АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Кәріс азаматы Қордай дүнгендеріне қазақ тілін үйретпекші[:]

[:kz]

 

 

Бүгінгі кейіпкеріміз — Нұр-Сұлтандағы LingvaTen тіл орталығының директоры, полиглот Владислав Тен. Владислав Өзбекстан республкасында дүниеге келген, ұлты кәріс, негізгі мамандығы дәрігер. Қазақстанға осыдан 10 жыл бұрын қоныс аударған. Бүгінде ол қазақ тілін білмейтін қазақстандықтарға қазақша сөйлеуді, сондай-ақ, ағылшын, кәріс тілдерін үйретедіAzattyq Ruhy тілшісі Нұр-Сұлтандағы LingvaTen орталығына барып, бірнеше тілді меңгерген дәрігерден қазақ тілін тез үйренудің құпиясын біліп қайтты.

ӨЗБЕКСТАНДА ӨМІР СҮРГІҢ КЕЛСЕ, ӨЗБЕКШЕ БІЛУІҢ КЕРЕК

Владиславтың айтуынша, ата-анасы Қазақстанға өзінен 7 жыл бұрын келіп, жеке кәсіптерін ашқан. Ол болса өзінің болашағын тек Өзбекстанмен байланыстырып, біраз уақытқа дейін Қазақстанға келуден бас тартқан. Ал қызметте өсу үшін, 25 жасында өзбек тілін үйренуге тура келген.

 

«Мен Ташкентте тұрғанда Қазақстан туралы ештеңе білмейтінмін. Ата-анам осында қанша шақырғанымен, Өзбекстандағы достарымды қимай біраз жүрдім. 25 жасымда өзбек тілін нөлден бастап үйрене бастадым. Себебі мансабымды өсіргім келсе, мен өзбек тілін білуім міндетті еді. Өзбекстанның Ташкент, Бұқара, Самарқанд сынды ірі қалаларында орыс тілінде сөйлейтіндер бар. Бірақ ондағы орыс тілінде сөйлейтін өзбектің ана тілін білмеуі мүмкін емес. Сол себепті өзбектерде қазақтар сияқты тіл мәселесі «ауруға» айналмаған. Еш өзбек өзге ұлт өкілдеріне барып «сен неге өзбекше сөйлемейсің?» деп айтпайды, олай айтуына негізде жоқ. Ең бастысы ол өз ана тілін біледі және өзгелерге де сол тілде сөйлейді. Егер сен Өзбекстанда өмір сүргің келсе, онда амал жоқ өзбек тілін үйренесің», — дейді ол.

2010 жылы Өзбекстаннан бірден орыстілді адамдар шоғырланған Ақмола облысына қоныс аударған Владислав жергілікті қазақтардың туған тілінде сөйлей алмайтынын естігенде «шок» алған.

«Мен Қазақстанға келгенде дәрігер мамандығын жалғастырамын деп шешім қабылдадым. Дипломым мен құжаттарымды нострификациялау қажет болды. Сосын Өзбекстандағыдай мұнда қазақ тілін білуім керек шығар деген ой болды. Сонда әкем маған: «Балам, сен еш уайымдама! Мұнда ешкім қазақша сөйлемейді, бәрі орыс тілінде сөйлейді» деді. Бұл ақпарат мен үшін жаңалық еді. Себебі бұған дейін мен өзбектер өзбекше, қазақтар қазақша, немістер немісше, кәрістер кәріс тілінде сөйлейді деп ойлайтынмын. Яғни адам алдымен өз ана тілінде сөйлейді, сосын ғана шет тілдерінде сөйлей алады. Ал ата-бабасының жерінде тұрып, ана тілін білмейтін адамдар болады деп ойламаппын»,-дейді ол.

ОЛАР «ТОЛЫҚ ҚАЗАҚ» ЕМЕС

Владиславта бастапқыда ана тілін білмеген. Кейіннен барып ол кәрісше үйренген. Сол себепті ол «шала қазақтардың» жағдайын жақсы білемін дейді. 

«Ата мен әжем таза өзбек тілінде сөйлейтін. Анамның айтуынша, нағашы әжем кәріс және өзбек тілінде сөйлеген екен. Орыс тілінде ара-тұра ғана сөйлейтін болған. Біз Кореядан ТМД-ға жер аударылған кәрістердің үшінші ұрпағымыз. Бірақ біз өз ана тілімізде, яғни, кәріс тілінде сөйлей алмаймыз. Мен сол себепті қазақтардың тілге қатысты «жүрек ауруларын» өте жақсы түсінемін. Жарайды қанымыз кәріс дейік, түріміз Орта Азиялықтардың бәріне ұқсайды, ал тіліміз бен діліміз орыс.

