АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:ru]ІШТЕ НЕ БОЛЫП ЖАТҚАНЫН БІЗ БІЛГЕН ЖОҚПЫЗ…[:]

[:ru]

bez-nazvaniyaБиыл 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына 30 болады. Сол кезде Алматыдағы милиция қоршауға алған алаң ішінде болмаса да, осы оқиғаны қоршаудың сыртынан қарап, көзімен көрген Қайрат ДҮЙСЕНМЕН әңгімелескен едік.

 

– Қайреке, Желтоқсан оқиғасы болған кезде Алматыда тұратын ба едің?

– Мен ол кезде Ташкент қаласындағы Чкалов атындағы ұшақ жасау зауытында токарь болып еңбек ететінмін. 1986 жылы жаз айында ҚазҰУ-дың Журналистика факультетіне оқуға тапсырып, түсе алмай кеттім. Өзіммен бірге құжат тапсырып оқуға түскен бір қызбен (қазіргі зайыбым) хат алысып тұратынмен. Содан, Желтоқсан айы басталғанда мен кезекті еңбек демалысына шықтым да, Алматыдағы қалыңдығыма жол тарттым. Мақсатым, әлгі студент болып кеткен қызбен жолығу, әрі сол кездегі Қазақ ССР-ның әсемастанасын тамашалау еді. Міне, сол демалыс сапарымда іздеп келген қызымды тауып алып қыдырып жүргенбіз. Қазіргі Желтоқсан көшесімен Абайға қарай төмен құлдилап келе жатырмыз…Алдымыздан топ-топ болып Сәтпаев көшесіне қарай бара жатқан қазақ жастарының әңгімелерін естіп қалдық. Сөздерінің бірі естілсе, бірі естілмейді. «Волгин» әлде «Колбин» деген біреудің Қонаевтың орнына бекітілгенін, жастардың соған наразы екенін, Қазақстанды өз қазағымыз басқаруы керек екенін айтқандары есімде қалыпты.

– Бірден бағыттарыңды өзгертіп, соларға ілестіңдер ме?

– Қыдырып жүрген адамбыз ғой, әлгі жігіттерінің соңынан ілесіп, не болып жатқанын көрейік дедік. Оның үстіне бойымызға қайратымыз сыймай жүрген жас кезіміз емес пе, қазақы намысымыз да қозып салды.

Алаңға жұрт енді жиналып жатқанда, басында барған екенсіңдер, не көрдіңдер?

– Өз көзіммен көргенімді айтайын. Алаңда жиналған жастар мен милиция қызметерлері (курсанттар да болуы мүмкін) бетпе-бет текетіресіп тұрдық. Милиционерлер абыр-сабырда трибунадан сөйлеп жатқан сол кездегі мемлекет басшыларының сөзін бөлмеңдер дегендей ыңғай танытты. Жастардың бірі жауап қайырып, екеуара сөзге келіп қалды ма, байқамай қалдым. Әйтеуір, бір жас милиционердің топтың ішіндегі біреуді теуіп жібергені есімде, содан оның жанындағы қаздардың бірі әлгінің басындағы құлақшынын жұлып алды да лақтырып жіберді…

– Сол күні соңына дейін болдыңыз ба?

– Жоқ. Әскерден жаңадан келген Асқат Қуатбаев есімді інімнің сыныптасы менімен бірге жүрген болатын. Ол маған қарағанда бойшаң, денелірек жігіт еді. Жастармен бірігіп әбден қызып алған мені (өмірімде ішпегем, қаным қызып кеткен болу керек) қоярда-қоймай оқиға орнынан сүйреп алып шықты.

– Істің насырға шауып бара жатқанын түсінген болар?..

– Ол ауылдан ҚазҰУ-дің дайындық курсына құжат тапсырғалы келген екен. Бүгіннен кешіксем, құжатымды алмай қояды деді-ау шамасы. Амалсыз, Асқатты ертіп ҚазҰУ-ге бардым. Стденттер қалашығынан шыққанымда қараңғы түсіп кетті. Оның үстіне бойымдағы қызуым да басылып қалған еді.

– Сонымен қайтып алаң жаққа барған жоқсың ғой, бар көрген-білгенің осы ма?

– О не дегенің? Қанды-қырғынның көкесі ертесіне басталды емес пе! Өзім сол кездегі Ташкент (Райымбек) даңғылында орналасқан «Поршень» зауытының жұмысшыларына берілген жатақханада қонып жүр едім. Онда өзіммен түйдей құрдас Уәлихан (марқұм) деген жиенімнің сыныптастары тұратын. Түнімен гу-гу әңгіме болып, ертесіне Ғаппар, Бекжан деген жігіттермен ілесіп көтеріліс болып жатқан алаңға жеттік. Қазіргі Желтоқсан және Пушкин көшесі арқылы алаңға кіру мүмкін емес болғандықтан, Фурманов арқылы Сәтпаевтың қиылысына шықтық. Келсек, неше қатар екенін білмеймін, милиция қызметкерлері қолтықтасып сапқа тұрып жастарды алаңға жібермей тұр екен. Іште не болып жатқанын біз білген жоқпыз.

