АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Қайыржан ТӨРЕЖАН. ӨНЕГЕЛІ ӨМІР [:]

[:kz]

imagesСонау Ұлы Отан соғысы жылдарында құқық қорғау органдарында еңбек жолын бастаған Ұлттық қауіпсіздік қызметінің отставкадағы полковнигі, Ұлттық қауіпсіздік қызметінің Құрметті ардагері Ғазиз Мұхамедғалымұлы БЕКМҰХАМЕДОВ ағамыз бүгінде 90 жасқа толып отыр. Осы мәнді де, мағыналы ғұмырының 34 жылын ол мемлекеттік қауіпсіздік саласына қалтқысыз қызмет етумен өткізді. Ұзақ жылдардағы еңбегі үшін бірнеше мемлекеттік наградалармен, көптеген медальдармен марапатталды. «Жақсы адам қартайса – қазына» деген, жаны жаз, көңілі көктем ағамыз қашанда жастарды маңайына үйіріп, ақылын айтады, жол сілтейді. Ұлағатты ұстаз, тәжірибесі мол салиқалы ақсақалдың өмір жолы шәкірттеріне үлгі, өнеге. Ғазиз ағамыз әлі де тың, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласады, өлең, естелік кітаптар жазады. Торқалы тойы қарсаңында Ғазиз ағамыздың қара шаңырағына бақыт берсін, Алла берген жасына жас қоссын деген тілек айтқымыз келеді.

         Ғазиз Бекмұхамедов Қостанай облысында дүниеге келген. Шешесі қайғылы қазаға ұшырап, жастайынан ата-әжесінің қолында өсті. Ауылдағы жеті жылдық мектепті бітіргеннен кейін еңбеке араласты. Елдегі бас көтерер азаматтардың барлығы майданға аттанып, соғыстың ауыртпалықтары қарттар мен осы тұстас балалардың иығына түсті. Ғазиз Мұхамедғалымұлы соғыс кезіндегі, одан кейінгі елдің әлеуетін, экономикасын қалпына келтіру жылдарындағы барлық тауқыметтерді өзі замандастарымен бірге көрді, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрді. Сол кездердегі ауыртпалықтар шынықтырған Ғазиз аға сияқты қайыңның безіндей карттарымыз қазірге дейін ақылшы болып арамызда жүр.

Ұлы Отан соғысы кезінде жастардан кім болғың келеді, қандай мамандықты таңдайсың деп ешкім сұраған жоқ. Ғазиз Бекмұхамедов та сол заманның түлегі. Оның арманы Ресейдегі геология оқуына бару еді, оған отбасының жағдай көтермеді. Сөйтіп, ол 1942 жылы Меңдіқарадағы педучилищеге оқуға түседі, оны бітірместен комсомол ұйымының жолдамасымен Алматыдағы НКВД (Ішкі істер халық комиссариаты) біржылдық мектебіне жіберіледі. Бұдан кейінгі оның өмір жолы құқық қорғау, қауіпсіздік қызметімен байланысты болды.

– Педучилищенің екінші курсын бітірген жылы Қостанайдан ішкі істер органдарының өкілдері келіп бірнеше жігітті өздеріне қызметке алуға іріктеп алған екен. Сөйтіп, 1944 жылы мамыр – айында Алматыға жиналдық. Темір жолды бірінші рет сонда көрдім. Қостанайдан Троицк, Орск, Орынбор, Ақтобе, Қызылорданы айналып Алматыға дейін жеті күн жүрдік. НКВД мектебі қазіргі Төле би мен Қонаев көшелерінің қиылысында болатын. Бір бөлмеде 20 шақты курсант жатамыз, осы ғимаратта оқимыз. Соғыс кезінде тәртіп өте қатал болды, — деп есіне алады сол бір қиын кездерді Ғазиз аға.

