі Ғани Розметов – соғыс ардагері, майданнан аман оралып, бертінде қайтыс болған. Ол кісінің есімі де «Даңқ» мемориалына Ұлы Отан соғысына Оңтүстіктен аттанған азаматтармен бірге жазылған. Сондықтан Розметовтер әулеті де 9-Мамыр күні мемориалда болған іс-шараға қатысып, оған гүл шоқтарын қойып қайтқан екен. Сол күні түстен кейін бір таныстары шақырып, мемориал жаққа қайтадан барған А.Розметов өте бір келеңсіз жайға куә болыпты.

«Майдангерлердің есімдері жазылған тақтаның орта тұсында біраз адам жиналып, шаң-шұң дауыстар шығып жатыр екен, – дейді Әлекең. – Не болып қалды екен деп сол тұсқа бардым. Саябақтың тазалықшылары болуы керек, адамдар ортадағы екі жігітке шүйлігуде екен. Яғни жұртшылық олардың майдангерлердің аты жазылған тақта бетіндегі гүлдерді сыпыра жинап, арбаға артып жатқанын көрген, содан дау туындапты. Әл­гі екі жігіт бұл гүлдерді жинап, қоқысқа тастауға басшылар тапсырма берген дейді. Жұрт шуласып жүріп басшы деп жүрген жігітті де тауып алды. Көзілдірік таққан ол оқиға орнына келіп, өзінің ондай тапсырма бермегенін айтып ақталды. «Бұларға жерде, аяқ астында жатқан қоқыстарды, гүлдерді жина дегенбіз, тапсырманы дұрыс түсінбеген ғой», – дейді. Қысқасы, сол жерде біраз айтыс-тартыс болды.

Көпшілік жүрген жерде неше түрлі адамдар болады, оны да түсінеміз. Кейбіреулердің өз туысының аты жазылған жерге дейін тақтаны басып өтіп гүл қоятыны бар. Бұл да дұрыс емес. Гүл қойғысы келетін адам оны тақтаның етек жағына қойса да болады ғой. Өйткені онда аты жазылғандардың барлығы да – майдангерлер, бәрі де ортақ Отан үшін шайқасты, құран оқылғанда сауабы барша мар­құмдарға тиетіні сияқты гүлді де бөле-жар­май, жазулардың төменгі жағына қойса, ол барша майдангерге көрсетілген құр­мет белгісі болар еді. Туысының аты жазылған жерді біреу басып өтіп ба­ра жатса, оған ол қалай қарайды, бұл айтпаса да түсінікті жай емес пе? Сон­дықтан адам аттары жазылған тұстан тө­мен қызыл лента тартып қойса деген ұсынысым бар. Гүлді жұрт сол лен­тадан төмен қойса да болады.

Әлекең осылай дейді. Ол кісі сондай-ақ 9-Мамыр күні Абай саябағында кейбіреулердің балалары Абай ескерт­кі­шінің үстіне шығып суретке түсіп жат­қанын көріп те қынжылыпты.

«Ата-аналарының, үлкендердің, сол тұс­тан өтіп жатқандардың ешқайсысы олар­ға мұның дұрыс емес деп жатқан жоқ» – дейді ол.

Расында да бүгінде кейбіреулерге әдепсіздіктің, мәде­ниет­сіздіктің, дөрекіліктің жаман қасиет екенін ескерте жүрген дұрыс-ау.

Т. ТҰРАН

Zamana.kz

[:]