[:kz]
Қарағандыдағы хайуанаттар бағында екі келуші тордағы арыстандарға тас лақтырған. Оқиға 2 маусымда орын алыпты. Бұзақылар өздерін дөрекі ұстап, өзгелердің ескертуіне мән бермеген. Олардың әрекеті желі қолданушыларын ашуландырды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.
Теміртау қаласының тұрғыны Анатолий Хайрутдинов жастардың хайуанаттар бағындағы арыстандарға тас лақтырып жатқанына куә болған. Ол бұзақыларды тоқтатпақ болып, тіпті, күзетшілердің көмегіне жүгінген. Алайда сәтсіз болыпты. Сол кезде ол болған оқиғаны видеоға түсіріп алып, желіде жариялап жіберген.
«Бастапқыда олар тамақ, алма лақтырып жатқан болар деп ойладық. Артынша жануарларға тас лақтырып жатқанын түсіндік. Сонымен қатар жігіттер арыстанды ашуландырды. … Жігіттер торға саусағын тығып, айқайлады. Оларды тоқтатпақ болғанымызда, бізді балағаттап, әрекеттерін жалғастырды», — дейді видео авторы.
Өз кезегінде желі қолданушылары жігіттердің әрекетіне ашуланып, оларды сөге жөнелді.
«Олардың қайсы хайуан? Қайсы торда отыруы тиіс? Жабайылар», «Мұндай жастарды көріп өзің ұялады екенсің», «Тәрбие қайда?» — деп жазды олар.
Ал хайуанаттар бағының әкімшілігіндер бейнебақылау камераларындағы жазбаны тексеріп, расымен де мұндай оқиғаның болғанына көз жеткізенін айтты.
«2 маусым күні сағат 18:48 шамасында екі жас жігіттің шарбақтан секіріп, арыстандарға тас лақтыра бастағаны белгілі болды. Осы азаматтарды жауапкершілікке тарту үшін облыстық полиция департаментінің көмегіне жүгіндік. Сондай-ақ, сол күні хайуанаттар бағында кезекші болып, видеоны көрсеткен адамның сөзіне құлақ аспаған кезекші күзетшілер де тәртіптік жауапкершілікке тартылды», — дейді зообақ әкімшілігінің өкілі.
[:]