[:kz]
Газетіміздің 24 мамыр күнгі (№38) санында «Әділдік қай жақта?» деген мақала жарық көрген-ді. Онда қазақтың белгілі ұлы, ақиық азаматы актер Тұңғышбай Жаманқұлов пен экс министр Арыстанбек Мұхамедиұлы арасындағы дау сөз болған еді. Бүгін сол мақалаға жауап ретінде Т. Жаманқұловтың жазбасын ұсынып отырмыз. Газет ашық пікірталас алаңы. Әркім өзінің көзқарасын айтқаны жөн. Ескерте кететін жайт, «Жас АЛАШ» ешкімнің сойлын соғып отырған жоқ. Екі жаққа төрелік айту біздің құқымызға кірмейді. Сондықтан осымен бұл көтерілген мәселеге нүкте қойсақ деп шештік деп хабарлайды zhasalash.kz ақпараттық порталы
«Жас АЛАШ»
… Бұл мақаланы жазар алдында, біраз ширығып ашуландым. Әуелі оның видеоүндеуін көрдім. Мен де ерегіскенде, жауап ретінде астаң-кестең етіп, видеоүндеу жасағым келді. Алғашында ашу мен реніш билеп арнайы оператор шақырып жазып та тастағам. Сосын, сабама түстім де, оның не керегі бар, ол жазған тал қармап жатыр ғой, отқа май құйғандай болмай, өз биігімде қалайын деген сезім кештім… Тоқталдым, сабыр қылдым…
Екі кештің ортасында қалта телефон бебеу қаққаны. Алтынбек Қоразбаев досым екен. Зарлап қоя берді. Солай да солай, баяғы Республика сарайының көп жыл директоры болған Хасен Мұсаұлы ақсақал, «Жас Алашқа», Арыстанбекке араша сұрауға хат жазылып жатыр екен, ол да бір бауырымыз ғой, соған сен қолыңды қойсаң деген өтініш жасапты. Алтекең аттан салып, мені араластырмаңыз, категорический (өз сөзі) қарсымын, Тұңғышбай менің 50 жылдан бергі бірге өскен досым, жерлесім, шәй деспеген құрдасым, қойыңыз, деп ашуға мініпті. Телефонын тастай салған Хасекең, бір сағаттан соң, ойбуй, жігіттер уже басып жіберіпті, болары болды, ренжіме, деп қайта хабарласыпты. Ашуға булығып, тұтыға сөйлеген Алтынбек, «бұл не сұмдық Тұқа, не боп барамыз, бұлары несі» деп, жыларман күйде тұтқаны ол да тастай салды..
«Жас Алаштың» сайтына кіруге тура келді… Масқара… Әншейінде елімізді отыз жыл жайлаған қулық-сұмдық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы, ұры-қарыларды, қолы суық шенеуніктерді сынап-мінейтін, әділет іздегіш оппозициялық газет деп жүргеніміз… енді жалт бұрылып, өңін өзгертіп… керісінше, жемқорларды қорғауға көшіпті! Авторы жазылмаған, демек, бұл газеттің ресми көзқарасы, пиғылы… Мұхамедиұлының басына түскен жағдайды қысқаша айта келіп, бұл дауды қозғап отырған Тұңғышбай Жаманқұлов деген кісәпір, кезінде ол бүйткен, сөйткен… құдай сүйер қылығы жоқ, Мәмбетовпен жағаласқан, театрға басшы кезінде актерларды жазықсыз жылатқан, үйін салып жатқан құрылысшыларды ренжіткен, ол басқарып отырған одақ, Мұхамедиұлы кезінде алты жыл, пандемия кезінде екі жыл жұмысты жөнді істемеген, кейбір наразы актерлар одақ басшылығынан кетсін деп хат жазған, деген сияқты қырық жылғы өтірікті теріп, тыраштанып-ақ бағыпты! Сөйтеді де, министріміз қыруар жұмыс тындырған, «өліп қалған мәдениет концепциясын» жасаған, бүгіндері ауы мен бауы бүлініп, дауы дардай болып, қайта қаралып жатқан кино туралы күмәнді заңды бекіткен деп санамалай кетеді. Ал Мемлекеттік музейде бәрі дұрыс, сұрапыл жұмыстар атқарылып жатыр, ол мекеменің Арыстанбекке «өлердей берілген» қызметкерлері Қаржы министрлігінің аудит департаментіне жөнсіз тексерулер жүргізіп жатқанына заңды түрде қарсылық білдірмек, «әділет қашанда жеңеді, деп сенеміз» дейді. Дейді, «дейді екеңдер»…
«…Әділет…» дейді, жасалаштықтар… Ұрлығы ашылып, тергеуге түскен шенеунікке қажет боп жатқан өтірік әділетті, жасанды әділетті іздеп, шарқ ұрады «Жас Алаш!» Хоош деңіз… Ал ендеше… Қой-ақ қояйын десем, болмадыңдар, тілімді шығардыңдар! Тыңда, «Жас Алаш!»… Оқы мынаны… Әлің жетсе, бас газетіңе… Заң бойынша, бір әрпін бұзбай, ойды өзгертпей, басуға міндеттісің!
