[:kz]
Отандық ірі кәсіпкерлердің бірі Батыр Сиябек өзінің жеке өмірі туралы жасырмай айтты. Ол өзінің өмірден озған досының жарын балаларымен екінші әйел ретінде алғанын жеткізді. Нұрсейіт Жылқышыбайдың «Жұртым жұтамасын» бағдарламасына қонақ болған бизнесмен екінші әйел алуға бәйбішесінің рұқсатын қалай алғанын айтып берді деп жазады KAZ.NUR.KZ. Өзінің кәсібі, қызметі жайында сөз еткен бизнесмен бүгінде ірі кәсіпкерлердің бірі саналады.
Ол өз сұқбатында қазіргі заман жастарының әлеуетін, нарықтағы инфобизнесмендер, Қытай нарығына отандық тәттілерді қалай шығарғаны туралы әңгімеледі. Әңгіме барысында кәсіпкер ата-анаға деген қамқорлық, олардың ризашылығын алу, имандық пен сабырлық секілді қасиеттермен бірге кәсіпкерлікті де қатар алып жүру мәселелерін көтерген. Бұл ретте екі әйелі туралы сөз қозғаған Батыр Сиябек бұл ақпараттың рас екенін және екі жары да Түркия елінде тұрып жатқанын ашық айтты.
Айтуынша, бұдан он бір жыл бұрын өмірден озған досы оған әйелі мен балаларын аманаттап кеткен. Сондықтан, ол жесір әйелдің тағдыр тәлкегіне тастай алмай, екінші әйелі ретінде оған үйленгенін жеткізді.
«Екеуі де Түркияда бір ауданда тұрады. Үйлері жақын. Екінші алған жеңгелеріңіз жолдас баламның әйелі. 2009 жылы қайтыс болды. Денсаулығы болмады. Жақсы жолдас болдық. Кетіп бара жатып, аманат секілді қалдырды. Енді тікелей айтпаса да, балаларыма қамқор бол деп айтты. Оның алдында да әйеліммен жақын араласып жүрген еді. Сондықтан аса қиын болды деп ата алмаймын. Екіншіден әйелім әділдігіме сенген шығар, ниетімді көрген шығар. Сол заттар жеңілдеткен шығар. Бір-бірімен абысындар сияқты араласады», — деді ол. Кәсіпкердің сөзінше, оның екі әйелі бір үйде қонақ күтіп, өзара тату-тәтті өмір сүреді.
[:]