[:kz]
«Біз Қазақстан Республикасының егемендігі Конституция мен заңдардың берік арқауы мен халық мүддесіне қызмет ететін мемлекеттік аппараттың кәсіби және негізді іс-қимылына арқа сүйеуін қамтамасыз еттік. Тәуелсіздігіміздің жоғары халықаралық беделмен және ұлттық қауіпсіздіктің тиімді жүйесімен сенімді қорғалуын қамтамасыз еттік».
Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол
Мемлекет басшысының 2016 жылғы 6 қаңтардағы мақаласы
Өткен демалыс күні Қазақстан Республикасы «Сырбар» сыртқы барлау қызметінің құрылғанына 20 жыл толды. Сыртқы барлау саласындағы уәкілетті орган ретінде арнайы қызметтің міндеттері жүктелген «Сырбар» – Қазақстан Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган. Сыртқы барлау қызметі еліміздің басқа да әскери салалары сияқты мемлекеттің қауіпсіздігін, тұтастығын қорғауға, қауіп-қатерлердің алдын алуға негізделген. Бүгінгі «Сырбар» Сыртқы барлау қызметі өресі биік элиттік құрылым болып саналады. Осы уақытқа дейін құпия болып келген сыртқы барлау қызметі аздап болса да өз жұмыстарымен халықты таныстыра бастады. Жиырма жылдық мерейтой қарсаңында «Сыртқы барлау» атты қазақстандық сыртқы барлаушылардың шет елдердегі құпия операциялары туралы баяндалатын тұңғыш кітап жарыққа шықты. Кеше кешкісін «Хабар» телеарнасынан бірінші рет сыртқы барлау қызметі туралы арнайы түсірілген деректі фильм көрсетілді.
1992 жылдың 13 шілдесінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Ұлттық қауіпсіздік комитеті құрылды. Ал 1993 жылдың 15 қазанында «ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінде және Қорғаныс министрлігінде барлау бөлімдерін құру туралы» жарлығы шықты. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрамында болған сыртқы барлау қызметі ол кезде Бірінші Бас басқарма (ПГУ) деп аталды. Кейіннен, 1997 жылдың 5 қарашасында Президент «Барлау» қызметін құру туралы жарлыққа қол қойды. Қазақстан Республикасы «Сырбар» Сыртқы барлау қызметінің тарихы осы күннен басталады.
Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін дербес мемлекеттік басқару жүйесіне көшкен тәуелсіз Қазақстан алғашқы жылдарда экономикалық, саяси тұрғыдан біршама қиыншылықтарға кездескені белгілі. Жас мемлекетімізге тез арада алыс-жақын шет елдермен дипломатиялық қарым-қатынастар орнату, саяси диалогтарды жоғарғы деңгейде жүргізу, экономикалық ынтымақтастықты жолға қою сияқты кезек күттірмейтін жұмыстарды атқару қажет болды. Осындай жағдайда біздің елімізге өзіндік барлау құрылымын жасау тиімді еді. Қазақстан Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Бірінші Бас Басқармасы (сыртқы барлау қызметі) бұған дейін Мәскеуге бағынып келген. Қысқасы, КСРО ыдырағаннан кейін әрбір одақтас республикаға өзінің барлау жүйесін құру керек болды. Сөйтіп осыдан жиырма жыл бұрын бүгінгі Қазақстан Республикасының «Сырбар» сыртқы барлау қызметі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрамынан жеке ведомство болып бөлініп шығып, жеке отау тікті.
Ең көне кәсіптердің бірі – журналистиканың тарихы біздің дәуірімізге дейінгі мыңжылдықтардағы папирусқа жазылған хаттардан басталады. Ал барлау жұмыстары одан бұрын пайда болса керек. Алғашқы қауымдастықтардың адамдары аңға шығу үшін алдымен барлау жасады емес пе. Барлау қызметінің алғышарттарының қашан пайда болғанын кім білсін, бірақ ең ежелгі мамандықтардың бірі екендігіне дау жоқ. Қандай жойқын соғыстар болмасын барлаусыз басталмаған. Ұлы Шыңғыс ханның, Македонский, Наполеондардың әрбір шабуылы барлаушылардың әкелген мәліметтерінің негізінде жүзеге асырылғаны тарихтан белгілі. Кеңес өкіметі тұсында Қазақстанның сыртқы барлау қызметі, азғана уақытта Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіндегі кішігірім бөлімнен осы жүйедегі аймақтық құрылымдардың ішіндегі ірі басқарма деңгейіне дейін өсті. Кеңес өкіметі ыдырағаннан кейін дербес мемлекеттік басқару жүйесіне көшкен тәуелсіз Қазақстан алғашқы жылдарда экономикалық, саяси тұрғыдан біршама қиыншылықтарға кездескені белгілі. Жас мемлекетімізге тез арада алыс-жақын шетелдермен дипломатиялық қарым-қатынастар орнату, саяси диалогтарды жоғарғы деңгейде жүргізу, экономикалық ынтымақтастықты жолға қою сияқты кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу қажет болды. Осындай жағдайда біздің елімізге өзіндік барлау құрылымын жасау тиімді еді.
