[:ru]
Биыл 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан бері табаны күректей 30 жыл өтіпті. Сол жылы 16 желтоқсанда Қазақ КСР компартиясы Орталық Комитетінің V пленумы өтті. Бас-аяғы 18 минутта біткен осы пленумда республиканы көп жылдар басқарған Дінмұхаммед Қонаев орнынан босатылып, мемлекет басшылығына Қазақстаннан мүлде хабары жоқ Ульяновск облысы партия комитетінің бірінші хатшысы болған Геннадий Колбин тағайындалды. Орталықтың бұл әрекетін қазақстандықтар үлкен саяси қателік және қазақ халқының мүддесін жоққа шығару деп есептеді. Мыңдаған адам сол кездегі астанамыз Алматының орталық алаңына шығып, тоталитарлық режимге қарсы наразылығын білдірді. Әрине, коммунистік билікке бұл ұнаған жоқ, дереу қатаң шараларды қолдануға кірісті. Қыс айының сол бір ызғарлы күндері Брежнев атындағы алаңында (қазіргі Республика алаңы) болған оқиға көптеген қазақ жастарының өмірін 180 градусқа бұрып, болашағын бұлыңғыр етті. Талай жандарды сергелдеңге салған, осыдан отыз жыл бұрынғы Желтоқсан оқиғасы алыстаған сайын тарих бетінде жарқырай түспек.
Желтоқсан оқиғасы кезінде мыңдаған адамдар уақытша қамауға алынып, республика бойынша жалпы саны жүздің үстіндегі жастарымыз қылмыстық жазаға тартылды. Алаңдағы көтерілісшілер таратылған соң ішкі істер бөлімдеріне 2401 адам жеткізілген (Алматы түрмесіне сыймағандықтан, қала сыртына апарып тасталғандарды қосып есептегенде барлығы 8,5 мың адам ұсталған. Оқиғаға қатысқандарды саяси тұрғыдан қуғындау басталды. 99 адам сотталды, 264 студент оқудан шығарылды. 1987 жылы жазда КОКП орталық комитетінің қаулысы шығып, желтоқсан оқиғасы қазақ ұлтшылдығының көрінісі ретінде бағаланды. Олардың алды ату жазасына, 15-20 жылғы кесілді. Желтоқсан оқиғасы туралы кітаптағы мәліметтерге қарасақ алғашқы жасалған ресми тізім бойынша 99 адамның екеуіне – Қ. Рысқұлбеков пен М. Әбдіқұловқа өлім жазасы берілген, кейін олардың ісі қайта қаралып 20 жыл бас бостандығынан айырумен алмастырылыпты. Содан кейін бір адам — Т. Тәшенов – 15 жылға, екеуі — Ж. Тайжұмаев пен Қ. Күзембаев -14 жылға, екеуі — 8 жылға, үшеуі — 7 жылға, төртеуі — алты жылға, жиырма екі адам 5 жылға бас бостандығынан айырылған. Сол кезде қылмыстық іс қозғалып, сотты болғандардың саны қазір 110 болып отыр.
Осы кезде қылмыстық жазаға тартылып, екі жылға бас бостандығынан айырылған намысшыл қазақ қыздарының бірі Гүлнәр Сабырғалиқызы Лепесбаева. Алматы облысы Балқаш ауданындағы Қараой ауылынан Алматыға келген Гүлнәр бұл кезде ҚазМУ-дың география факультетіне сырттай оқуға түсіп, осындағы бас киімдер тігетін фабрикада жұмыс істеп жүрген.
