[:kz]
Нұр-Сұлтанда екінші топ мүгедектігі бар 16 жастағы қызды зорлаған автобус жүргізушісі бостандықта жүр. Ерекше бойжеткеннің ағасы әрі заңды өкілі осылай деп шағымданып отыр. Жәбірленушілер полиция істі бұрмалауы мүмкін деп қауіптенуде. Ал 55 жастағы жүргузішінің қаланы көрсетемін дегеніне алданған қарындасым қорланғанын түсінбейді де дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Aibat жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
16 жастағы қыздың туған ағасы, түрін көрсетуден бас бартып, есімін жасырын қалдыруды өтінді. Ағасының айтуынша, қарындасы туғанынан сал аурумен ауырады. Колледжде оқитын қарындасымның дерт салдарынан кейде бұлшықеттері әлсіз болып қалады, ақыл-есі түзу, ойлауы да жақсы дейді. Тек адамдардың бәріне сенгіш екен.
Сөзінше, ерекшелігін пайдаланды ма Нұр-Сұлтандағы №9 автобустың 55 жастағы жүргізушісі баласымен жасты қызға қаланы көрсетемін деп алдап, қорлық көрсеткен.
Оқиға күндіз 3-4-тер шамасында автобустың ең соңғы аялдамасында болған. Ағасының айтуынша, оқиға болған кезде жүргізуші автобустағы бейнебақылау камерасын шамамен 15 минутқа сөндіріп тастаған.
“Қарындасымның сөзінше, ол автобустың артқы орындығында отырған. Жүргізуші келіп, күш қолданып, киімдерін шешкен. Бір қарағанда оның сал ауруына шалдыққанын білмей қалуы мүмкін. Бірақ оның бұлшықеттері әлсіз. Қарсылық мүлдем көрсете алмаған. Тергеу кезінде жүргізуші “мен оны 18-19 жастағы қыз деп ойладым” деп айтқан”, – дейді қыздың ағасы.
Полиция сұмдық оқиғаға қатысты 120 бап “зорлау” бойынша іс қозғаған. Тергеу жүріп жатыр. Ал 16 жастағы ауруға шалдыққан қызды зорлады деп айыпталған автобус жүргізушісі қамауға алынбапты. Қолхат жазып, бостандықта жүр.
“Жүргізілген жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті ұсталды. Оған қатысты “ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы” қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған”, – дейді Нұр- Сұлтан полиция басқармасы.
Қыздың ағасын да ашындырып отырған осы мәселе. “Қоғамдық көлік жүргізушісі неге қамауға алынбады, оның үстіне кәмелеттік жасқа толмаған қыз екені қылмыстық істе ескерілмеді” дейді ол.
Ал көлік бақылау департаменті күдіктінің автопаркке алты ай бұрын ғана жұмысқа алынғанын, оқиғадан кейін уақытша жұмыстан шеттетілгенін айтты.
“Шешім әлі қабылданған жоқ қой. Оның кінәлі немесе кінәсіз екені әлі белгісіз. Қалай шешім қабылданады соған байланысты бізде соған орай шара қабылдайтын боламыз. Ол қоғамдық көлікте жүргізуші болып, 19 жылжан аса қызмет атқарған”, – дейді көлік бақылау департаменті басшысының орынбасары Қабиболла Райымбек.
Бойжеткеннің анасы екі жыл бұрын көз жұмған. Әкесі шалғайдағы ауылда тұрады. Екінші топтағы мүгедектігі бар қыз ауруына қарамастан оқуда озат болып, биыл Нұр-Сұлтандағы колледжге оқуға түсіпті. Егер автобус жүргізушісінің кінәсі дәлелденсе бес жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айырылуы тиіс.
[:]