АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Қ.Тоқаев: Атырау облысы – ел экономикасының флагманы[:]

[:kz]

ҚР Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Атырау облысына келді. Өңір активімен және жұртшылығымен кездесу барысында Қ.Тоқаев Қазақстанның халықаралық қауіпсіздікті нығайту, әлемнің барлық мемлекеттерімен достық қарым-қатынасты сақтау бағытын дәйекті жүзеге асырып келе жатқанын атап өтті. 
Сенат төрағасы Елбасының басшылығымен еліміз экономикада және қоғамдық-саяси салада ауқымды реформаларды табысты жүргізіп отырғанын айтты.
— Әлемде бізді бейбітшілік сүйгіш ұлт, ұлттық құндылықтарды өркендетумен және ұлттық рухты нығайтумен айналысатын біртұтас халық ретінде біледі, -деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сенат Спикері Атырау облысын ұлттық экономиканың көшбасыларының бірі деп атады. Өңір жалпы, соның ішінде жан басына шаққандағы өңірлік өнім, өнеркәсіптік өндіріс, шетелдік инвестицияларды тарту сияқты көрсеткіштер бойынша жетекші орын алады. Басты өңірлердің бірі болып табылатын облыс республикалық бюджетке қомақты үлес қосады.
Қ.Тоқаев технологиялар, инновациялар, цифрландыру салаларындағы түбегейлі өзгерістерге байланысты ұлттық экономиканың алдында тұрған сын-тегеуріндерге жете тоқталды. 


— Өзінің Жолдауында Мемлекет басшысы Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында еліміздің ойдағыдай дамуының жаңа векторын қалыптастырды. Оны іске асыруға біз әбден ойланып баруға міндеттіміз, бұл мәселе бұлғақтауды көтермейді, әдемі сөздер мен терминдер нақты істі көлеңкесінде қалдырмауы тиіс, -деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сөйлеу барысында Қазақстан технологиялық жаңғырту, инновациялық индустрияландыру, адам капиталын дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, аграрлық секторды, көлік және логистикалық инфрақұрылымды жаңғырту салаларында жүзеге асыруы тиіс міндеттер айтылды.
Мемлекеттің азаматтардың әл-ауқатын арттыруға күш салуы туралы айта келе, Қ.Тоқаев ең алдымен жастар мен жас отбасын қолдауға бағдарланған президенттік әлеуметтік бастамаларды іске асырудың маңыздылығына тоқталды.
Қазақстанның жаңаруында жаңа ұлттық идеологияны қалыптастыратын қоғамдық сананы жаңғырту ерекше орын алады.
Спикер түбегейлі өзгерістерді жүзеге асыруда өз халқының тарихына, дәстүрлері мен мәдениетіне құрметпен қарауға тәрбиеленген, сонымен бірге прогресс пен инновацияларға дайын қазақ жастарының жаңа буыны шешуші рөл атқаруы тиістігін атап көрсетті.
Сенат Төрағасы кездесуге қатысушыларды Парламенттің Мемлекет басшысы қойған міндеттерді іске асыруға бағытталған заңнамалық қызметі туралы хабардар етті.
— Біз, депутаттар, өз тарапымыздан өңірлерді тиімді дамытуға бағытталған бастамаларды қолдауға және жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқаруды заңнамалық қамтамасыз етуге дайынбыз, — деп атап көрсетті өз сөзінің қорытындысында Қ.Тоқаев.


Өз кезегінде Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Мемлекет басшысының бастамаларын Атырау облысы тұрғындарының кеңінен қолдағанын айтып өтті. Алға қойған міндеттерді орындау үшін жергілікті билік бар күшін салады.
— Бұл үшін барлық жағдай – қаржылық, адами капитал, өңір азаматтарының өмірін жақсартуға ұмтылысы бар. Біз Мемлекет басшысы қойған міндеттерді шешуге мүмкіндік беретін заңнамалық бастамаларға ризамыз. Атырау облысы мұнай өндіруші өңір болып саналады, алайда соңғы жылдары экономиканың басқа да салаларын дамыту бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Агроөнеркәсіптік кешенді қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар өңірді жергілікті өндірушілердің тауарларымен қамтамасыз етуге жағдай туғызды. Жаңа жұмыс орындарын құруға және халықты сервистік қызметтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін шағын және орта бизнес дамуда, — деді өз сөзінде Нұрлан Ноғаев. 
Кездесудің аяғында Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев белсенді азаматтық ұстанымы және мәслихаттардың жұмысына қосқан үлесі үшін Атырау облысының бірқатар депутаттарын құрмет грамоталарымен марапаттады. 
Актив аяқталғаннан кейін Сенат төрағасы өңірдің бірқатар өндірістік және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын аралады.

Жанат Азатова, Атыраудан

Алтынорда 

 

[:]