[:kz]
Сердар парламентке бірінші рет сайланғалы бері екі рет «Бердімұхамедов қант диабеті салдарынан комаға түсті» деген ақпарат тараған.
Орталық Азияда династия құру идеясы бұрыннан бар. Жақында Сердар Бердімұхамедов түркімен үкіметінде үш бірдей ықпалды лауазымға ие болды. Бұл оның әкесі, президент Гурбангулы Бердімұхамедов билікті ұлына қалдыруы мүмкін деген болжамды күшейтті, деп жазады Азаттыққа сілтеме жасаған Skifnews.kz ақпарат порталы.
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердымұхамедовтің ұлын билікте қалдыруға дайындап жатқанына бірнеше жыл болды. 11 ақпанда 39 жастағы Сердардың премьер-министрдің орынбасары (бұл лауазым оған Түркіменстан қауіпсіздік қызметінен орын алуға көмектеседі) және үкіметтің есеп палатасының басшысы қызметіне тағайындалуы дәлел бола алады. Ол лауазымды қызметке тағайындалған күннің де мәні зор, өйткені 2007 жылы дәл осы күні Сердардың әкесі бірінші рет президент атанған.
Гурбангулы Бердімұхамедовтың ұлы саяси сахнаға шыққалы оның әрбір қадамы жіті назарда болды. Оның өмірі мен кәсіби мансабының қалай өскенін бақылаушылар осы арқылы президенттің қашан отставкаға кетіп, билікті ұлына тапсыратынын болжап көруге тырысты.
2016 жылғы қарашада Сердар Бердімұхамедов парламенттегі бос орынға өтіп, депутат болды. Бұл орынның сол кезге дейін неге бос тұрғаны айтылған жоқ. Осыған дейін Сердардың аты еш жерде аталмаса да, басқа кезде елеусіз өтетін бұл сайлау аяқ астынан үлкен маңызға ие болды.
Сердар бұрын ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары болып, кейін қазір қызметі тоқтаған көмірсутек ресурстарын пайдалану және басқару жөніндегі мемлекеттік агенттікті басқарған. 2016 жылғы 15 шілдеде бұл орган жойылған кезде президент Бердімұхамедов сыртқы істер министрлігінен үш жаңа департамент құру туралы жарлыққа қол қойып, Сердарды солардың біріне ауыстырды. Екі жыл бұрын Сердар Бердімұхамедов университет бітіріп, Түркіменстан ғылым академиясынан физика-математика ғылымдарының докторы дәрежесін алған.
Оның әкесі 2006 жылдың аяғында Түркіменстан көшбасшысына айналған. Оған дейін Сердар тағам өнеркәсібінде жұмыс істеп, кәсібін Түркіменстанның шарап жасау саласында жалғастыруды ойлаған сияқты.
2008 жылы ол Ресей сыртқы істер министрлігінің дипломатия академиясына оқуға түсті. Сонымен қатар Түркіменстанның Мәскеудегі елшілігінің кеңесшісі болып тағайындалды. Сердар 2011 жылы оқуын бітіріп, Женевадағы қауіпсіздік саясаты орталығының студентіне айналды. Осы екі жыл ішінде ол БҰҰ жанындағы Түркіменстан өкілдігінің кеңесшісі болып жұмыс істеді.
Сердарды кеңесші қызметіне тағайындаудың да себебі бар. Өйткені мұндай лауазымдағы адамдар шетелде тұрып жатыр деп есептелмейді. Түркіменстан Конституциясына сәйкес, сайлауға қатысу үшін парламент депутаттығына кандидат кейінгі 10 жылда, ал президент болуға үміткер кейінгі 15 жылда елде тұруы шарт.
Сердар Бердімұхамедов парламентке сайланғаннан кейін төрт айдан соң құқықтық мәселелер жөніндегі комитет төрағасы болып тағайындалды.
Ол 2018 жылғы наурызда қайтадан депутат болып сайланып, осыдан кейін билік сатысында жоғары өрлей бастады.
2019 жылғы қаңтарда Сердар Бердімұхамедов Ахал уәлаяты әкімінің орынбасары болып тағайындалды (Түркіменстан астанасы Ашғабат ерекше мәртебеге ие болғанына және өңірге кірмейтініне қарамастан, осы облысқа қарайды). Сол жылғы маусымда Сердар уәлаят басшысы, 2020 жылғы ақпанда – өнеркәсіп және құрылыс министрі болды.
2017-2018 жылдары Сердар Татарстан президенті Рустам Миннихановпен кездесу үшін Татарстанға, Ресей федерациясы кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенкомен кездесу үшін Мәскеуге, Орталық Азия елдерінің саммитіне қатысу үшін Қазақстанға ресми сапармен барды (бірақ саммитте Сердар басқа елдің президенттерімен бірге суретке түспеген). 2018 жылғы сәуірде Түркіменстан сыртқы істер министрінің орынбасары болып тағайындалғанына екі апта болған кезде Беларусьте өткен ТМД елдері сыртқы істер министрлерінің кездесуіне қатысты.
Мемлекеттік ақпарат құралдары Сердардың әкесімен бірге тұрған суреттері мен видеоларын жиі жариялайды. 2018 жылғы ақпанда жолсыз жерлерде өткен Амуль-Хазар автокөлік жарысында мемлекеттік арна президент Бердімұхамедовтің ұлына эстафета тапсырған сәтін көрсетті. Олар осылайша кадрға өзіндік мағынасы бар белгіні сыйғызуға тырысқан сияқты.
Түркіменстан Конституциясына сәйкес, президент өз міндетін атқара алмаса, оның қызметі парламент спикеріне өтеді. 2006 жылғы желтоқсанның соңында Түркіменстанның бірінші президенті Сапармұрат Ниязовтың билігі осындай әдіспен басқа адамның қолына өткен. Сол кездегі сенат спикері Овезгелді Атаев аяқ астынан «кланаралық бәсекені қоздырған» деп айыпталып, қамауға алынды. Бұл халық жақсы білмейтін денсаулық сақтау министріне билікке жол ашып, Гурбангулы Бердімұхамедов президент міндетін атқаруға көшті.
Жақында қос палаталы органға айналған түркімен парламентіне сайлау биыл наурыз айында өтеді. Осы сайлаудан соң жоғарғы палатаның спикері президент міндетін атқара алмаған жағдайда мемлекет тізгінін қолына алатын, билік иерархиясында екінші орында тұрған тұлғаға айналады. Сердар – осы қызметке сайлануы ықтимал кандидаттардың бірі.
Конституцияда сондай-ақ президент кемінде 40 жаста болуы керек деп жазылған. Биыл 22 қыркүйекте Сердар 40 жасқа толады.
Сердар Бердімұхамедовтің лауазымының жоғарылауы президент әкесінің денсаулығы нашарлағаны туралы хабарлар тараған уақытпен тұспа-тұс келді.
Гурбангулы Бердімұхамедовтің қант диабетімен ауыратынын, мұның отбасылық сырқат екенін жұрттың бәрі біледі (Сердарға мұндай диагноз қойылғаны я қойылмағаны белгісіз).
Сердар парламентке бірінші рет сайланғалы бері екі рет «Бердімұхамедов қант диабеті салдарынан комаға түсті» деген ақпарат тараған. 2019 жылы шілдеден тамыздың басына дейін мемлекеттік ақпарат құралдарында президент туралы ештеңе жазылмады. Бұл әдетте ресми ақпарат құралдарынан түспейтін Бердімұхамедов үшін жат қылық болғандықтан, көбі оның көз жұмғаны туралы болжамдар айта бастады.
[:]