Еліміздің тәуелсіздік алуына, аяғына нық тұруына орасан үлес қосқан қазіргі «Сырбар» Сыртқы барлау қызметінің тарихы осы күннен басталғанмен, Қазақстан сыртқы барлау қызметінің тамыры тым тереңде жатыр. Жиырма жыл дегеніңіз бір адамның ғұмырында аз уақыт емес, ал мемлекеттік құрылым үшін қас-қағым ғана мезет. Сыртқы барлау қызметінің тарихы енді қалыптасып келе жатыр. Алайда бұл арнаулы қызметтің жеке құрылымға жеткенге дейінгі өзіндік тарихы жетерлік.
Қазақ хандарының барлау жасайтын құпия қызметшілері «ертуыл» деп аталған. Ол моңғол тілінде шолғыншы, күзетші, қарауыл, киіз үй, күрке деген бірнеше мағынаны білдіретін «ергеуіл» сөзінен шыққан. Ертуыл қазіргі тілмен айтқанда агент, шпион, астыртын, құпия барлаушы дегенді білдіреді. Әрине, біздің ата-бабаларымыз өркениеті, ғылыми-техникалық жағынан қазіргідей өркендеген заманда өмір сүрген жоқ, ол кезде бүгінгі құпия қызметтің қолданатын айла-тәсілдері, «экономикалық», «өндірістік», «ғарыштық» шпионаж деген түсініктер болмаған. Алайда қазақ хандары ертуылдары арқылы көршілерінің тұрмыстары, әл-ауқаттары, әскерлерінің күш-қуаты туралы мәліметтер алып отырған. Бұл тек қазақ хандарына ғана емес, барлық елдердің билеушілеріне тән нәрсе. Ертуылдардың жеткізетін мәліметтері арқылы үлкен қантөгістердің алдын алған немесе аз күшпен жаудың бетін қайтарған оқиғалар тарихта аз емес. Сондықтан кейде бір барлаушының мүлтіксіз атқарған қызметі мыңдаған жауынгердің өміріне пара-пар болады.
Қазіргі кезде бұл қызметті генерал-майор Ғабит Байжанов басқарады. Бүгінде «Сырбар» әлемдік сыртқы барлау ведомстволардың ішінде өз орынын алған, салмақты құрылымға айналды. Бұл – ақылды, сақтықты, ұстамдылықты қажет ететін үлкен дипломатиялық жұмыс. Сыртқы барлау қызметі білектің күшіне емес, ой еңбегіне негізделген интелектуалды қызмет түріне жатады. Сыртқы барлау қызметінің негізгі жұмысы тек мемлекеттік маңызы бар «құпия» және «өте құпия» құжаттардан тұрады. Бүгінгі күні шетелдік арнайы қызмет өкілдерімен «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», бірлесіп жұмыс істеу халықаралық терроризм, діни экстремизм, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, жаппай қырып-жою қаруының және екіжақты пайдаланылатын технологиялар мен өнімдердің шекаралардан өтуіне қарсы тосқауыл қоюға бағытталған, өте тиімді тәсіл болып саналады. Бұл жағынан қарағанда арнайы қызметтің жүгі «қырғи қабақ соғыс» кезіндегіден біршама жеңілдеді деп айтуға болады. Қай елдің барлаушылары болмасын шет елдерде өз мемлекетінің мүддесі үшін қажетті құпия ақпараттар жинайды, арнайы тапсырмаларды орындайды.
«Қанжар мен сулық рыцарьлары» немесе «көрінбейтін майданның батырлары» деген әдеби атақ алып, барлаушылардың ерліктерімен елді еліктірген кейіпкерлер Джеймс Бонд, Штирлиц-Исаевтардың талай прототиптері дәл қазір халыққа қалтқысыз қызмет етіп «сыртта» жүр. Барлаушылардың жұмысы қай заманда да жеңіл болған емес, бұларға көбінесе Рихард Зорге, Рудольф Абель, Конон Молодый сияқты кеңестік барлаушылардың баяғыда салып кеткен қиын соқпақтарымен жүруге тура келеді. Сондықтан сыртқы барлау қызметіне кез-келген адамды алмайды, бұл жұмыс әркімнің қолынан келе де бермейді. Ең бастысы – барлаушы сегіз қырлы, бір сырлы болуға міндетті. Үнемі «екі оттың ортасында», әрбір басқан қадамы қауіп-қатерге толы барлаушылар өзінің кәсіби мейрамын, тіпті туған күндерін маңайындағы адамдармен бөлісіп, бірге тойлай алмайтындай жағдайда жүргенін жұрт біле бермейді. Халық барлаушылардың есімдерін қазіргі кезде білмеуі мүмкін, бірақ олардың істеген ерліктері ешқашан ұмытылмайды, уақыт өте келе, күндердің күнінде бәрібір жарияланады.
