[:kz]
Осы жұрт Британ корольдік отбасының өмірін неге қызықтайды десем, оның бір себебін әлем халықтары ертегілерінен іздеу керек екен. Сонау Мысыр жазуларынан табылған Күлшекер туралы ертегі әр заманда, әртүрлі тілде, сан қилы нұсқалармен айтылып келеді. Бірақ түп өзегі, шырқау шегі – біреу. Ешкімге елеусіз, жетімдік пен жалғыздықтың машақатын көріп, томаға-тұйық тіршілік етіп жатқан жас қыздың басына бақ та, тақ та бір-ақ күнде беріле салады. Қорғансыздың айы оңынан туып, жұлдызы жарқырайтын сәті – патшазадамен кездесуі емес пе? Әрине, талғампаз патша ұлының көңілінен шығу үшін қорғансыз қыз көп еңбек етті, ең бастысы, не жамандық көрсе де, жақсылықтан үмітін үзбеді. Ақыры, екі жас үйленіп, «ұзақ та бақытты өмір сүрді». Мыңжылдық тарихы бар Күлшекер хикаясының заманауи актриса Меганның тағдырымен ұқсастығы көп. Бәлкім, Меган Күлшекерден «өнеге» алып, тынбай еңбек етіп, талмай жігерленіп, өз бақыты үшін күресті дегеніміз дұрыс болар. Кеше ғана қатардағы телехикая әртістерінің бірі, нәсілі қарадан шыққан Меган бір-ақ күнде ағылшын аристократына айналып, британ принціне күйеуге шықты. Ертегіден несі кем? «Меган мен Гарри» атты хикаятты жұрт болып тамашалаған миллиондардың қуанышында шек жоқ. Құдды ертегіге тап болғандай.
Англияның Беркшир графтығындағы Виндзор қамалының айналасы 19 мамыр күні ығы-жығы адамға толды. BBC жаңалықтар қызметі дәл осы күні қамал алдына жиналған адамдардың саны жүз мыңнан асты деп хабарлады. Қолдарына плакат ұстап, «екі жас бақытты болсын» деп даурыққан, қалыңдық пен күйеуді бір сәт көріп қалуға ынтыққан жұртта ес жоқ. Америка, Еуропа және Британияның басқа аймақтарынан Виндзор қамалына арнайы келген халық. Бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай: «Ғажап! Керемет! Сондай әдемі! Қандай сұлу! Бұл бір ғажайып!» деген сықылды мағынасы жақын одағай тіркестер. Тіпті, екі жастың некесін қиятын шіркеуде епископ Майкл Карри қатты толқып, 13,5 минут бойы арқаланып сөз сөйледі. Сырт қарағанда, бұл үйлену тойы емес, Америка құрлығы жаңадан ашылды немесе бұ халық көптен аңдысқан жауын жеңіп, масайраған күн туды деп қалуға болар еді. Той күні тынымсыз жұмыс істеп, күнұзақ тікелей эфирден хабар берген британдық журналистердің хабарлауынша, бұл салтанатқа жүз мың адам қатысып, оны бір ғана BBC арнасынан екі миллиард адам тамашалаған.
Осынша дабыра-шуды тудырған не? Бар болғаны, 34 жастағы британдық Гарри мен 37 жастағы Меган атты америкалық қыздың үйлену тойы.
«Той десе, қу бас домалайды» деген сөз дәл британдықтарға арнап айтылған ба дерсің. Құлқын сәріден Виндзор қамалының төңірегін айналсоқтап, британ туынан тіктірген көйлекпен көлбеңдеп, түрлі пішін, сан қилы үлгідегі қалпақ киген бастар… Тіпті, қалыңдық көйлегін киіп, «Merry me, Harry!» («Гарри, маған үйлен!») деп дабырлап жүрген орта жастағы әйелдер де осында.
Әрине, Британияда елдің бәрі монарх әулетін елжірей жақсы көреді десек, жалған болар еді. Оны «ескіліктің сарқыншағы» санайтын, қарапайым адамдар төлейтін «королева салығына» наразылық білдіретіндер аз емес. Скептиктер аристократтық той өтер-өтпестен оның шығынын есептеп шығарды: Гарри мен Меганның үйлену тойына аттай 32 миллион фунт стерлинг жұмсалыпты. «Financial Times» газетінің экономикалық сарапшыларының есебіне сенсек, бұл елдегі үйлену тойының жалпы шығыны орта есеппен 18 мың фунт стерлингтен аспайды. Сонда Британ монарх әулеті бір тойға қарапайым британдықтардан 2000 есе көп ақша жұмсады деген сөз. Міне, айырма қайда жатыр. Осыдан соң теңдік пен әділдік туралы пәлсапа соғып көріңіз? Бірақ бұл тойдың Ұлыбритания қазынасына 500 миллион фунт стерлинг пайда түсіргенін де ұмытпауға тиіспіз.
