АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Қанатты тұқыртуды қоя тұрайық[:]

[:kz]

«Бокс Америкада туып, Қазақстанда өлді», — депті бір білгіш. Айтады-ау. Әлгінің нені меңзеп тұрғанын оқығанда тіпті таң қалдық. Қара баланы Қанатқа жығып беріппіз.
Өзімізге қатаң қараймыз, ия? Көзбен ғана емес, кішіні үлкейтіп көрсететін көзәйнек, ол аз десеңіз микроскоп тауып аламыз. Сосын көсеуді алып, отты көседік, кеттік…
Бокс тірі. Әзір өлетін түрі жоқ. Ай аман, күн есенде ол да спорттың бір түрі болып өмір сүре береді. Баяғыда Жандос Көкімовтың жолын кескенде селт етпеген, тіпті беріде 1999 жылы Хьюстонда, былайғы жарыс емес, әлем чемпионатында Куба өкпелеп қалады дегенді желеу етіп, Ермахан Ибырайымовты «құрбандыққа» шалғанда түгі кетпеген бокс Қанатқа бола өле салады дейсіз бе?

Сондықтан бетінен оты шығып, әлем алдында қатты ұялып үйлерінде отырғандар, терезедегі пердені ысырып, сыртқа бір қараңыздар да далаға шыға беріңіздер. Бокс жанкүйерлері сіздерге еш өкпелемейді.
Қара баладан қатты ұялып қалғандар бар екен. Оларға да айтайық. Бесінші раундта бір ұрып, қарсыласын екі бүктеген Қанат содан кейін естен танбаса болды, жеңісті еншілейтінін біліп тұрды. Қандай да бір соққыға шыдайтын жігіт емес пе, қашса да пысса да қарсыласына алдырмады. Нокдаун есебінен жеңіске жетті. Рас, тең беруге де болатын еді, бірақ бәсеке Қазақстанда өткенін де есте ұстау керек, негізі.
Сіләмнің ұлын ақтау ойда жоқ.

Қайта сүйсіндік. Не деген мінез! Қарсыласы ұрса езу тартады. Қасқыр секілді. Қақпандағы көкжалды ұрып көріңізші, қыңсыламайды, ыр етуі, ыржың етуі мүмкін. Әйтпесе жата береді. Сізге назар аудармастан. Қанат та солай. Енді жанына бататын соққы өтпеген шығар, бірақ тынысы тарылғанда бетінен тартып жіберсе де оңай емес қой.
Тыныс демекші. Жүріс көп болды. Солай шаршады. О бастан тактика дұрыс таңдалмаған. Стратегия сауатты жасалмаған. Ол енді Нельсон, пельсондардың кемшілігі. Таудай Тұрсынғали Еділов тұрғанда ана бапкерді Америкадан неге алдыртты екен, Қанатжан?
Кезі келгенде сұрармыз. Жігіттің езі болғанда Қанат рингте езу тартпас еді. Қабақ шытқанын көрдіңіз бе? Өзі таңдады. Өзі соңына дейін жеткізуі тиіс екенін ұқты. Уолтер Каутондоквоңыз оңай қарсылас емес. Қанат та қызық. Оны неге таңдайды. Елге әкеліп, екпетінен түсіретін біреуді шақыруы тиіс еді. Жоқ, оған бармады. Өзіне ыңғайсыз, бойы да ұзын, қолы да ұзын әлемдік рейтингте өзімен қатарлас жігітті таңдаған. Тағы да қазақстандықтар шулаған соң. «Дұрыс біреуді әкеліп, жеңсей», – деп айқайладық қой. Уолтер өткенде Деметриуса Андрадеге қарсы сойқан салған. Белдік иесі болғаннан кейін таңдау Қанатқа тиесілі еді. Жоқ, бұл жерде Қанаттың қуылық жаққа аттап баспайтынын ғана айтқымыз келді. Мүмкін өзін сынап көруді де дұрыс көрген болар. Күні ертең Деметриуса Андрадемен кездесіп жатса өзін сауатты ұстау үшін.
Головкинмен салыстаратындар үшін. Геннадий тұтас бір Республика мәпелеп ұстап отырған спортшы. «Емшектен» енді шықса білмедік, бірақ біразға дейін қос қалтасын, қойын-қоншын ақшаға толтырып отырдық. Ел имиджі үшін. Бір боксшы керек еді. Жанында тілге жүйрік, іске пысық топ құрылды. Солар жөн сілтеп, бағыт берді. Әйтпесе бұл деңгейге ол да жете алмас еді. Қайран қазақ ақшасы –ай, кімді биікке шығармадың.
Головкиннің Гена кезінен білемін. Мықты спортшы. Әсіресе әуесқой рингте керемет еді. Афиныда алтын медаль алады деп, үкілеп апардық. Соңы сиырқұймышақтанып бітті. Қазақ баласына құшағы жабық, қабағы қату менің халқым қазақстандық балаларға қамқор әке, мейірбан шешедей қарайды. Ол дұрыс та шығар.

Сол Генадан ешкім әлі сұраған жоқ, Афины финалының тағдырын. Оның бар сырды бүркемей айтып беретініне де күмәнім бар. Жарайды, жүз жылғы әңгімені жамап қайтейін…
Ел қазынасынан қаржыландырылған Генаға да кейде өкпелеп аламын. Өкпелей салатыным, анау ЭКСПО кезінде елге келіп, бір төбелесе салса түгі кетпейтін еді. Және тегін емес. Әжептәуір қаламақыға! Өзі ме. Өзгелері ме, біздің тараптан ұсынылған қаржыны қомсынды деген де сөз. Анығын Алла біледі!
Әлгі Генаға тағы өкпем бар. Биікке шығуыңа саты болған қазақ қазынасы ғой. Осы елдегі бірер бауырыңды неге андеркартыңа неге тіркеп қоймайсың деп… Ол жағын өзі білер енді.Генаның маңында сауатты ұйымдастырушылар жүрді дейтініміз Лемьеден кейін кілең сабалуға жақын жүретін сабаздарды рингке шығарып берді.

Альварес демесеңіз қалғанының шамасы белгілі еді ғой. Тіпті Деревянченко заманы да өтіп кеткен. Заманы десеңіз де ол да бір жар бұзып, тау құлатқан емес еді. Джейкосб дейсіз бе? Ол жігіт те сырқатынан жазылып, боксқа кіріспеп па еді…
Ұялып болдық па? Енді Қанатты тұқыртуды сәл қоя тұрайық. Әзірше сұранысқа ие болған боксшының бірі. Мемлекетке түк зияны жоқ, қазынадан қаржы алмайды. Бір-екі азаматтың қолдауына сүйеніп, анау Арман Рысбектерді қасына ертіп, бокс жасап жүр. Оған басқа болмаса да Алматы риза, айлар өте бокс көреді. Ал, сіздер өз өздеріңізден ұялып, бокс өлді деп, некрологқа тапсырыс беріп… Қажет емес! Аза гүлге деген ақша жинау да керек емес. Бокс әлі тірі. Қанат аман болса, талай жекпе-жек өткізеді, немесе ұйымдастырады. Қайта қолдап жіберейік. Абай атаң айтты ғой: «біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», — деп. Қанат менің досым әрі бауырым. Түтіп жесеңіз де сөзім осы!

Жазба Амангелді Сейітханның  facebook.com парақшасынан автордың рұқсатымен алынды.

Жас Алаш

[:]