Әлемде тұтастай алғанда 200-ге жуық діни бағыттар бар екен. Олар діни дәстүрлері мен ұстанымдарына, діни институттарының күрделілігіне, күнделікті тірлікті реттеу деңгейіне қарай бөлініп, жіктеледі. Қазіргі кезде Ислам дініндегі күрделі мәселе – мұсылман азаматтардың діни ұстанымдары мен түсініктерінің әртүрлі бағытта, әртүрлі ағымда болуы. Оның күрделі болып тұрғаны соншалық, діни нанымдарға байланысты мұсылмандар арасында үлкен жік пайда болды. Мысалы, биыл Йеменде сунниттер мен шииттер арасындағы қарулы қақтығыстар нәтижесінде қан төгілді. Ислам дініндегі басты екі ағымының өзара сүзісуі Ислам мемлекетінің (ИМ) содырларына тиімді болды. Экстремистер Сирия мен Ирактағы үрей билеген адамдарды жақсы пайдаланды, өйткені олар алғашында бұларды азат етушілер ретінде қабылдады. ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін колонизатор француздар мен ағылшындардың Таяу Шығысты бөлу жөніндегі келісімінен кейін пайда болған Сирия мен Ирак арасындағы шекараны жойып, «ислам халифатын» құрамыз деп мәлімдеді ИМ. Осылайша мұсылмандар діни нанымды үлкен саясатқа айналдырып отыр. Қазақ атам заманнан бері дәстүрлі Ислам дінін ұстанады. Алайда әртүрлі ағымдар біздің елге де келіп, діни ұстанымдардан гөрі саяси мүдделері басым діндарлар арамызға кірді. Оларға ерген кейбір жастарымыз дәстүрлі исламнан алшақтатын басқа ағымдарға бет бұрды. Ондайлар өздерін ислам жолында жүрген нағыз мұсылманбыз деп санайды. Осының барлығы діни сауатымыздың жоқтығынан да шығар. Өйткені көптеген діндарлар Құран сүрелерін жатқа оқығанмен діннің тарихынан хабарсыз. Қазіргі кезде әлемде болып жатқан жаңалықтардан сунниттер, шииттер, алавиттер деген исламның діни тармақтарын жиі естігенмен көпшілігіміз олардың кімдер екендігін байыптай бермейміз. Исламның негізгі діни ағымдарымен жастарымыз таныс болсын деген мақсатта төмендегі анықтаманы беріп отырмыз.
Сонымен сунниттер деген кімдер, шииттер деген кімдер?
Сунниттер – 656 жылы халиф Осман өлгеннен кейін пайда болған, Исламдағы ең көп тараған діни ағым. Оның арабша аты «ахль ас-сунна валь-джамаа» (Суннаның адамдары және қоғамның келісімі). Оның бірінші бөлігі (ахль ас-сунна) пайғамбардың жолымен жүру дегенді білдіреді, ал екіншісі – пайғамбардың және оның артынан ерген серіктестерінің қиындықтарды шешу жолындағы ұлы ісін мойындау. Сунна – Исламдағы құраннан кейінгі негізгі кітап. Бұл кейіннен хадис түрінде ауызша таралған өсиеттер. О баста ауызша айтылғанына қарамастан мұсылмандар үшін негізгі нұсқау болып табылады. Дүние жүзі бойынша исламды ұстанатын мұсылмандардың 90 пайызын (1,5 млрд адам) сунниттер құрайды. Әлем бойынша олар Малайзия, Индонезия, Пәкістан, Бангладеш, Солтүстік Африка, Арабия түбегі, Башқұртстан, Татарстан, Қазақстан және Орта Азия республикаларында тұрады. Иран, Әзірбайжан және сол маңдағы елдер бұған кірмейді. Сунниттер үшін Құран мен сунна – діннің негізгі көздері. Олар үшін хадистердің алтауы (Ибн-Маджи, ан-Насаи, имам Мүслім, әл-Бухари, Әбу Дәуіт және ат-Тирмизи) анық болып саналады. Исламдағы алғашқы төрт халиф Әбу-Бәкір, Омар, Осман және Әлидің басқаруын тақуа деп есептейді.
