[:kz]
Өмірде адам таңғаларлық оқиғалар көп болады. Жуырда Қызылорда облысының тұрғыны бұрын ажырасқан әйелін қайтадан алып қашып, дүркіретіп той жасады. Бұл жағдай жұртты елең еткізсе де, думанға жиналған көпшілік жастарға бақыт тіледі. Екінші мәрте күйеуінің шаңырағын аттаған «келінді» Stan.kz тілшісі тауып, әңгімелескен еді.
Жазираның жасы биыл 34-ке толды. Осыдан тура он жыл бұрын алғаш рет тұрмысқа шығып, сүйіктісімен некесін қидырған. Күйеуі Абзал екеуі бір мектептің түлектері, бір-бірін жақсы таниды. Қаладан оқу бітіріп келген жастар, отбасын құрып, жаңа өмірді бірге бастауға шешім қабылдаған. Болашақ құдалар дереу тойға дайындалып, қуанышты күнді лайықты атап өтуге кірісіп кеткен.
«Абзал — бір отбасының жалғыз ұлы, ата-анасының үмітін арқалаған азамат. Мен жарымның ризашылығын алу үшін, ата-анасының көңілін табуым керек екенін жақсы түсіндім. Келін болып түскен күннен бастап, үйдің шаруасын жақсы жүргізуге тырыстым. Сиыр сауып, айран пісуді, құрт дайындауды үйрендім. Өзім ауыл әкімшілігінде есепші болып жұмыс та жасадым. Абзал мал шаруашылығымен айналысып, ірі қараны бордақылауды кәсіп етті. Тұрмысымыз жақсы болды, үйімізден қонақ арылмайтын», — деп әңгімесін бастады жас келіншек.
Араға бір жыл салып Жазираның аяғы ауырлап, дүниеге қыз бала әкелген. Ата-әжесі немерелі болғандарына қуанып, ауыл тұрғындары дүбірлетіп той да жасаған. Кейін көп ұзамай, жас отбасында тағы бір қыз дүниеге келіпті. Алайда бұл жолы ене мен келін арасындағы қарым-қатынас бұзылып, жиі жанжал туындайтын болған.
«Енем, «неге қыз туа бересің» деп ұрысатын болды. Бала Алланың бергені ғой. Ұл бола ма, қыз бола ма маған байланысты емес қой. Мен осыны түсіндіре алмадым. Екінші рет босанғаннан кейін, денсаулығымды жөндеу үшін сақтанатын болдым. Жанұямыздағы жағдай да басылғанын қаладым. Қанша тырыссам да, енемнің қабағы бір жылымады. Ұрысқа сылтау іздейтінді шығарды. Қыздарыма жекіп сөйлейтіні жаныма бататын», — дейді Жазира.
Отбасылық жанжал кезінде Жазираның күйеуі анасын жақтап, әйелін қолдамаған екен. Бұл жағдай жас келіншектің жанына қатты батқанын айтады. Осыдан үш жыл бұрын қызылордалық әйел алғаш рет балаларын алып, төркініне кетіп қалған. Абзал тоқта деп те айтпаған көрінеді. «Анам қарсы сөйледің» деп жұбайын айыптап, балағат сөздер айтыпты.
«Сол күні төркініме жылап барғаным әлі есімде. Жанымдағы екі қызым да жылап тұрды. Біраз уақытқа дейін Абзалды күткенім рас. Енем екеуі келіп, үйге алып кетеді деп ойладым. Бірақ күйеуім менің телефоныма да қоңырау соқпай қойды. Ара-арасында ақша салып жіберіп тұрды. Жағдай өзгермегендіктен, мен де ажырасуға арыз тастап сотқа жүгіндім. Заң бойынша некеміз бұзылып, екеуміз екі жаққа кеттік. Мен қалаға жұмысқа тұрып, пәтер жалдадым. Анам балаларға қарауға көмектесіп жүрді», — дейді кейіпкеріміз.
Арада бірнеше ай өткеннен кейін, Абзал Жазираға хабарласып, балаларымен кездескісі келетінін айтқан. Жас келіншек қыздарын әкесіне тапсырып жіберген. Сол уақыттан бастап бұрыңғы күйеуі жиі келіп, жанұясының жанынан табылатын болған. Сөзінше, бұрынғы ерлі-зайыптылардың сезімі қайта оянған. .
«Абзал ата-анасының рұқсатын алып, қалаға көшіп кетті. Ауылдағы кәсібін інілеріне тапсырды. Бұрынғыдай бірге өмір сүретін болдық. Отбасымызбен қайта қауышқанына қуанып жүрдім. Балаларым да әкелерімен бірге бақытты болды. Ақшамызды жиыстырып, өзіміздің баспанамызды алуды армандайтын болдық. Болашаққа деген жоспарларымыз көп», — дейді жас келіншек.
Абзал Жазираны ойда-жоқта алып қашқан. Сүйіктісінің жоспарын жас келіншек мүлдем білмеген. Достарымен бірге әйелді көлікке мінгізіп, ауылға алып кеткен. Іздерімен балалары да келіп, тойдың қадірлі қонағы болыпты.
«Шынымды айтсам, бастапқыда шошып кеттім. Кейін Абзал маған қайтадан үйленгісі келетінін айтты. Ауылдағы үйде кәдімгідей той болды. Тіпті «Беташар» жасағылары да келіпті. Бірақ екі баласы бар келіншектің беті ашылмайтыны белгілі ғой. Енеммен де қазір ара-қатынасымыз әлдеқайда жақсы. Шамалы уақыт ауылда боламыз деп шештік. Ата-әжесі де немерелерін қатты сағынған. Бұл жолы бақытымыз баянды болады деп сенемін», — дейді Жазира.
[:]