– Сендер ішке кіре алмадыңдар…

– Ол мүмкін емес еді. Дегенмен біз сол жерден кетпей тұрдық. Аяқ астынан әскерилерді мінгізіп алған, жаңылмасам бес автобус-ау деймін, бірінің артынан бірі ілесіп жетіп келді. Шепте бізге қарсы тұрған милициялар оларды күтіп тұрғандай ашыла жол берді де автобустар ішке кіріп ізім-ғайым сіңіп кетті. Шептегі тұрғандар қайта қол ұстасып үлгермесін дегендей топ-топ жастар оларды итеріп алға ұмтылды. Ал олар болса, көтерілісшілерді тоқтатудың орнына араларын ашып қала берді. Міне, сол кезде әлгі автобустағылар түсіп үлгерген екен. Сізге өтірік маған шын. Оң қолдарында сойылы, сол қолдарында қалқаны, бастарына беті әйнектелген каска киген олар топырлап алға ұмтылған қарусыз жастарды, шалғымен шөп шалғандай жапыра құлатып бізге қарай жүгірді.

– Алға ұмтылдық деген сияқты едің…

– Иә, ол рас, бірақ жалаң қолмен жендеттерге қарсы тұру мүмкін емес еді. Алдыңғылары найзаға түйреліп, қылышқа шабылғандай қанжоса болып құлап жатса, қашпағанда қайтпек едік?!

– Содан қашып құтылдыңдар?..

– Өкінішке қарай жазалаушылардың сойылынан қашып құтыла алмадым. Кім біледі,бәлкім құтылып кетуім де мүмкін еді…

–Не кедергі болды?

– Қыздар.

–Қыздар жігіттерден де өткен батыл болды дейді ғой желтоқсан оқиғасының куәгерлері?

– Оның рас. Сол қаһарман қыздарға қол ұшын берем деп, сойылға жығылдым.

– Сол ісіңе өкінесің бе?

– Өкінбеймін. Керісінше, шүкіршілік етем.

– Оқиға қалай болып еді?

– Әлгі арнаулы отрядтан шегініп, қазіргі Үлкен телеэкран тұрған биік бардюрге жақындап келе жатқам. «Жігіттер, біз осылай тапталып қала береміз бе?» деген қыздардың жанайқайы естілді. Арқама бұрылып қарасам, әлгі биік бардюрдің астына бірінің үстіне бірі құлап тұра алмай жатқан қыздардың жан даусы шығады. Бойымдағы қорқыныш әп-сәтте сейіліп кетті де, құлап жатқан қыздарға жылдам жеттім. Сөйтіп, біртіндеп тұрғыза бастадым. Соңғы бір қыз қалған болатын. Оны тұрғызып үлгермедім. Осы сәтте жендеттің сойылы қарақұсыма келіп тиді. Естен танып құлаппын. ..

Есімді жиғанымда қолдарына қызыл лента байлап алған бір орыс пен бір қазақ мені тұрғызып алып, қолымды артқа қайырып жатыр екен. Қазақ жігіт: «Әй, бауырым, маған ренжіме, қазір сені трибуна жаққа алып барамыз, оң жағыңдағы орыс сені анау тұрған жендеттерге қарай сүйрейді. Олар сені қолындағы сойылмен соқса, өлдім дей бер!» деді. Біз алаңға жеткенше мен сол жаққа қарай қиыстап жүрдім, орыс жігіті қолымды үзетіндей бар күшімен бір қолына сойыл, екінші қолына ит ұстаған прапорщиктерге қарай сүйреумен болды. Алаңда бізді автобусқа итермелеп мінгізіп, қаланың үстіңгі жағына қарай алып кетті. Жігіттердің бірі: «Жігіттер, автобусты тоқтатып түсіп қашпасақ, құримыз бәріміз. Өйткені, жақын маңда әскери бөлім бар. Бізді сол жерге апара жатыр. Әскери бөлімге кірсек, өлгеніміз!» деді. Автобус шопыры қорланып, ашынып келе жатқан нөпір жастардан қаймыққан болуык ерек, тоқтады. Бәріміз автобустан түсе сала бытырап қаштық. Алаңдағы көргенім осы. Сіздерді пайдаланып, Желтоқсан оқиғасының 30 жылдығымен, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы құтты болсын, дегім келеді.

– Әңгімеңе  рахмет!

 

Сұхбаттасқан Қайыржан ТӨРЕЖАН

[:]