         Алматыдағы оқуды бітіріп елге келген жас маманды Қарасу  аудандық ІІБ жер аударылғандар жөніндегі жедел уәкіл етіп тағайындайды. 1945 жылы Ұлы Жеңісті осы алыс ауданда тойлады. «Соғыс алғашқы 1941-1943 жылдары Кеңес үкіметі Волга өңіріндегі немістерді, Қырым татарларын, қарашай-балкар, чешен-ингуш ұлттарын тылдағы аудандарға көшіру туралы шешім қабылдады. Олардың көпшілігі Қазақстанның алыс аудандарына жіберілді. Отбасы мүшелері жан жаққа бытырап кетті, олардың бірбірін іздеуге мүмкіндіктері болмады. Бірінші күннен бастап қоныс аударушыларға басқа жақтарға шығуға тыйым салынды. Режимді бұзғандар әкімшілік жазаға, ал қайталағандар сот арқылы қудаланатын болды. Жедел уәкіл ретінде менің міндетім – Қазақстанға қоныс аударған немістер, чешендер, ингуштар арасында жедел-агентуралық жұмыстарды жүргізу болды. Ауданды көмекшім Кортунов екеуміз бөліп алдық. Ол кезде автокөлік жоқ, қызмет бабымен 160 шақырым жердегі облыс орталығы Қостанайға қыстың күні салт атпен баратынмын», деп әңгімелейді Ғазиз Мұхамедғалымұлы.

         Соғыстан кейінгі жылдарда таңның атысынан түн жарымға дейін жұмыс істейтін өте қиын кездер болды. Ғазиз Бекмұхамедов бұл қызметте өзін көрсете білді, ұжымда беделге ие болды. Көп ұзамай ол аудандық комсомол комитеті бюросына мүше болды. 1947 жылы ол «Жетіқара алтын» комбинатының Аққарға кенішіне аға жедел уәкіл етіп тағайындалады. Осы кездерде басшылар оған Мәскеудегі НКВД үшжылдық Жоғары мектебіне оқуға баруды ұсынады. Сөйтіп ол бірінші курсқа қабылданады, бірақ ол жақта жүре берсе жеті адамнан тұратын Бекмұхамедовтар отбасының жағдайы нашарлап кететін болды. 1947 жылы азық-түлікке карточка жүйесі әлі алынған жоқ еді. Отбасында Ғазиз бен ағасы ғана жұмыс істейтін, оның алатын 700 сом айлық жалақысы отбасын асырамақ түгілі өзіне де жетпейтін болғандықтан Мәскеудегі оқудан бас тартуға мәжбүр болды.

Елге оралған соң, 1948 жылы Ғазиз Бекмұхамедов облыстық басқарманың Бандитизммен күрес бөлімінің аға тергеушісі болып тағайындалып, Қостанай қаласына көшті. Сол жылы құдай қосқан жары, қазіргі төрт баласының анасы Марпуға Мұсақызына үйленеді. Қызметі де өсті. Осы тұста Қостанай облысында болған ірі қылмыстық істерді ашты. Бұл із кесу, тергеу операциялары туралы Ғазиз аға өзінің «Мои годы в контрразведке» деген кітабында баяндайды. Қарсыбарлау қызметінде көптеген операциялар жариялауға жатпайды, құпия сақталады. Сондықтан бұл жағына келгенде әншейінде әңгімешіл ағамыз тіс жармайды.

Енді Ғазиз Бекмұхамедовтің Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіндегі қарсыбарлау қызметіне қалай келгендігіне көшейік. Ішкі істер министрлігіндегі жедел іздестіру бөлімі 50-ші жылдардың басында жабылып, қызметкерлері милицияның басқа бөлімдеріне ауыстырылды. 1951 жылы  лейтенант Бекмұхамедов ішкі істер жүйесінен қауіпсіздік қызмет басқармасының бөлім бастығы қызметіне ауыстырады. О 1966 жылға дейін Қостанай облыстық МҚК басқармасында қызмет етті, Амангелді аудандық бөлімнің бастығы, МҚК аппаратының Жетіқара ауданы бойынша уәкілі, облыстық басқарма бөлімінің бастығы қызметтерін атқарды. 1966 жылы Ғазиз Бекмұхамедов Семей облыстық МҚК басқармасының қарсыбарлау қызметі бастығының орынбасары болып ауысты. Мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша тапсырмаларды сәтті орындағаны үшін КСРО Жоғарғы кеңесі Президиумының грамотасымен марапатталды.

