[:kz]
«Открытая Россия» қозғалысын құрушы, ЮКОС компаниясының бұрынғы иелерінің бірі Михаил Ходорковский Ресейде 2018 жылы наурызда өтетін президент сайлауына байкот жарияламауға шақырды.
Ходорковскийдің пікірінше, сайлау — үлкен саяси жүріс. Мұндай кезде билік осал тартып, қоғам саясилана түседі. Мұндай мүмкіндікті пайдаланып қалу керек. Ходорковский сайлау оны сайлаушылардың көршілігі қолдаған кезде ғана тиімді болатынын, байкотты «тоғышарлардың өз әрекетсіздігін өзі ақтауы» деп білетінін айтады. Ол саяси күштер сайлаушылардың енжарлығын «айналып өтуге тырысады» деп біледі.
Михаил Ходорковский демократиялық күштерге байкоттың орнына дауыс жинай алатын барлық кандидаттарды тіркетуге, биліктің оларды тіркеуге кедергі жасау әрекеттерін жариялауға тырысуы керегін ұсынды. Саясаткер сайлаушылар өзінің азаматтық құқығынан емес, алдын ала анықталып қойған жеңімпазға дауыс беруден бас тартудың маңызды екенін жазады.
ЮКОС-тың бұрынғы басшысы сонымен қатар кандидаттарды Ресейдің болашағы үшін маңызды «принципті мәселелерді» көтеруге шақырды. Ол мұндай мәселелер қатарында елді децентрализациялау, сот жүйесінің тәуелсіздігі, ең бастысы, мемлекеттік басқарудың парламенттік формасына біртіндеп өту, ішкі саясат салаларындағы президеенттің өкілеттіктерін азайту мәселелері тұруы тиіс дейді.
Оппозиционер, бұған дейін президент сайлауына түсу ниеті барын мәлімдеген Алексей Навальный егер өзін кандидат етіп тіркемесе сайлауға байкот жариялауға шақырған.
18 қазанда тележүргізуші Ксения Собчак президент сайлауына түсетінін мәлімдеген. Ол өзін «барлық кандидаттарға қарсы» кандидат деп атаған.
Ресейде президент сайлауы 2018 жылы 18 наурызда өтеді. Владимир Путин жаңа мерзімге президенттікке түсу ниетін әлі жариялаған жоқ.
azattyq.org/
[:]