АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Ислам дінінде жасанды кірпік пен тырнақ жалғаудың үкімі қандай?[:]

[:kz]

Бүгінгі таңда жасанды кірпік пен тырнақ жалғау сәнге айналған. Бұл ретте мұсылман қыз-келіншектер де қалыс қалмайды. Бес уақыт намаз оқып, орамал таққан қыздардың арасында жасанды кірпік пен тырнақ жалғайтындардың бары өтірік емес. Алайда бұл әрекеттердің діндегі үкімі қандай?

Шариғат бойынша, тырнақты өсірудің өзі күнә болып табылады, деп жазады Stan.kz ақпарат агенттігі Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасына сілтеме жасап. 

«Бізге мұртты қысқартуды, тырнақ алуды, қолтық және әурет түктерін жұлуды қырық күннен асырмау бұйырылды», – деген екен сахаба Әнас ибн Малик.

Сонымен қатар «Раддул мұхтар» кітабында: «Ең дұрысы апта сайын тырнақты алу, мұртты қысқарту, әурет түгін қыру, денесін жуу керек. Болмаса, бұл істер 15 күнде жасалуы тиіс. Қырық күннен асыру – күнә», – делінеді. 

Дін мамандары кірпік пен тырнақты сәндік мақсатта жалғау харам екенін айтады. Себебі бұл өз жаратылысын өзгерту болып табылады. 

«Алла Тағала денеге сурет салушыны, сурет салдырушыны, қас теруші және қас тергізушіні, әдемі көріну мақсатында тістерінің арасын ашқандарды және Алланың жаратылысын өзгерткендерді лағынеттеді», – делінеді хадисте. 

Ал: «Алла Тағала шаш жалғаушыны да, жалғағанды да лағынеттеді», —  деген хадистен шаш жалғауға да рұқсат жоқ екенін түсінуге болады. 

Сонымен қатар жасанды кірпік және тырнақ теріге су өткізбей, дәретке кедергі болады. 

Егер адамның беті күйіп қалып, кірпігі жойылып, көрікіз болса немесе дерт салдарынан кірпігі түсіп, тырнақтары түбімен түсіп қалса, осындай зәру болған жағдайларда ғана кірпік не тырнақ жалғауға рұқсат. Десе де шариғат адам ағзасында пайда болған дертті емдеу жолын қарастыруды міндет етеді.

Ал кірпік пен тырнақты зәрулік жағдайда жалғаса және олар су өткізбейтін, қайта алынбайтын болса, дәрет алғанда жасанды кірпік пен тырнақты жуу керек. Осылайша дәреттің парызы орындалған болады. Ал жасанды кірпік пен тырнақты қиындық алу мүмкін болса, оларды алып, орнын жуып, қайта бекіту керек. 

ҚМДБ үкіміне сәйкес, сәндік мақсатта кірпік не тырнақ жалғауға тыйым салынады. 

Stan.kz 

 

[:]