[:kz]
Кешегі аптада Жамбыл облысының Жуалы ауданынан Бәйділда Жарқынбековесімді азамат хабарласты. Ол кісі соңғы кездерде ауылда ұрлықтың көбейіп бара жатқанын айтады.
«Бұрын ауылымызда өрістен жылқы мен сиыр, қорадан қой, ешкі ұрланатын еді, – дейді ол кісі. – Қазір ондай ұрлық азайды. Әрине, бұл – қуанарлық жайт. Бірақ оның есесіне ұсақ-түйек ұрлайтындар көбейді. Жуырда бір көршіміз бағып отырған қойын сойып, қырық кило етті сарайына кіргізіп қойыпты. Таңертең барғанда еттен түк қалдырмай алып кеткенін көреді.
Бүгінде біреулер ұн, қаптап қойған көмір ұрлатып жатыр. Біздің үйдің кіре берісінде дәнді дақылдар салынған қапшық бар еді, таяуда біреу соны алып кетіпті. Бұларды кімдердің алып жүргенін сеземіз, күдікті адамдар бар. Бірақ нақты дәлел болмағандықтан ештеңе істей алмаймыз. Өйткені ауылда адамдар ұсақ-түйекке бола полицияға шағымдануды ойламайды, ұрлап кетіпті, соған бұйырсын енді деп қоя салады.
Негізі өзімізден де бар. Қора-жай мен сарай былай тұрсын, үйдің есігін де бекітпейміз ғой. Түнде де сыртқы есіктер ашық-шашық қала береді. Тіпті көп үйлерде шарбақ та жоқ. Сондықтан ұрланатын шығар», – дейді ол кісі.
Қысқасы, «Өз өзіңе берік бол, көршіңді ұры тұтпа» дегенді білетін жуалылықтар қалтадағы ұн, көмір мен еттері ұрланғанына басқаларды кінәлағысы келмейтін сияқты. Олар одан да сақтық шараларын күшейткен дұрыс деп есептейтін секілді.
Ұ. ТӘМЕНОВ
zamana.kz
[:]