[:kz]
Nomad Stunts – еліміздегі каскадерлардың жалғыз кәсіби клубы. Негізін 2000 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі каскадер Жайдарбек Күнқожинов қалаған. “Көшпенділер” фильмінің түсіру тобы негізінде құрылған клубта 54 каскадер жұмыс істейді. Қазақ каскадерлары еліміздің “Көшпенділер”, “Жаужүрек мың бала”, “Рэкетир”, “Шал”, “Монғол”, “Құнанбай”, “Кенже”, “Алмас қылыш” фильмдерінде, сонымен қатар, “Сұлтан Бейбарыс”, “Күндізгі шолушы”, “Тежеусіздер 2”, “47 ронин”, “Конан Варвар”, “Марко Поло” сияқты шетел туындыларында өнер көрсеткен.
Каскадер болу – бала күнгі арманым
Ат үстінде ойнап өскен ауыл балаларының бірімін. Фильмдерден акробаттардың әртүрлі трюгін көріп, қайталауға тырысып, өзімізше жаттығып жүретінбіз. Сол кезден бастап киноға актер ретінде емес, каскадер ретінде түсуді армандадым. Ат үстінде ойнау – сүйікті ісім болғандықтан өмірімді осы өнермен байланыстырғым келді. Осы мақсатпен 2003 жылы Алматыға, Nomad клубына келіп, өз қабілетімді көрсеттім. Содан бері каскадер болып жұмыс істеп, түрлі кинофильмде ойнап келемін.
Елімізде каскадерлар дайындайтын арнайы оқу орны жоқ. Атпен шабу өнерімен әуесқой айналысатындар немесе жылқы үстінде жүруді жақсы көретіндер тек біз сияқты каскадерлар клубына келіп, қабілетін дамыта алады. Өзімнің оқыған мамандығым – электр жабдықтарын автоматтандыру. Бірақ мен бұл салада жұмыс істемедім.
Каскадерлық – қауіпті спорт
Каскадерлықты спорттың бір түрі ретінде қарастыруға болады. Спорт болғанда да, бұл – спорттың қымбат әрі қауіпті түрі. Себебі жылқыны баптаудан бөлек каскадер тәуекелге барып, бүкіл денсаулығын осы жұмысқа құрбан етеді. Кез келген трюк үлкен жігер мен күш-қуатты талап етеді. Жаттығу мен түсірілім уақытында болатын жарақаттар салдарынан 8-9 ай немесе 1 жыл бойы атқа міне алмай қалуың мүмкін.
Жаттығу кезінде киімнің ыңғайлылығы маңызды. Жылқымен жүргенде балтыр қажалады, сол себепті етік киген дұрыс. Одан бөлек, жейде, баскиім, шалбар – әркімнің өз қалауына қарай. Көбіне джинсы – каскадерлар үшін өте ыңғайлы киім.
Каскадерлар істейтін жұмысына қарай екі түрге бөлінеді:
Әмбебап каскадер – кез келген трюкті орындай алады: судағы, оттағы, автокөліктегі, мотоцикл үстіндегі. Сонымен бірге қылыштасу, садақ ату, қол күрес те оларға қиын емес.
Маманданған каскадер – тек бір типтегі күрделі трюктарды орындайды.
Айта кететін жайт, жылқыға қатысты ұлттық ойындарды каскадердың жұмысымен шатастырмау керек. Атбегі өнері мен көкпар ойыны – каскадердың жұмысынан бөлек нәрсе.
Жұмыс әр кезде әртүрлі. Түсірілімдер болмаған кездерде ипподромға келіп жаттығамыз, жаңа трюктар ойлап табамыз, фитнеске барып шынығамыз. Ал киноға шақырса, күндіз-түні қала сыртындағы түсірілім алаңында жұмыс істейміз.
Ипподромдағы жаттығу күніне екі рет, түске дейін және түстен кейін. Жаттығудан соң аттар 1 сағат тамақтанбайды. Себебі денесі қызып тұрады.
Күнделікті жұмыспен қатар біздің клуб мүшелерінің Алматыдағы Fidelity фитнес орталығына барып тегін жаттығуына мүмкіндік бар. Сол үшін аталған орталыққа алғысымды білдіремін.
Жақында “Томирис” фильмінің Қапшағайдағы түсірілімінен келдік. Қазір түсірілімдерден демалып, келесі киноларға күш жинап жүрміз. Біздің 6 каскадерымыз Болгарияға кетсе, 15 каскадер болып, Жаңа Зеландиядағы түсірілімге жол жүрмекпіз. Жақында Болливудтан ұсыныс түсті. 1 жылдық контрактпен Болливудқа барып, қазақ каскадерлары үнді фильмдерінде де төбе көрсетпекпіз.
Атқа мінуге қызығатын балалар көп
Келушілердің жасына емес, талабына қараймыз. Жылқы мініп алып шаба беретін аттракцион емес. Атты физикалық әрі психологиялық тұрғыдан басқара білу керек.