Әп дегендегі видео жазбамды Арыстанбектің алты өтірігі деп бастаған едім… Енді тақырып өзгерді, жасалаштықтардың өтірігімен жетеу болды. Сонымен:
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа жазған жазба-жалынышының бірінші өтірігі – кешегі министр, бүгінгі музей директоры ес білгелі мемлекетке адал қызмет еткен-ақ етек ишан екен. Осы күнге дейінгі жасаған қызметінде еш қылау жоқ, тап-таза екен де, ешбір сөзге ілікпепті-мыс. Апырмай, азуы аран қолтырауынның көз жасын көріп, қорыққаннан талып қалуымыз да бек мүмкін… Тазалығымды дәлелдеу үшін «детектор лжиға» түсуге де бара алам дейді! Шылғи өтірік! Оның жүрген жерінің бәрі дау, бәрінде де сумаңдаған суық қол! Ректор кезінде Жүргенов академиясында параға белшесінен батып, доллардың шетін көрсетпесең, магистранттық тұрмақ, бакалавриаттың маңына жолай алмай қалған жағдайды былай қойғанда, ректордың жап-жас, сұлу студент қыздардың санын сипайтын «қызыл» кабинетіндегі сарыауыздығы ұмытылып, дау шыққанда, сол қыздар детекторға келіңіз деп шақырғанда, өзі енді еске алып отырған «детектор лжидан» қашып кеткені есінен тарс шығыпты! Тіпті өзі музыкант боп бір күн отырмаған оркестрдің нотасын тасып жүріп те, көзі түскен келіншектердің мықынын мыжып, «мачо-сымақ» болғысы келген масқарасы да жабулы қазанда жатыр екен… «Бағы жанып» бес жыл министрлік тақта отырғанда, аузына келген бидай-былдырықты шатып, «шешендігімен» айдай әлемге масқарасы шығып, әйкәпір болғаны, министрліктің екі бірдей жауапты маманы (бірі жауапты хатшы да, екіншісі коррупцияға қарсы! департаментінің басшысы) парамен ұсталып, өзі белгілі «еңбегімен» аман қалып, «шелек жалаған» екі сормаңдай бірі сегіз, екіншісі жеті жылға түрмеге жабылғаны да есте жоқ екен… Тазалығы осы ма? Демек, Мемлекет басшысына да өтірік айтып отыр! Ал «детектор лжиға» дайынмын дегеніне де сену қиын-ау… Арыстанбек аман болса, «лжиыңның» да тілін табар… Бір амалын істер… Мұны бір деңіз.
Арыстанбектің екінші өтірігі:
Видеожазбасында Тұңғышбай Жаманқұлов үш миллион долларды Америкаға алып кетпекші болған жерінен «ұстап» алып, мемлекетке орасан пайда келтіріпті! Есті адам сенбейтін арсыз өтірік! Министрге!.. сонаау америкаға ай-шай жоқ, жымқырғысы келіп тұрған ақшаны аударып бер, деп алқымға алар қандай ақмақ бар екен бұл жалғанда?! Айтарға сөз жоқ, тіпті! Бұл жағдайдың шыны былай, әділет іздегіш жасалаштық жалған жанашыр, тыңда: «Феникс» фильмін түсірерде, теңге бағамы екі есеге арзандап кетті де, қаражат жетімсіз боп қалған соң, жанұшырып, демеуші іздедік. Мен Мәскеу асып, «Роскосмосқа» кеттім. Талғат Жәнібеков шетелдік әріптестері арқылы Голливудтық бір демеуші тапты. Олар біздің сценарийді оқып, қатты қызықты да, инвестор болу үшін фильмді бірігіп түсіруге ниет танытты. Яғни, өз тарапынан олар да үш миллион қаржы қосатын болды. Арыстанбек жапқан жалаға жалау қосып отырған жасалаштықтар үшін, тайға таңба басқандай етіп, анық-қанығын көздерін шұқып айтайын – біздің ақша бізде, Қазақстанда жұмсалады, ал америкалықтар өз ақшаларын америкада жұмсайды, онда түсірілетін эпизодтар мен басты рөлдің бірін ойнауға ниет білдірген Квентин Тарантиноның гонорарын төлеуге, сценарийді халықаралық стильге бейімдейтін авторға, ең бастысы – болашақ фильмді дүниежүзілік прокатқа шығарудың қаражатын мойындарына алмақ болды! Бұл өте оңтайлы, керемет идея еді! Бүкіл киношыл әлем біледі: голливудтай орасан зор кинофабрика фильмге бір доллар салса, одан, кем дегенде, біржарым доллар пайда түсірмесе, асылып өлуге дейін барады емес пе!