Бір ғажабы, бейресми деректерге жүгінсек, той шығынының басым бөлігі, яғни, 30 миллион фунт стерлинг Виндзор қамалының қауіпсіздігін арттыру шараларына бөлінген көрінеді. Тойды қызықтауға келген халықта сан жоқ, бұл рас. Виндзор қамалынан ашық пәуескемен сейілге шыққан Гарри мен Меганға қошемет көрсеткен халық жолдың екі бетін түгел қоршап, ұзын-сонар тізбек құрды. Бірақ әу баста осы тойдың өзі қара халықты қызықтыру үшін ұйымдастырылды емес пе, сондықтан сол халықтан қорғану үшін қауіпсіздікке қыруар қаржы жұмсаудың қисынын түсіну оңай емес…
Сонда үйлену тойының нақты шығыны 2 миллион фунттың шамасында деген сөз, бірақ соның өзі әдеттегі некеқияр тойға жұмсалатын қаражаттан жүз есе көп.
Виндзор қамалының осы күндердегі кейбір шығындарынан мысал келтірсек:
- Қонақтарға берілетін шәй-пәй – 26 000 фунт стерлинг;
- Уақытша дәретханалар – 20 000 фунт стерлинг;
- Қонақтарға қонақасы беру – 300 000 фунт стерлинг;
- Арақ-шарап – 193 000 фунт стерлинг.
Мұның бәрі үйлену тойының қарсаңындағы алыстан келген қадірлі қонақтарды күту шығындары екенін еске саламыз.
Екі жастың шіркеудегі неке қияр рәсіміне 800 адам, одан кейінгі қонақасыға 600 адам қатысқан. Жалпы, Виндзор қамалы осы күндері 2600 қонақ қабылдады. Тойдың қадірлі қонақтары арасында Дэвид пен Виктория Бекхэм, Джордж бен Амаль Клуни, Опра Уинфри, Серена Уильямс, сэр Элтон Джон сияқты атақты адамдар бар. Ақсүйек тойдың құрметіне үлкенді-кішілі түгел, яғни королева Елизаветадан бастап, әйел біткен қалпақ сән-салтанатын ұйымдастырды. Сан қилы пішін, алуан стильдегі ақ, қызыл, сары, түрлі-түсті қалпақтар шеруі өткендей әсер туды. Қамалдың ауласында, жол бойында желбіреген тулар, одан қалса, қонақтардың киімінде, қалпағында бейнеленген, қолдарына ұстаған жалаушалардағы ағылшын туының жолақтарынан көз тұнады. Құдды бұл екі жастың үйлену тойы емес, ұлттық мейрам, бүкілхалықтық мереке секілді.
Анығында, британ монархиясының әулетіндегі бұл оқиғаның маңызы барша британ қоғамы үшін тарихи сәттен бір мысқал кем болған жоқ. Себебі британ монархиясының бүгінгі қоғамдағы рөлі, бейнелеп айтқанда, кешегі тарихтың тірі естелігі болу ғана емес, ол – бүгінгі қоғамдық-саяси қатынастағы белсенді тетіктердің бірі. Демократиялық қоғам құрып, адам құқығы, сөз бостандығы деген ұғымдарды сөзден іске айналдырғанына қарамастан, британ қоғамы монархиядан бас тартуға әлі дайын емес. «Ipsos Mori» ұйымының зерттеуіне жүгінсек, британдықтардың 18 пайызы ғана монархияны түбегейлі жойып, республикаға айналдыруды қалайды. Бірақ олардың, яғни «антироялистердің» қатары он бес жыл бұрын да, тіпті осыдан қырық-елу жыл бұрын да осы шамалас еді. Яғни, демократиялық құндылықтарды қолданысқа ендіре отырып, монархиялық билікті сақтап қалудың қисынын тек британдық сана-сезім ғана түйсіне алатын шығар. Бір жағынан, бұл қоғам барлық адамдарды нәсіліне, тегіне, ұлтына, дініне, наным-сеніміне, жынысына қарамастан тең деп санайды, ал екінші жағынан, монарх әулетінің мүшелерін басқалардан үстем санап, ақсүйектік бөліністі бөтенсімейді.
Мұның бір көрінісі – монарх әулетінің иелігінде тарихи сарайлар, кең алқаптар, жайылымдар, жеке қазына және табыс әкелетін кәсіп көзі болғанымен, британ үкіметі жыл сайын осы әулеттің қажеттілігіне орай белгілі бір мөлшерде қаражат бөліп отырады. Британ азаматтары әлі күнге «король салығын» төлейді, сонда королеваның жүріп-тұруы, өмір сүруін былай қойғанда, олардың қоғамдық және отбасылық шаралары, оның ішінде, кешегі Гарри мен Меганның үйлену тойы британ халқының қалтасынан төленіп отыр деген сөз.