– Біз желтоқсанның 17-і күні түнде жатақхананың есігін бұзып шығып, 5-6 қыз орталық алаңға қарай бет алдық. М.Әуезов атындағы драма театрының артына келгенде бірнеше көлікке тиелген әскерилер бізді бас салып тепкіге салды. Сол етіктің іздері денемде әлі бар, — деп есіне алады Гүлнәр Лепесбаева, — содан дәрігерлерге жараларымды таңғызып, таң ата жатақханаға әрең жеттім. Біздің аты-жөніміз жазылған тізім құқық қорғау органдарына тапсырылып қойыпты. Мен ертесінде алаңда үндеу қағаздармен ұсталдым. «Үш күн қанды жексенбі, жұмысқа шықпаңдар!» деп дәптердің парақтарына жазып таратып жүргем. Жанымда тұратын Гүлмира Рахымжанова деген қыз да маған көмектесемін деп күйіп кетті. Содан бізге билікке қарсы «листовка» таратқан деген айып тағылып, іс қозғалды. Біз Гулмира екеуміз және «Долой, Колбин!» деген қағаздарды жазған Гүлнәр Әбілқайырова, Гулвира Канинова, Ғалима Шумаева деген бес қыздың соты бірге болды. Мен ол кезде 21 жаста едім.
Бұл кемелденген социализмнің соңғы сатысынан өтіп, тоқырау заманына келіп тірелген шақ болатын. Ондаған жылдар бойы шешілмей жатқан қоғамдық, әлеуметтік проблемалармен қоса ұлт мәселесіне қатысты асыра сілтеушіліктер халықтың назарынан тыс қалған жоқ. Дәл осы кезде Мәскеудің белден басып елдегі бірінші басшыны ауыстыруы қазақ жұртының жаппай наразылығын тудырды, ашық қарсылық көрсетуге түрткі болды. Желтоқсан оқиғасы бүкіл КСРО-ның саяси өмірін демократияландыруға серпін берді деп айтуға болады. Сол кездегі желтоқсан оқиғасына қатысушылармен жұмыс істеген сот, құқық қорғау органдарының өкілдері де ұлттың намысына ортақтасып, жастардың жазаларын жеңілдетуге тырысқаны белгілі.
– Алғашында сот процестерінде істі болғандарды қатаң жазаларға кесті. Біз уақытты созу үшін тергеу қазақ тілінде жүргізілуін талап еттік. Бірінші тергеушіміз ҚазМу-дың тарих факультетін жаңа бітіріп келген Амангелді деген жас жігіт болды, ол ұрып-соғып, күштеп мойындатқысы келді. Мен жазған үндеу қағазын көрсетіп «сен жаздың ғой, мойында» деп дікілдеген кезде мен ол қағазды аузыма салып жұтып жібердім. Тергеуші басқасын шығарып «мынаны да жұт, менде көп ондай» деп табалағаны есімде. Бірақ жақсы адамдар да бар екен. Мәскеу аудандық МҚК бөлімінің жасы едәуірге келген Олжакерей Сейсенбайұлы деген тергеушісі жақсы көмектесті. Тергеу кезінде үстелді жұдырығымен ұрып, айқайлаған болады да «былай жазыңдар» деп қағазға біздің жауабымызды жазып алдымызға қояды. «Сендерге ату жазасын сұрап жатыр» деп біз үшін қатты қиналып, жылап жібергені бар. Жақсы адам еді, марқұм, сусамыр ауыруына шалдығып ерте қайтыс болыпты. Тергеу үш айға созылды. Көктемде сот болды. Соттың төрайымы Науат Ақынова деген көрікті әйел процесті жүргізді. Темір тордың ішінде отырған бес қызды көріп көңілі босап кетті ғой деймін: «Қыздардың торда отырғаны жаман ырым, бері шығарып алдыңғы қатарға отырғызыңдар!» деп бізді сот залына жайғастырды. Біз Гүлмира екеуміз екі жыл шартты түрде алдық, ал қалған үш қыз түрмеге кетті. Үш ай отырған соң олар да бостандыққа шықты. Олжакерей Сейсенбайұлы мен Науат Ақынова сияқты асыл азаматтардың көмегі істі болған «желтоқсандықтарға» көп тиді. Қиын-қыстау кездерде жасалған мұндай жақсылықтар ешқашан ұмытылмайды. Науат апайға кейіннен гүл алып арнайы бардым. Алғысымды айттым. Қазір ол кісі де жоқ, бақилыққа аттанған, — дейді Гүлнәр Лепесбаева.
Гүлнәр қазір Алматыда өзінің шағын бизнесімен айналысады.
Алтынорда
[:]