Демек, ол жобадан міндетті түрде Қазақстанға сол пайданың жартысы түсері хақ еді. Арыстанбек бізді түсейін деп тұрған пайдадан айырды, бір… Елімізге инвестиция түсірмей, қылмыс жасады, екі…
Алдын ала жүргізілген ауызекі ниеттес келісімдер бойынша, енді Лос-Анжелеске барып, негізгі ресми келісімшартқа отыруға виза алып қойған жерімізден, ойда жоқта ши шығып, жол қаражатқа қажет соманы шотымызға аудармай, жолсапарға жібертпей, әлекке салған Арыстанбектің арам ойын кейін білдік. «Қазақфильмнің» сол кездегі жауапты қызметкері (ол да тергеуде дейді…) біздің қаржыға жауапты адамымыз Н.Юдинаға ымдап, ақ қағазға жүз мың доллар деп жазып, сұқ саусағын жоғары көтеріпті. Киностудияның ым-жымымен жақсы таныс Юдина онысын бірден түсініп, маған келді, беру керек, әйтпесе, жұмысымыз жүрмейтінін айтты. Мен министрдің стилін ректор кезінен білгендіктен, кейінірек береміз деп алдаусыратуға көндіре алмадым… Ашуға ерік берген орыс мінезді режиссер Талғат теледидардан ақша сұрады, деп интервью беріп-ақ жібергені… Шатақ басталды да кетті! Артынша, Еңлік Сыдықова деген қызымыз, Арыстанбек ректор кезінде мені төсекке тартты, деп ақпарат құралдарында жар салды… Маған келген журналиске «мұндайды естігем, бірақ көзіммен көргем жоқ, көрсем, тұмсығын қан қылар едім», деп мен де айтып жіберіппін… Одан арғысы бүкіл елге мәлім, жасалаштық жалған жанашыр… Ешкімнің қолы бармайтын, сөзі өтпейтін, супер президенттің супер қорғауында болған Арыстанбек ағаш атына қонып, менің төңірегімдегі он бір адамды нахақтан қылмыскер жасап, түрмеге тоғытты! Сол кездегі ләппайшыл антикоррдың тергеушілері, прокурор, судья, бәрі-бәрі «супер» министрдің супер қожайынынан қорықты, астындағы онсыз да мәңгілік емес тағының құлы болды! Еш жазықсыз біздің есеп құжаттарымызды қабылдап, тіпті мемлекеттік Есеп комитетіне өткізіп қойған киностудияның еш жазықсыз қаржы директоры (әйел адам) мен режиссер Талғат Жәнібеков тоғыз ай түрмеде отырып, сағы сынып, ауруға шалдығып шықты. Оларға Т.Жаманқұлов қана ақша жеді, бізді соған итерді деген куәлік ету тапсырылды, тіпті талап етілді. Ал менің бірде-бір қаржы қызметінде жұмысым болған жоқ, еш қағазда қолым жоқ. Менің басты үмітім – басты рөлге түсу ғана еді. Яғни бұл – менің, әлі күнге шарт та жасаспаған, көтензорлықпен әмрикаға аудартпақ болған «үш миллионым» туралы айтқан Арыстанбектің екінші өтірігі!
Арыстанбектің үшінші өтірігі:
Ол видео жазбасында өзінің ақпараттық хатшысы арқылы «тінту кезінде ешқандай суицид болған жоқ, басын қабырғаға ұрып, жарған жоқ, ол жалған ақпарат деп жариялады. Алайда астананың екінші ауруханасында тамыры кесілген қолы мен жарылған басын таңуға емшара бөлмесіне барған Арыстанбекті өз көзімен көрген көптеген адамдарды қайтеміз! Демек, антикоррдың адамдары оның тамырын кесіп, басын жармаған болды ғой. Олай болса, бұл жағдайды неге көз жасын төгіп жария етпеген? Бұл – үшінші өтірігі.