Әділдік үшін айталық, монарх әулеті жылына британ әулетіне шамамен 500 миллион фунт стерлинг пайда әкеледі деген дерек бар. Ал Гарри мен Меганның тойына келетін туристердің арқасында биыл елдің ЖІӨ 80 миллион фунтқа өседі деген болжам айтылды.
Әйтсе де, бір әулетті бүкіл халық болып асырап, төбесіне көтеріп, құрмет көрсетіп, өзі көшеде қол бұлғап тұрған халықтың психологиясын ұғу оңай емес, сірә. Олар үшін король әулетінің бір мүшесін, кешегі тойдағы қалыңдық пен күйеудің пәуескеден жылт еткен жүзін көріп қалу – зор қуаныш. Осы бір сәттік қуаныш үшін той болатын күні Виндзор сарайының алдында түнеп, таңғы сағат бес жарымнан бастап күн ұзақ табанынан таусылғандар көп.
Той өткен соң осындай айтулы оқиғаның басты «себепкері» болған Меган үшін жаңа өмір, жаңа тұрмыс басталды. «Күлшекердің» ата-тегін, өткен өмірін терген британ газеттерінің бірінші беті өткен аптада қалыңдықтың туған әкесін сан-саққа жүгірткен материалдардан көз ашқан жоқ. Актриса ретінде фото және бейнекамералардың нысанасында болу Меган үшін үйреншікті жайт шығар, бірақ аристократ отбасының мүшесі ретінде оның әр басқан қадамы, киген киімі, жүріс-тұрысы, тіпті, жымиысы түгілі бетіндегі секпілге дейін ұлттық деңгейде айтылып, жария болатын тақырыпқа айналатынына енді куә болар. Соңғы 50-60 жылда Елизавета патшайымның стилімен орнықты жүріп-тұрып, қара халықтың көз алдында шебер қойылым қоюға дағдыланған монарх әулеті бұған әбден төселген. Жаңа тұрмыста Меганға кәсіби актрисалық өнері қажетіне жарар-ақ.
Ұлт ішіндегі интеллектуалдар: «Осы біз монарх әулетін неге жақсы көреміз? Бізге монархия керек пе?», – деп пікірталқы жасағанымен, одан қалса королева мен оның отбасының өмірін ұдайы тамашалап, сыртынан сүйсініп жүретін ұлттық мінезді әжуалап, күлкі еткенімен, Елизаветаны тақтан түсіре алған жоқ. Алпыс жылдан бері заманалар ауысып, империялар ыдырап, әлемдік геосаяси карта жаңарып, технологиялық революциялар дүркін-дүркін жүзеге асып жатқанына қарамастан, британ королевасы мызғымастан өз орнында отыр. Халыққа да, мемлекетке де сүйкімін жоғалтпады, осы жылдар ішінде абыройы артпаса, бір мысқал кеміген емес.
Виндзор әулетінің бұлай ұзақ билік құруының бір құпиясы осы Гарри мен Меганның үйлену тойынан аңғарылатын сияқты. Меган Маркл – америкалық, жарты қаны – афроамерикандық. Өзі түрлі телехикаялардың актрисасы, әрі бұрын күйеуде болып, ажырасқан. Тіпті, Гарриден үш жас үлкендігі бар.
Өткен ғасырда король VIII Эдуардтың америкалық актрисаға үйлену үшін тақтан бас тартқаны – тарихи дерек. Осыдан елу-алпыс жыл бұрын ақсүйек отбасылармен ғана құда болуды жөн көретін британ монарх әулеті бүгінде талғамын түбегейлі өзгерткен. Рас, Меганның әкесі британ королінің ұрпағы деген дерек жарияланды, бірақ оның шешесі қарапайым афроамерикандық әйел екенін ешкім жоққа шығара алмайды.
Осындай адамды Виндзор әулетінің бір мүшесі ретінде қабылдап, оның басына королева Марияның, яғни королева Елизаветаның әжесінің тәжін кигізуі – монарх әулетіне деген халықтың ықыласын одан әр күшейтті. Себебі Меган – кеше құл болған халықтың бір өкілі іспеттес, неке қияр рәсімі алдында шіркеуде уағыз оқыған америкалық епископтың махаббат пен замана өзгерістері туралы толқи сөйлеуі, арасында Мартин Лютер Кингтің сөзінен мысал келтіруі тегін емес. Меганның монарх әулетіне келін атанып, артынша Сассекс герцогинясы атағына ие болуы – қара нәсілді халықты бір желпіндірді, барша әлемге британ монархиясының барынша демократияшыл екенін әйгіледі. Осылайша, Елизавета мен монарх әулеті бүгінгі заманға бейімделіп, қара халықтың тілін тауып, өз билігі мен беделін сақтап келеді. Гарри мен Меганның тойының даңқы пен дақпыртына қарағанда, бұл әулет әлі ұзақ жасай беретін сияқты.
Ұлыбритания
turkystan.kz
[:]