Атқа мінуге қызығатындардың көбі – кішкентай балалар. Оларды атқа көбіне 5 жасынан бастап отырғызамыз. Кішкентайлармен қатар, оқушылар, студенттер, үлкен кісілер де келеді. Жылқымен жүру бел, бұлшықет ауруларына ем екенін бәрі біледі. Денсаулығын жақсарту мақсатында келетіндер бар.
Иппотерапия – медицина ғылымының жүйке жүйесі зақымданған науқасты емдеуге арналған бір тармағы. Иппотерапия дәрігерлерінің айтуынша, жылқы бұлшықетінің қозғалысы массаж жасауға қабілетті және адам ағзасын ақырындап қыздырады. Себебі жылқы температурасы адамның дене қызуынан 1,5 градусқа жоғары болады. Атқа отырғанда тақымға берілетін жылу қан айналымын жақсартады. Ат ақырын жүргеннің өзінде 110 түрлі тербеліс туғызады екен. Жүрген кездегі жануар бұлшықетінің қозғалысы мінген адамға беріледі. Алайда салт жүргенде құлап қалмай, дұрыс отыра білу үшін қимыл-қозғалысты бақылап, тепе-теңдікті сақтау қажет.
Сонымен қатар, біздің клуб қайырымдылықпен айналысады. Алматыдағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектептерден аптасына екі рет оқушылар келіп, атпен жүріп, денсаулығына қажетті терапияны алады. Терапия тегін.
Жылқылар да зейнетке шығады
Біз арнайы үйретілген жылқылармен жұмыс істейміз. Шетелдегі фильмдердің түсіріліміне де өз жылқыларымызды алып барамыз. Жылқыны таңдау, үйрету, баптау – бөлек шаруа. Ал оның үстінде ойнау, түрлі трюкты орындау – біраз уақытты талап ететін жұмыс. Жылқы – таза, адал жануар. Олар бәрін түсінеді. Адамның қорқынышын, сенімсіздігін немесе ұнатпайтынын сезіп қояды. Адал жануарға адалдық танытқан абзал.
Мысалы, мына жылқының есімі – Гром. Гром 8 жаста. Ол рысак тұқымына жатады. Рысак – орыстың желіс жылқысы.
Жылқыларға күніне үш рет жем-су беріледі. Аттарды 2-3 жасынан қартайғанша, күші азайғанша кино түсірілімдерінде, мерекелік іс-шаралар кезінде мініп, қартайғанда зейнетке шығарамыз. Зейнет жасындағы жылқылар күніне 1-2 рет шынығады да, қалған уақытта демалады.
Қазақ каскадерларын әлем таниды
Nomad каскадерлер клубы – жекеменшік мекеме. Мемлекет тарапынан көрсетілетін ешқандай қолдау да, шектеу де жоқ. Кинорежиссерлармен жеке сөйлесіп, келісімшарт бойынша жұмыс істейміз. Фильм түсірілмес бұрын жүргізілетін дайындық жұмысы бар. Дайындықтың өзі біраз уақытты талап етеді.
Қазір қазақ кинематографиясы жаңа қарқынмен дамып келеді. Оның ішінде тарихи фильмдерімізді ерекше атап өтуге болады. Ал қазақтың тарихи киносын жылқысыз, салт аттысыз елестету мүмкін емес. Осы себепті бүгінде каскадерлардың кино саласындағы орны бөлек. Отандық фильмдерде түрлі трюк орындап, киноға түсіп жүргенімізге қуаныштымыз. Қарапайым халық көшеде бізді танып, алғыс білдіріп жатады. Кино саласында жұмыс істейтін режиссер, актер, оператор – барлығы еңбегімізді жоғары бағалап, білмегенін үйреніп алуға тырысады. Фильмдердің алдын ала көрсетіліміне шақырып, атымызды атап таныстырып, қошеметін білдіреді. Осыған орай бізді күрделі трюктарды орындайтын актер деп атауға да болатын шығар. Біз де фильмде ойнауды, камерамен жұмыс істеуді бір кісідей үйрендік. Бүгінде актерлардан кем түспейміз.
Тарихи кинофильмдер ерте заманды, соғыс кезін көрсететін болғасын салмақтылықты, жинақылықты талап етеді. Түсірілім кезінде актерлармен бірдей каскадерлар да сол кездегі ел басына түскен қиындықты сезінуі керек. Каскадердың әр қимылынан батырлық пен ұлтшылдық көрінуі керек, яғни каскадерлар – бұрынғы заманның батырларының бейнесін сомдаушы.
Ұлым атқа мінгенді жақсы көреді
Үлкенім – Санат 7 жаста. Кіші қызым – Інжу 3-те. Ұлым маған қарап каскадерлыққа қызығады. Бірақ атқа енді мініп көріп жатыр. Шамасы “Әкем каскадер ғой, менің жылқы мінбегенім ұят болады” деп ойлайтын болса керек. Аяқ алысы жаман емес. Ер азамат болған соң атпен шаба алғаны өзіне жақсы.
Қазақ – ежелден жылқы түлігін өзіне серік еткен халық. ХХІ ғасыр жылқымен жүретін кезең емес. Бірақ менің мамандығым ер қанаты – атпен байланысты болғанына қуанамын. Бұл – сүйікті ісім.
baribar.kz
[:]