[:kz]
Парламент депутаттарымен кездескен Түрікменстанның президенті Гурбангулы Бердімұхамедов үкімет пен ел алдына жаңа міндеттер қойды. Түрікменнің мемлекет басшысы мінберде сөйлегеннен кейін әдеттегідей депутаттар орындарынан тұрып, ұзақ қол шапалақтады.
Одан кейін парламент төрайымы Гүлшат Маммедова сөз алып, депутаттар алдында президент Гурбангулы Бердімұхамедовке айрықша алғыс сезімін білдірді. Оның сөзі түрікменнің бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған жоқ. Маммедованың «Батыр Аркадаг», «Құрметті Аркадаг», «Ұлы Аркадаг» деген сөздері депутаттардың ерекше ықыласын оятты. Айрықша алғыс пен қол шапалақтаулар ұзаққа созылды (аркадаг – қамқоршым-ред). Енді парламент төрайымының сөзін келтірелік…
«Аса құрметті Аркадаг! Еліміздің заңдылық қызметін нығайту мақсатында Сіз өзіңіздің алтын уақытыңызды қиып, депутаттармен кездесуге келдіңіз. Бұл біз үшін – ұлы жол! Сол үшін Сізге айрықша ықыласымызды білдіреміз. Сіздің өлшеусіз еңбегіңіздің арқасында біздің тәуелсіз ел жаңа жетістікке жетті. Бұл арқылы Сіз Отанға, халыққа ерекше махаббатыңызды көрсеттіңіз. Сіздің сөзіңіз миллиондаған жүректерді биік мақсатқа жеткізді.
Заңға арқа сүйеген мемлекет ең мықты ел болып саналады. Сіздің бүгінгі сөзіңіз халыққа қамқорлығыңызды, әр адамға, әр ошаққа деген ерекше көзқарасыңызды тағы да көрсетті.
Бүкіл түрікмен халқының қамқоршысы, құрметті Президент! Сіз бізге сенетініңізді айттыңыз. Сіздің сеніміз бізді күн демей, түн демей жұмыс істеуге жігерлендіреді. Біз әрине айрықша ықыласпен жұмыс істейміз!
Құрметті, қамқоршымыз Аркадаг! Бәрі Сіздің арқаңызда жүзеге асып жатыр. Сізге мықты денсаулық тілейміз!
…Айрықша жалынмен сөйлеген сөзден кейін тағы да ұзақ қол шапалақтау. Адам да мақтауға соншалықты масаттанып, көзін шел басады екен ғой.
[:]