Ғазиз Бекмұхамедовпен қызметтес болған әріптесі Рашид Шідербаев сол кездерді былай деп есіне алады:  «Ғазекең қызмет бабымен атом полигонының қауіпсіздігі мәселесімен жабық қала Курчатовқа жиі барып тұратын. Семей қаласындағы атом жарылысының адам денсаулығын зерттейтін 4-ші бруцеллезге қарсы диспансердің жұмысын бақылау, Қазақстан-Қытай шекарасы аумағындағы жағдайды тұрақтандыру мәселелері осы кісінің міндеттеріне қарайтын. Со кездерде оның айтқан бір әңгімесі есімде: «Жігіттер, сендер осы маңайында бір зират жоқ қала бар екенін білесіңдер ме? Егер білмесеңдер айтайын, ол мына іргеміздегі Курчатов қаласы. Мұнда еңбек етіп, науқасқа ұшарып, денсаулығын түзей алмағандар өздерінің туған жерлеріне барып дүние салады. Яғни, бұл қалаға келіп жұмыс істейтіндердің барлығы шеттен келген азаматтар. Қаланың жасырын аталып, жабық болуы да содан» дегенде біз расында қаланың маңында бірде бір зират жоқ екендігіне мән бердік».

1973 жылы Ғазиз Бекмұхамедов Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Шымкент облыстық басқармасындағы Қарсыбарлау қызметінің бастығы болып тағайындалды. Өз қызметінде Ғазиз аға көптеген жастарды тәрбиелеп шығарды. Әр жылдары оның қол астында бірге қызмет еткен Е.Куликов, Е.Мұсабаев, М.Рахманқұлов, А.Тастанбеков сияқты бір кездегі жас қызметкерлер кейіннен генерал шеніндегі лауазымдарға жетті. Ішкі істер органдарында, Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінде 34 жыл қызмететіп Ғазиз аға 1978 жылы отставкаға шықты. Зейнеткерлікке шыққанан кейін де ойы сергек, қимылы ширақ Ғазиз аға үйде бос жатқан жоқ. Алматыдағы бірнеше қонақ үйлердің, Жазушылар Одағы демалыс үйінің директоры болды, Ғылым академиясының Микробиология институтында қызмет етті.

Ғазиз аға бала жастан әдебиетке, өнерге құштар болды. Домбыра ұстап, ән айтты, өлең шығарды. Оның осы қабылеттері зейнеткерлікке шыққанан кейін таныла бастады. Бірнеше жылдың ішінде 13 кітабы жарыққа шықты. Оның ішінде «Шабыт», «Бәйтерек» атты өлеңдер жинағы, «Ұрпаққа сөз» деген жастарға арналған өсиеттері, «Үш түйме», «Суреттер сөйлейді», «Мои годы в контрразведке», «Генерал Әубәкір Арыстанбеков» деген естелік кітаптары бар. Ғазиз Бекмұхамедов ұлғайған жасына қарамастан әлі күнге дейін қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Өткен жылдары Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты атты Жолдауын халыққа жеткізу мақсатында мемлекеттік қызметтердің басышлары, халық қалаулылары, саяси партиялардың өкілдері елге шығып кездесулер өткізді. Осы бағтта өз үлестерін қосу үшін ҮҚК Ардагерлер кеңесі жанын үгіт-насихат тобы құрылып, олар бірқатар облыстарды аралап шықты, автошеру ұйымдастырды. Осы шараның белсенді мүшелерінің ішінде жасы тоқсанға жақындап қалған Ғазиз ағамыз да жүрді.

Ғазиз Бекмұхамедов үлкен қарашаңырақтың иесі. Зайыбы Марпуға Мұсақызы екеуі бір қыз, үш ұлды өсірді. Қыздары Роза – музыкант, үлкен ұлы Ғабиден әке жолын қуып офицер болды, ҚР ҰҚК және «Барлау» қызметінде лауазымды қызметтерде болды, отставкадағы полковник. Одан кейінгі ұлдары Нұрлан – инженер-құрылысшы, Нұрбек – инженер-энергетик. Немерелері жоғары оқу орындарын бітіріп, әртүрлі қызметтерде жүр. Алла жазса енді екі жылдан кейін Ғазиз аға мен Марпуға апаның қосылғанына 70 жыл толу тойы болады.

 

Алтынорда

[:]