[:kz]
Күннің суығында балаларын велосипедпен тасып, елдің жүрегін елжіреткен Қызылорда тұрғыны баспанадан бас тартты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Блогер Асылхан Дүкенбаевтың бастамасымен, ел қызылордалық азаматқа көлік алып беру мәселесін қолдаған еді. Одан бөлек, есімі белгісіз шымкенттік азамат осы отбасына темір тұлпар сыйлағысы келетінін айтқан. Алайда қызылордалық әкей одан бас тартты. Жұрт ниет етіп, жинаған ақшадан бір көлік бұйыртса жеткілікті, деді өзі.
«Шымкенттік бір бауырымыз көлік сыйлаймын деп ниет қылып жатыр екен. Бауырыма рахмет, Алла разы болсын. Сол көлік өзінде қала берсе, мінгізгендей көремін. Көпшіліктің жинаған көмегі ақшасына түскен көліктің ыңғайы болса, соны үй алғандай көремін», — деді ол.
Отбасының времянкада тұрып жатқанын көрген жұрт оларға көлікпен бірге, баспана сыйлауды ұсынған еді. Алайда қызылордалық азамат көмектен бас тартып отыр.
«Барлықтарыңызға рахмет. Ағайын, шешем, бауырларым, келіншегім, өзім бар. Осы үй мәселесін тек рахметпен доғару жөнінде шешім қабылдап отырмыз. Тақырып көліктен басталып еді ғой. Жиналған қаражатпен бір көлік бұйыртсын. Осымен жабылса деген ой бар. Тұрып жатқан баспанам, Аллаға шүкір тегін. Шешемнің сөзі мен үшін үлкен нәрсе ғой, ол кісінің сөзінен аттап кете алмаймын», — деп түсіндірді ол.
[:]