Аса шешіліп сөйлей бермейтін сыртқы барлау қызметінің ардагерлерінің ара-тұра беретін сараң сұхбаттарынан басқа бұл арнайы қызмет туралы материалдар халыққа көп жариялана да бермейді. Қандай да болмасын барлау қызметі өздерінің адамдарын аша бермейді. Сондықтан егер нағыз барлаушыны іздеп тауып, сөзге тартқан күннің өзінде оның негізгі қызметі туралы тіс жармайтындығы заңды нәрсе. Сыртқы барлаудың атқаратын қызметі негізінен құпия болғандықтан бұл мекеме өз қызметкерлерінің істеген ерліктерін көп жария ете бермейді. Кеңес үкіметі тұсындағы мемлекеттік деңгейдегі аса маңызды құпия операциялар туралы арада жиырма-отыз жыл өткеннен кейін ғана естіп-біліп жатырмыз. Мысалы, 1972-73 жылдары болған Сирия соғысында жауған оқ пен бомбаның астында жүріп жасаған ерліктері үшін Мәскеудің «Қызыл Жұлдыз», Сирияның «6 қазан» ордендерін кеудесіне таққан Сыртқы барлау қызметінің полковнигі марқұм Маман Жүнісов, Сирияда төрт жыл, одан кейін Ауғанстанда барлау жұмыстарын атқарғаны үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Грамотасымен, Ауғанстанның «Интернационалист-жауынгерге Ауған халқынан», «Ерлігі үшін» медалдарымен марапатталған Тоқтархан Күзембаев, Солтүстік Кореяда, Ауғанстандағы ерліктері үшін екі бірдей «Қызыл Жұлдыз» және Ауғанстан ордендерімен наградталған Әбдіғаппар Мейірмановтар туралы мәліметтер кейінгі жылдары ғана құпия санаттан шығарылды. Кеңес әскері Ауғанстанға кірмей тұрып бірнеше мәрте Кабулға астыртын іссапармен барып Кремльдің саясатына қажетті құпия ақпараттар жинаған да, Ауғанстан астанасындағы Тәж Бек сарайына шабуыл жасаған осы барлаушылар болды. Сол жылдары Әбдіғаппар Мейірманов, Талғат Әмірғалиев, Сабыр Имандосов, Қабдолда Бекжанов, Төлеухан Боқажанов, Наград Сәйкенов сияқты көптеген қазақ офицерлері Ауғанстан жерінде барлау операцияларын жүргізді. Олардың еңбектерін Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметі қазірге дейін қатты бағалайды. Тәуелсіз еліміздің Сыртқы барлау қызметінің іргетасын қалаған білікті басшылар, отставкадағы генералдар – Жүкен Марденов, Болат Мешінбаев, Жеңіс Рысбаевтар бастаған жоғарыда аталған бір топ полковниктерді Ресей жағы медаль, ордендермен марапаттады.
КСРО Ауғанстаннан басқа ешбір елге арнайы әскер кіргізген жоқ, тек белгілі бір тапсырмаларды жүктеп, шағын ғана мамандандырылған жасақтарды аттандырды. Ондай жерлерге алдымен аттанатындар, әрине, арнайы дайындықтан өткен сыртқы барлау офицерлері. Кеңес қарулы күштерінің шет елдердегі соғыс операцияларына қатысуы кейінгі кездерге дейін құпия сақталды. Сондықтан басқа мемлекеттердегі шайқастарға қатысқан әскери мамандар, әсіресе сыртқы барлау офицерлері қай елде, қандай соғыстарға қатысқаны туралы құпияны белгілі бір мерзімге дейін ашпауға қолхат беретін болған. Дегенмен, батыр ұлдарын Отаны ұмытқан емес. Бүгінде олар үкімет тарапынан бірнеше ордендермен, медальдермен, бағалы сыйлықтармен марапатталған арнайы қызметтің құрметті ардагерлері. Әрине, олардың арасындағы көпшілігі қазір арамызда жоқ, тіпті барлаушылардың кейбіреулері «ашылмаған» күйі өмірден озды. Осыған орай айтылса керек, қауіпсіздік қызметіндегілердің арасында: «Барлаушы бірінші болып ұрысқа кіреді, бірақ марапатқа ең соңынан ие болады» деген сөз бар. Халық олардың есімдерін білмеуі мүмкін, бірақ олардың істеген ерліктері ұмытылмауы тиіс. От пен оқтың, қауіп-қатердің ортасында жүріп, халқына қалтқысыз қызмет еткен батыр ағаларымыздың ерліктері кейінгі ұрпақты отанын сүюге шақырып, патриоттыққа тәрбиелейді.
Бүгінгі күні арнаулы қызметтің жиырма жылдық мерейтойы қарсаңында Үкімет және «Сырбар» басшылығы тарапынан марапатталып жатқандардың аты-жөндері белгілі себептермен жұртшылыққа жарияланбайды. Марапатталған екен, демек, барлау батырлары өз міндеттерін мінсіз орындап жатыр деген сөз. Мерейтой құтты болсын, «Сырбардың» сырбаз сарбаздары!
Алтынорда
[:]