Шииттерге келетін болсақ, Шийа – «жақтаушы», «жолын қуушы» деген сөзді білдіреді. Бұлар 656 жылы мұсылман қауымына сыйлы болған Осман халиф өлгеннен кейін пайда болды. Әртүрлі дерек көздері бойынша олардың саны бүкіл мұсылмандардың 10-20 пайызы аралығын, 200 млн адамды құрайды. Шииттердің тұратын жерлері Иран (халқының 98%), Бахрейне (75%), Сирия (97), Ливан (30%), БАӘ (27%), Кувейт (25%), Катар (20%), Ирак (54%) және Сауд Арабиясы (10%) болып табылады. Бұлар жалғыз ғана тақуа халиф деп пайғамбардың немере бауыры және күйеу баласы – халиф Әли ибн Әбу Талибты пір тұтады. Шииттердің уағызына қарағанда мұсылмандардың қасиетті жері Меккедегі Қағбада туған тек осы халиф қана. Шииттердің нанымдары бойынша умманы (мұсылман қауымы) Аллахтың таңдауы түскен, Құдай мен адамдардың арасын байланыстыратын жоғары рухани тұлғалар – имамдардың басқаруы тиіс. Бұлар Әли тұқымынан шыққан (Әлиден Махдиге дейінгі 600 — 874 жылдары өмір сүрген) алғашқы 12 имамды қасиетті санайды. Шииттік секталар өте көп, бұлар: исмаилиттер, друздар, алавиттер, зейдиттер, шейхиттер, кайсаниттер, ярсандар және т.б. Қасиетті жерлері: Кербелдегі (Ирак) имам Хусейн және аль-Аббаса мешіттері, Эн-Наджафтағы (Ирак) имам Әли мешіті, Мешхедтегі (Иран) имам Рездің мешіті, Самаррдағы (Ирак) Әли-Асқари мешіті. Қазақстандағы шииттерді әзірбайжан, чешен, ингуш, күрд ұлттарының өкілдері құрайды.
Суфизм. Ертеректе қазақтардың арасынан шыққан сопылар (суфизм) көп болған. Суфизм немесе тасаввуф атауының қалай пайда болғанын әрқалай айтады. Арабша «суф» (жүн) немесе «ас-сафа» (тазалық). Сондай-ақ, алғашқы ахль ас-суффа» (отырған адамдар) деген сөз мешітте өмір сүретін Мұхаммедтің кедей жақтастары дегенді білдіреді. VIII ғасырда пайда болған. Бұл үш кезеңге бөлінеді: аскетизм (зухд), суфизм (тасаввуф), суфийлік бауырластық (тарикат). Сопылардың қатары қазір сиреп қалған, бірақ оны көптеген ислам елдерінен, тіпті кейбір топтарды АҚШ пен Батыс Еуропадан табуға болады. Сопылардың пікірінше, Мұхаммед пайғамбар жеке басты, қоғамды рухани тәрбиелеудің жолын өз өмірін үлгі ретінде көрсетіп кеткен. Олар аскетизмді – азды қанағат тұту, байлықты, билікті, өмірдің рахатына ұмтылмау деген бағытты ұстанды. Аскетизмді хадистерді жинаушылар, Құранды жатқа оқитындар және жихадқа қатысушылар (моджахедтер) ұстанды. Бұлар билікке илікпеді. Исламдағы көптеген ғалымдар мен философтар сопы болған. Ел аралып жүретін дәруіштер осы сопылардан шыққан.
Асария – сунниттік діни наным мектебі, оны қолдайтындар – салафиттер. Асар деген «із», «тарту» дегенді білдіреді, IX ғасырда пайда болды. Каламды (мұсылман философиясы) жоққа шығарады, қатаң түрде тікелей Құран оқуға шақырады. Олардың пікірінше, Құран сөзіне ешқандай түсінік бермей, сол күйінше қабылдауы тиіс. Құранды ешкім жазбаған, ол Құдайдың аузынан шыққан сөз деп санайды. Мұны кім теріске шығарса, ол мұсылман емес.