Арыстанбектің төртінші өтірігі:
Тағы да сол ақпарат хатшысы арқылы не дейсің, Арыстанбек қайтыс болыпты деген суық хабар әлемжеліде бұрқ ете қалды. Бұл сұмдықты да ойлап тапқан сол Арыстанбектің өзі екенінде еш күмән жоқ, өйткені вице-министр істі бопты, үйінде, музейде тінту жүріп жатыр деген ақпарат шығысымен, сол үш күннің ішінде мыңдаған комментарийлер әлеуметтік желіні жарып жібере жаздағанынан хабардар шығарсың, жасалаштық жалған жанашыр! Ал әлгіндей жаманат хабардан соң, ырымшыл қазағым, өлгеннің артынан жаман сөз айтпайтын әдетіне басып, қаптаған комменттер сап тыйылды емес пе? Адам баласының ойына келмейтін осындай тәсілді пайдалануы – еріксіз жағаңды ұстатады! Міне, бұл – төртінші өтірігі!
Арыстанбектің бесінші өтірігі:
Әйтеуір, бір тергеу-тексеру болатынын Ар-екең білді! Тінту жүргізіле бастады деген ақпарат шыға салысымен, бар-жоғы екі сағаттан соң, оның жарты сағатқа созылған шылғи өтіріктен тұратын видеосы жарияланды. Мұндай үндеу негізі бір аптадай дайындалады емес пе? Демек, түбі тергеу жүргізілетінін жақсы білген ол, алдын ала дайындалып, селкеу шығып қалады-ау деген қылмыстық құжаттарды тазалап, айтатын, сөзі әлі де өтетін жерлерге кісі жіберіп, «тірлігін» тиянақтап, пісенттеп алды ғой! Осылайша ол – антикоррдың аңқауларының алдына қойған бесінші өтірігі!
Арыстанбектің алтыншы өтірігі:
Видеоүндеуінде беті бүлк етпестен, менің артымда, маған «күш» беріп отырған Дариға Назарбаева деп соқты! Мен өмірі жүзін де көрмеген Бағлан Майлыбаевты, киностудияның бұрынғы басшысы Ермек Аманшаевты да менің «бандыма» қосып жіберіпті. Астапыралла, мұндай да сұмдық, мұндай да алапат, сұрапыл өтірік болады екен-ау! Егер деймін де, Д.Назарбаеваның өзі менің қорғаушым болса, қанша жерден «супер» министр болса да, мен оның «құрығына» тұтылар ма едім? Бұл оның ең бір аяр, арамы өтірігі! Мемлекет басшысына жасаған жалған реверансының сиқы! Бұл – алтыншы өтірігі.
Арыстанбектің жетінші өтірігі:
Бұл өтірігін сен ашып беріп отырсың, жасалаштық жалған жанашыр! Мені қиянаттап, жерден алып, жерге салған материалыңда өнерге қатысы жоқ тренер, спорт төрешісі сияқты тұрлаусыздарды қосып, мақұл дейді-ау дейтін, «қашқанға да серік, қуғанға де серік» етіп, біраз өнер майталмандарының аузына мені жамандатқан ойларыңды тыққыштапсың! Бұны саған сол Арыстанбек деген алапат интриган жазғызып отыр! Алтынбек Қоразбаевтан кейін газеттеріңе көзі түскен Талғат Теменов пен Нұрғали Нүсіпжанов ақсақал қарадай күйініп, ондай хатқа қол қоймағанын, тіпті естімегенін айтып, сендерді сотқа бермекші! Скриншоттары менде тұр, көшірмесін салып жіберейін бе? Ал жасының үлкендігін саудаға салмай, кісілігі мен абырой-атағына кір келтірмей, келе жатқан Бибігүл Төлегенова, бұл масқараларыңнан, әзірге, хабардар да емес шығар. Бұл жайды алда-жалда ести қалса, әманда әділет аулында жүрген апамыз сендердің иттерілеріңді бастарыңа қаптамасына кім кепіл! Арыстанбектің сүйкімдісі, мен екі өмірде тым болмаса, түрін де көрмеген, опера театрының экс-директоры Ая Қалиевамен қай жерде қақтығысып қалыппыз! Ал Асан ағамның маған деген «ағалық қамқорымен» бүкіл қазақ елі хабардар. Суға батсам, қолын созудың орнына басымнан итеріп, батырып жіберетін пиғылын біледі екенсің, рақмет! Әй қайдам, бірақ… қартайып, қайғы ойлап, өткен-кеткен пенделігінен алыс болғысы келіп, тәуба тілеп, қайсыбір отырыстарда мені қасына шақырып, ақыры, аз-аздап ағалық сезімі ашыла түскенде, бұларың тағы ұят болды ау! Құдай біледі, бұл жолы бұл кісі де сендердің «жатаберістеріңнен» хабарсыз-ау! Қайын атасы Айманов ала алмай кеткен атақты алып берген мен деп, қайда барады, қояды қолын деп, Арыстанбек тізеге басты ма? Онда, тіптен өтіріктерін былай қойғанда, иттік те жасаған екен!