Сонда бізді кәріс етіп тұрған ештеңе жоқ. Тіпті біздің бір бүйрегіміз ресейліктерге бұрып тұрады, Корей елінде не болып жатыр, бізге бәрібір. Әр тілдің рухы бар десек, менің рухым орыс болып тұр. Енді мен қазақ тілін білмейтін қазақтарды неліктен «шала қазақтар» деп атайтынын түсіндім. Олар «толық қазақ» емес, өзінің салт-дәстүрін, рухын, діні мен ділін білмейді. Орыстар үшін олар «орыс» емес, қазақтар оларды «толық қазақ» деп қабылдамайды. Менің марқұм атам бізге өмір бойы «кәріс тілін біліңдер, өзбек тілін үйреніңдер» деп айтып кетті»,-деді ол.

Өзбек тілін жұмыс үшін үйренуге мәжбүр болған Владислав 25 жыл бойы ол тілге құлық танытпауы «менсінбеушіліктен» болғанын жасырмады.

«Мен шетел тілдерінен алғаш рет ағылшын тілін үйрендім. Сосын ойландым, менің жанымда ағылшын тілінің таратушысы жоқ, бірақ мен ол тілді үйреніп алдым. Ал қасымда жүрген өзбектердің тілін әлі күнге дейін не үшін білмеймін деп ойландым. Сөйтсем – менсінбеушілік болған. Сол күннен бастап мен өзбек тілін менсінбеуді қоюға тырысып, өзбекше үйрене бастадым. Одан кейін өзбек достарымның қатары көбейді, ортам кеңейді»,-деді ол.

ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҢАЙ ҮЙРЕТУДІҢ ҚҰПИЯСЫ

Қазақ тілін өздігінен бір жыл ішінде үйреніп алған кейіпкеріміз өзің білмейтін тілге шет тілі ретінде қарау қажет дейді.

«Менің бар құпиям – қазақ тіліне шет тілі ретінде қараймын. Өзім бұл тілді еш мұғалімсіз, қазақтілді ортасыз үйрендім, әлі де үйреніп жатырмын. Ең алдымен қазақ тілінің грамматикасын толықтай меңгердім, екінші – фонетика, яғни, дыбыс жүйесін игердім. Фонетика заңдылығын көпшілігі түсінбейді. Сіздер «қазақ тілін үйрену керек, қазақ тілін білсін» деп орыстілді қазақтарға, өзге ұлттарға ренжисіздер. Бірақ олардың қазақ тілін үйренуіне арналған эффективті бір мықты кітап шығардыңыздар ма? Үкімет осы мәселені қолға алып, оқулық жасап жатыр ма, жоқ», — деп ашынды ол.

Әңгіме барысында ол үйдегі ұлының ең ұнатпайтын сабағы – қазақ тілі екенін айтты. Оған себеп – мұғалімдердің балаларды қазақ тіліне «қызықтыра алмауында» дейді ол.

«Менің екінші сынып оқитын ұлымның ең жек көретін сабағы – қазақ тілі. Үйде ол қазақ тілін оқығысы келмейді. Себеп – оның түсінбеуінде. Түсінбеген соң, жек көреді.  Ал оның мұғалімі мені шақырып: «Владислав, сіздің ұлыңыздың қазақша білмеуі ұят, өзіңіз қазақ тілін үйретеді екенсіз» дейді. Мен айттым: «Не үшін маған ұят? Мен қазақпын ба, мен кәріспін. Үйде баламен орысша сөйлесеміз. Ал баламның қазақ тілін үйрене алмауы сізге ұят» дедім. Мұғалім «неге маған ұят?» дейді.

Сіз өзіңіз жақсы білетін қазақ тілін, менің таза орыстілді балама үйрете алмай жатырсыз дедім. Ол кісі «қазақ тілінде жақсы оқулықтар жоқ» дейді. Ұлым менің YouTube-тан мультфильм көреді, ондағы мультиктердің бәрі ағылшын және орыс тілінде. Қазақ тілді мультикті мен өзім тауып беріп, көрсетемін. Қазақша сөйлесең екілік алмайсың, ертең бәрі қазақ тілінде ғана болады деп қорқытамын. Қазақтардың өзі қазақ тілінде сөйлемесе, олар өзге ұлтқа қалай үлгі болмақ?! Қалайша орыстан немесе немістен «қазақша үйрен» деп талап етесің»,-дейді кейіпкеріміз.

