АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Қарғыстың тылсым күшіне сенетін болдым[:]

[:kz]

 

Қазақта «қарғыс атқан», «қарғысы жібермейді», «ана қарғысы боқ, әке қарғысы оқ» деген сөздер бар. Жас кезімде қарғыстың тылсым күшіне, айтылған қарғыстың текке кетпейтініне онша сенбейтінмін.

 

Ал қазір біреуді жөнсіз нала етпеуге, әлдекімнің қарғысын арқаламауға тырысатын болдым. Өйткені қарғыстың текке кетпейтініне көзім жетті.

Бозбала шақта ештеңені ойлай бермейсің ғой. Біз де жігіт болдық. Қызық көрдік, қымыз іштік, қызға қырындадық дегендей. Ол кезде мектеп бітірген соң бір жыл ауылда жұмыс істемей, жоғары оқу орнының ауылы алыс еді. Мен де ақша табайын, әрі келер жылы оқуға түсуге жолдама алуға көмек болсын деп бір жыл ауылда жұмыс істеуге қалдым. Ауылда құрылыста да істедім, қой қырықтыққа да бардық, одан алыс қыстаудағы шопанға да көмекке бардым. Бір жылда істемегенім қалмады. 

Бірақ қыстауға көмекке барғанда басымның шатылуы өмірімді күрт өзгертті. Қыстаудағы шопанның әйелі, қарт анасы, анасы мен қарт әжесіне көмектесуге қалған жиырмадан енді асқан қызы бар екен. Кішірек ұлдары тек көктемгі, қысқы демалыстарында кеп тұрады екен. Бара сала қораларды жылылап, арасында олардың жем-шөбі әйтеуір шопанның көмекшісінің қызметіне кіретін жұмыстарды істей бердім. Жасы 50 лерге жақындаған, шопан да маған сене ме, әлде титықтап жүрген кезіне тап болдым ба, көп жұмысты менің мойныма арта салды. Шопанның әйелі үйдегі қарт ананың күтімінен-ақ босамайтын. Сосын даладағы әйелге тән жұмысты шопанның қызы Айгүл атқаратын. Басында бір бірімізге үрке қарап жүргенімізбен тез тіл табыстық. Жас адамнан жұмыс ауысқан ба, екеулеп жүріп қораның жұмысын тез-ақ тауысатынбыз. 

Түн баласына бірнеше рет шығып қойларды қарайтынмын. Арасында тезірек жаз шығып, қалаға оқуға кетуді армандайтынмын. Бірақ ауылдан абыройсыздықпен кетемін деп мүлдем ойламаппын. Үйреншікті күндердің бірінде Айгүлмен сөзіміз жарасып қалды. Қит етсе оңашалана беретін болдық. Сөйтіп жүріп өзімнен екі жас үлкен Айгүлдің аяғын ауыр қылып қойғанымды білмей қалыппын. Білген сәтте-ақ үйлену жоспарымда жоқ екенін айттым. Жаздың шығуына қарамастан наурыз айында қойлы ауылдан қашып кеттім. Көп ұзамай артымды шулатып кеткен әңгімем ауылға да жетті. Әкем үйленесің дегенмен мен тыңдамай үйден кеттім. Жолдас баламның үйінде екі күн жатып жасырынып ақша тауып, қалаға кеттім. 

Бірақ үйінде жасырынып жатқанымда жолдас баламның шешесі келіп, «қыздың қарт әжесі үйіңе келіп аңырап жылап кетті. Кетерінде әке-шешеңе айтпаған сөзі қалмады. «Тұқымы өшсін балаңның, қай істе де алғашқыдан жолы болмасын» деп кетті. Бұлардың руы жаманкөз. Қараса көзі түскен жерін ойып түседі, айтса тілдері уытты. Текке кетпейді. Үйіңнен қашып құтылғанмен қарғыстан қашып құтыла алмайсың. Әлі де болса ойлан, кешірім сұрап бар алдарына» деді. Тыңдамадым. Тіпті не анасын жөн дей алмай менің де көңіліме қарап, үндей алмай күмілжіген жолдасыма ренжіп, «үйіне қондырғанын міндетсінді» деп ренжіп кеттім. 

Жастық шақта ештеңеге мән бермейсің ғой. Бірақ содан кейін-ақ жолым болмады. Алғашқы жылы оқуға түсе алмадым. Құрылыста жұмыс істеп жүріп, келесі жылы оқуға тапсырып әзер түстім. Жұмысқа тұру кезінде де көп қиындық көрдім. Бір барған жеріме үнемі екі баратынмын. Тіпті жолға шықсам да алғашқы мінген көлігім не апатқа ұшырайды, не дөңгелегі жарылады. Тіпті кейін диплом алып үйленген соң алғашқы әйеліммен 8 жыл тұрып ажырастым, бала сүйе алмадым. Екінші рет үйлендім. Бірақ бала сүйе алмадым. Қазір жасым елуден асты. Бала сүюден күдерімді үзгем. Баяғы қарт әженің қарғысы жиі еске түседі. Талай медициналық орталықтарды жағаладым. Менің де, жұбайымның да денсаулығынан еш кінәрат таппады. 

Кезінде өз ұрпағымнан сонша жерінгеніме қазір өкінем. Кейін естігенімдей Айгүл көп ұзамай түсік тастапты. Оған да әжесінің қарғысы өтті ме, әлде өзі түсірді ме ол жағын анықтай алмадым. Әйелім менен бала сүйе алмайтынын мойындаған соң сіңлісінің бір қызын асырап алған. Әкем де өле өлгенше сол ісімді кешіре алмай кетті. Тіпті жерлеуіме де келмесін деп сәлем айтқан екен, шыдай алмай бардым. Сол жолы анамнан жылап кешірім сұрадым. Бауырларымның барлығы балалы шағалы. Мен ғана соқа басым сопайып осылай өмір сүріп жатырмын. Қазір бір істі қолға алсам біріншісі сәтсіз шығатынына бой үйретіп те қалдым. Қарғысты мойындай да бастаған секілдімін. Бірақ қазір ештеңені өзгерте алмайсың. Сондықтан басқаларға айтарым, лажы болса қарғыс алмауға тырысыңыздаршы. Қарғыс жібермейді екен.

alashainasy.kz

[:]