Тергеу шегіне жетер, Қазақ хандығының 550 жылдығы эпопеясындағы кинолары бар, бір-ақ күндік театр қойылымдары бар, концерт-шерулерге шаш етектен шашылған қаржының құпиясы ашылса, аста төк шараларда терең байланыста болған, жең ұшынан жалғасқан «қанды көйлек» достары А.Майемировтың, Ж.Сейдоллаұлының, Ж.Болдықовалардың септеулі «қызметтері» жария болса, қандай уәж айтар екенсіңдер! Кезінде «халықтық антикор» деген бүркеншік атпен Арыстанбектің он екі миллиард байлығының атын атап, түсін түстеп берген ақпарат та кәдеге жарап қалса, қай тесікке тығылар екенсіңдер… Арекең министр бола салысымен, әйелі орасан зор бизнесвумен, енесі елорданың қақ төріндегі қонақ үйдің қожасы бола қалғаны, бесіктен белі шықпаған ұлы мен қызы да мал тапқыш, жолы болғыш бизнесмен боп кеткендері ойландырмай ма? Ипподром, Қазақ энциклопедиясы, Шапағат базары, эәулім сарайға бергісіз коттедждер аспаннан түсті ме?
Абай хәкім айткандай: «Жұрт айтса болды, көп айтса, көнді» деп, жөнді-жөнсіз, ақ-қарасы беймағлұм дырдуға жалпақ шешейлікпен қосыла кете берсек, оңамыз ба, бойымыз түзеле ме? Ол үшін шапан киеміз бе, шырағданымыз жана ма? Ат мінеміз бе, астаудан ет асаймыз ба? Тақым қажаларын, тамағымызға тас тұрарын ойламай, қашанғы далақтаймыз? «Ауруын жасырған өледі…» дегенді де аңғал қазақ айтқан. Әділет мен жақта болып, бүкіл қазақ елі күткен ертеңгі Жаңа Қазақстан орнағанда, еститін Үкімет естісе, не істейсің? Ертеңгі үмітін бүкіл ел үкілеп отырғанда, отыз жыл бойы отыз өзгеріп, әптер-дәптер болған Ата заңымызды қалпына келтіруге, әлем алдында ұятқа қалдырып, жерге қаратқанынан тазартып, пәтігін көтеріп, ажарландыруға арналған республикалық Референдум алдында осындай оспадарлыққа бармай-ақ қойсаң болар еді… Қайтейін, қайсыбірін айтайын…
Отыз жыл бойы бұқпай келгенде, отыз бірінші жылы бұлғаң еткендерің көңіл қалдырды. Жатқа кеткен есемізді айтпағанда, өзіміздің есірік атқан ет-бауыр емшектесіміздің қағынан жерігеніне қарадай қалай күйінбейсің?.. Сендер «ол да бір азаматымыз еді ғой», деп араша түсіп, ара билік жасамақ болған суық қолды өзіміздің тұрлаусыздардан, басқан ізі бұдырсыздардан, намыссыздардан көрген қорлығынан көсегесі әлі күнге көгермей келе жатқан қайран да менің қазағым, көзің енді ашыла ма дегенде… Қанша жыл бойы қанға сіңген құл қасиеттен ада болып, өз бағың қашан өзіңе бұйыра ма дегенде? Көзің ашылса екен, тезірек… Өз бағың мен байлығың өзіңе бұйырса екен тезірек… Жетсек екен сол күнге! Көріп кетсек екен сол Күнді!
Жас Алаш газеті
[:]