[:kz]
Қазақстанда кең тарай бастаған ем түрі — хиджама жасатудың соңы қиындықтарға апарып соғуы мүмкін. Бұлай деп Алматы телеарнасы арқылы алматылық дәрігерлері мәселе көтерді.
Денсаулық сақтау департаменті қызметкерлері мен дәрігерлер хиджама арқылы инфекциялық аурулар жұқтырып алу мүмкіндігі жоғары дейді. Көп жағдайда интернет ресурстары арқылы жарнама жасап, шақыртумен үй-үйге барып ем жасайтын мұндай емшілер санитарлық талаптарды сақтай бермеуі мүмкін. Процедура үшін бір рет қана қолданылатын пышақ, кішкене балға, құтыны пайдаланып, қолғаппен жұмыс істелуі керек. Бірақ, оны бақылап жатқан ешкім жоқ. Тіпті, Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Әнел МҰСАЕВА мұндай қызмет түрінің лицензияланбағанын да айтады.
«Адамдардың көбі бұл поцедураны үйге келіп жасайды. Мұнан кейін түрлі қиындықтар болуы мүмкін – В, С сары ауруы тәрізді инфециялық аурулар. Сонымен қатар, АИТВ (ВИЧ) инфекциясын жұқтыруы мүмкін», – департамент басшысы.
Бұл сөзге тағы бір дәлел – хиджама жасатқаннан соңғы шағынып келушілердің көптігі. №7 қалалық аурухананың бөлім меңгерушісі Есенай ЕСПЕНБЕТОВ мұндай жағдаймен келген кейбір адамдардың өмірін сақтап қалу қиындаған кездер болғанын айтады. Одан бөлек, дінге, сенімге нұқсан келтірмеу үшін жағдайы нашарлап тұрса да хиджама жасатқандарын жасырып қалуға тырысатындар да бар көрінеді. Өйткені:
«Хиджама жасайтындар пациенттерге денсаулығына қатысты қиындық пайда болып, өміріне қауіп төнген жағдайда мұндай процедурадан өткенін айтпауға кеңес береді», – дейді Еспенбетов.
Жалпы, хиджама – халық емі ретінде соңғы жылдары пайда болды. Көбіне дінді берік ұстанатындар тұтынады. Хиджама жасаушылар қан қысымының жоғарылығы немесе төмендігі кезінде, инсульт, тері, бұлшық ет аурулары, простатит, ревматиз және басқа да көптеген аурулардың алдын алу һәм емдеу үшін жасайтындарын айтады. Сертификат берілмегенмен, Қазақстан бойынша тыйым салынбаған. Дегенмен, дәрігерлер онкологиялық ауруға шалдыққандарға, жүкті әйелдерге, жүрегі ауыратын және қан ұюына қатысты қиындықтары бар адамдарға хиджама жасауға болмайтынын айтады. Ал, мұндай ауруы жоқ адамдар өзі қаралмақ дәрігерді алдын ала бір зерттеп алғаны дұрыс. Және үйге шақырып емес, арнайы емдеу орталықтарында жасатқан абзал. Хиджамашының санитарлық талаптарды қаншалықты сақтайтынына да назар аударғанның артығы жоқ.
zhasalash.kz
[:]