Салафиттер. Исламдық фундаменталистерді суреттегенде осы салафиттердің ұстанымдарын айтқан сияқты көрінеді. Ас-саляф – «ата-баба», «алда өткен із салушылар» деген ұғымды білдіреді. Ас-саляф ас-салихун – алдымызда өткен ата-бабаларымыздың өмір сүрген жолымен жүруге шақыру. IX-XIV ғасырларда пайда болған. Америкалық исламистердің мәлімдеуінше, бүгінгі күнде әлемдегі салафиттердің саны 50 миллионға жеткен. Олардың аздаған топтары барлық мұсылман мемлекеттерінде бар, негізінен Индия, Мысыр, Судан, Иорданияда тұрады. Бұлар Құдай жалғыз деп сенеді, ислам мәдениетіне келмейтін жаңалықтарды қабылдамайды. Сунниттік ағымдағы салафиттер сопылардың басты сыншылары. Кейінгі кезде «Мұсылман бауырластар» ұйымын салафиттерге жатқызып жүр.
Уаххабизм немесе аль-ваххабийя исламда бұрын болмаған нәрселерді, жаңадан енгізілгендерді теріске шығару, дінді тазарту үшін күрес (джихад) деген ұғымды білдіреді. Бұл ағым XVIII ғасырда өмір сүрген арабтың дін танушысы Мұхаммад ибн Абд әл-Уаххабтың атымен аталады. Оның қатарында қаншама адам бар екені белгісіз, кейбір елдерде мұсылмандардың 5 пайызын құрайды деген мәлімет қана бар. Арабиядан басқарылады. Уахабизм мен салафиттердің идеялары бірдей деуге болады, сондықтан бұл атауларды көбінесе синоним ретінде қолдана береді. Алайда уаххабиттерге қырып-жоятын күш деп қарайтыны да шындық. Мұхаммад ибн Абд әл-Уаххаб нағыз исламды Мұхаммед пайғамбардан кейінгі үш ұрпақ қана таза ұстанған деген пікірде болған, одан кейінгі жаңартуларға ол «дінсіздердің сырттан әкелген өзгерістері» деп қараған. Абд әл-Уаххабтың идеясын қолдаушылар күресіп жүріп 1932 жылы Сауд Арабиясы атты тәуелсіз араб мемлекетін құрды. Қазіргі кезде «уаххабизм» деген сөз исламдық террооризм дегеннің синонимі болып қалыптасып кетті.
Алавиттер (нусайриттер) және алевиттер (қызылбастар). IX ғасырда пайда болған «алавиттер» ағымы Әли пайғамбардың, ал «нусайриттер» сектаны ұйымдастырушы, шииттердің он бірінші имамының оқушысы Мұхаммед ибн Нусайрдің есіміне байланысты осындай атқа ие болды. Бұлардың саны шамамен 5 млн деп айтады, нақты ешкім білмейді. Алавиттердің басым бөлігі Сирия, Түркия, Ливан елдерінде. Бұлар діни көзқарастарын жасырын ұстайды (такия), өздерінің дінін тек қалаулылар ғана білетін құпия білім деп санайды. Басқа мұсылмандардан ерекшеліктері: намазды бес уақыт емес, күніне екі рет қана оқиды, мешітке бармайды, үйінде құлшылық жасайды, той-томалақ немесе өлім-жітім кезінде шарап ішуге рұқсат етілген және олар екі апта ғана ауыз бекітеді. Осындай ұстанымдарына қарап алавиттердің дінін исламға жатқызу қиын. Алайда, олар Мұхаммед пайғамбардың отбасына табынады, Әлиді Құдайдың мәні деп қарайды, Мұхаммед – Құдайдың өзі, Салман әл-Фариси – Құдайға баратын қақпа деп біледі. Алавиттердің бір бөлігі Әлиді Күн бейнесінде көрсе, екінші бөлігі Айға теңейді, біреулері жарыққа, екіншілері қараңғылыққа табынады. Бұл жерде оларда исламға дейінгі пұтқа табынушылықтың (зороастризм) сарқыншақтары әлі де бар екенін көруге болады. Алавиттердің әйелдері дінге қатыстырылмайды.
Бұл Ислам дініндегі басты таралымдар, бұлардың өзі әрі қарай мутазилиттер, хуситтер, зейдиттер, жарудиттер, хариджиттер, ибадиттер, азракиттер мен надждиттер, исмаилиттер, друздар, ашариттер, такфириттер, құраниттер, матуридиттер деп көптеген діни ағымдарға бөліне береді. Олардың барлығын «жіліктеп», жігін айыру теологтардың жұмысы.