ҚОЖАЙЫН ӨЗ ҮЙІНДЕ ҚОНАҚТЫҢ ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕМЕУІ ТИІС

Владислав 30-ға жуық тілдің грамматикасын меңгерген. Бес тілде толық сөйлейді. Қазіргі таңда жергілікті кәрістерге кәрісше үйретеді. Одан бөлек, қазақ, өзбек және орыс тілдерін біледі. Тіл орталығын ашқанына екі жылға жуық уақыт болған. Қазіргі таңда LingvaTen орталығында 150 бала ағылшын және қазақ тілін үйреніп жүр. 

«Маған көбіне қазақтар келеді. Себебі қазақ тілі қазақтарға керек. 30 жыл бойы неге тіл үйренбеді деп жазғырасыздар, ұрсасыздар. Бірақ араларыңызда бір орыстілді адам болса, бес қазақ отырсаңыздар да, орысша сөйлеп кетесіздер. Ол енді қалай қазақша үйренеді?! Өзбектер қанша орыс тілін білсе де, өзбекше сөйлейді. Міне, айырмашылықтарыңыз осында. Мен әрдайым айтамын: «Үйдің қожайыны қонақтарға өз тілінде сөйлеу керек, қонақтың тілінде емес» деп.

Владислав қазір қазақ тілін үйретуге арналған әдістемелік оқулық жазып жатыр. Айтуынша, алдағы үш-төрт айда кітабы дайын болады.

ДИМАШТЫҢ ТІЛІН ҮЙРЕНГІСІ КЕЛЕТІНДЕР КӨП

Владиславқа бүгінгі таңда алыс-жақын шетелдерден хабарласып, «Димаштың тілін үйренгіміз келеді» деушілердің саны артқан.

«Димаштың арқасында қазақ тілін шет тілі ретінде үйренгісі келетіндердің қатары көбейіп жатыр. Маған шетелдіктер хабарласып «Димаштың тілін түсінгіміз келеді» дейді. Бұл бір ғана Димаштың еңбегі. Ал арамызда әр саладан осындай жүз Димаш шықса, Қазақстанда жаппай қазақ тілінде сөйлеп кетер едік»,- дейді Тен.

Тіл орталығының директоры қазақ тілін үйренгісі келмейтіндердің басты проблемасы – қазақ тілін менсінбеу және сапалы оқулықтың болмауы екенін жасырмайды.

«Рухани жаңғыру» дегеніміз бір рухта болу. Ал біз қазір бірнеше рухтамыз. Дүнгендар қытай тілінде, орыстар орыс тілінде, ұйғырлар ұйғыр тілінде сөйлейді. Бір рухтың бірлігінде болу үшін қазақ тілінде сөйлеуіміз керек. Қазақ тілін үйренгісі келмейтіндердің 50 пайызы бұл тілді менсінбейді, ал қалған 50 пайызына тиімді методика жоқ»,- екенін айтты ол.

Владислав қазақ тілін үйренгеннен бері, жылқы етін жеуді «жақсы көріп кеттім» дейді. Айтуынша, үйінде аптасына кемі бір рет «бес бармақ» асады.  Сонымен қоса ол отандық дәрігерлерге медициналық ағылшын тілін үйретумен айналысып жүр. Алдағы күндері Қордайдағы дүнгендерге қазақ тілін үйретуге баратынын да айтты.

«Мемлекеттен менің жұмысыма әзірше ешқандай қолдау жоқ. Бірақ өмірімнің соңына дейін осы жұмысымды жалғастыра беремін. Себебі осы елде тұрып, осы елдің суын ішіп, нанын жеп жатқан соң, Қазақстанның дамуына қалай да өз үлесімді қосқым келеді. Ал ол үлесті дәрігер ретінде және қазақ тілінің мұғалімі ретінде ғана қоса аламын.

Біздің ата-бабамыз жер аударып келген кезде, қазақтар мен өзбектердің бізді қалай бауырына басқандарын ата-әжелеріміз үнемі айтып отыратын. Сондықтан біз осы үйіміздің дамуына бірлесе атсалысуымыз қажет. Екі күн бұрын маған Мұрат Әбенов мырза келіп, биліктің Қордайдағы дүнгендерге қазақ тілін үйретуге ниетті екенін айтып, бірге жұмыс істеуге ұсыныс жасады. Алдағы күндері Қордай дүнгендеріне қазақ тілін үйренуге қатысты тренинг өткізуге барамын»,-деп аяқтады ол әңгімесін.

Сұхбаттасқан — Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан  

[:]