АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Кәсіпкер, “Бекбота ет” дүкенінің қожайыны – Нұрбол Бекбота ет кәсібі туралы[:]

[:kz]

 

 

Бүгінгі «50 жас кәсіпкер» жобасының кезекті қонағы «Versus» академиясының түлегі, «Бекбота Ет» компаниясының негізін құрушы — Нұрбол Бекбота. Қазіргі таңда қаламыздағы ең ірі мейрамханалар желісіне, жылдам тамақтану орындарына балғын ет жеткізумен айналысатын дүкеннен қаламыздың кез-келген тұрғыны ет пен ет өнімдерін (котлет, стейк және т.б.) сатып ала алады. Алғашында күнкөріс қамы үшін бастаған кәсібі бүгінде танымал ет дүкеніне қалай айналды? Нұрбол Бекбота сұхбат барысында бизнес саласындағы құпияларымен бөлісіп, жас кәсіпкерлерге өз кеңесін айтты.

Ет сатудан қолым тимейтін

Шымкент қаласы, Шардара ауданында туып-өстім. Мектепті бітірген соң, Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы университетке оқуға түстім. Бірақ мені ол жерден шығарып жіберді. Содан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да, Қазақ Ұлттық аграрлық университеттерінде оқуымды жалғастырып, соңында Абай атындағы ҚазҰПУ-да жоғары білімімді аяқтап шықтым. Яғни, бес жыл оқу керек оқуды төрт жоғары оқу орнында тәмамдадым. Оның өзіндік себебі де бар. Студент кезімде сабақ оқудың орнына ақша табу үшін ауылдан ата-анама ет салдырып, оны сатып, үстінен қалған пайдасын өзіме алып қалып жүрдім. Содан ет сатудан қолым тимей, сабаққа бармайтынды шығардым. Ал олар өз кезегінде мені оқудан шығарып жіберіп отырды (күліп).

Бекбота ет” дүкеніндегі ет түрлері. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Дипломымды алған соң, үш жыл мемлекеттік қызметкер болып жұмыс істедім. Бірнеше жыл бір компанияда менеджер болып қызмет атқардым. Бірақ жалақысы аз болғандықтан, маған бұл жұмыстар ұнамады. Қайта бизнеске келуді ұйғардым. Басында балалар киімін сатып, одан қалса, наубайхана ашып, нан сатып та көрдім. Кейін бұл менің жұмысым емес екендігін түсініп, қайтадан ет бизнесіне оралдым. Қазіргі уақытта осы салада жұмыс істеп, жемісін көріп отырмыз. Енді түбегейлі осы істі қолға алып, ет дүкенімнің атын “Бекбота ет” деп атадым.

Осы орайда «неге дүкеннің атын «Бекбота ет» деп қойдыңыз?» деген сұрақ тууы мүмкін. Бұл жерде аса ешқандай мағына, тәмсіл жоқ. Жай ғана фамилиям Бекбота болғасын дүкеннің атын солай қойдым.

Аз уақыт ішінде брендке айналып үлгердік

Дүкеннің ашылғанына бар болғаны бес ай болды. Шыны керек, аз уақыт ішінде брендке айналып үлгердік. Менің ойымша, танымал болуымыздың басты себебі – бізге ел танитын жұлдыздардың көп келуі. Мысалы, Динара Сатжан, Әлішер Елікбаев, Бейбіт Әлібеков секілді ел танитын қыз-жігіттер – біздің тұрақты клиенттеріміз. Олар әр келген сайын бізді әлеуметтік желідегі парақшаларына салып отыратын. Соның арқасында халық арасында танымалдылыққа ие болдық. Оған қоса, кәсіпкер достарымыз, әсіресе, Versus академиясы мен Қуаныш Шонбай мырза бізге ерекше қолдау көрсетті. Осы кісілердің арқасында дүкеніміз елге танылып, күніне 70 кг-ға дейін ет сататын дәрежеге жеттік. Бүгінде дүкенде қой, сиыр, жылқы еттері бар. Алдағы уақытта тауар санын көбейтіп, әртүрлі ет, балық түрлерін әкелу ойда бар.

“Бекбота ет” дүкені. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Бүгінде кемі 50 мейрамханаға ет жеткізумен айналысамыз. Үлкен-үлкен мейрамханалармен бірлесе отырып жұмыс жасаймыз. Бізде оларға қызмет ететін арнайы цех бар. «Бекбота» дүкенін үлкен мейрамханаларға қызмет етеміз деп аштық, бірақ олай болмай шықты. Халық осы дүкеннің ашылғанын күтіп жүрген екен, қазір ет алуға да, түрлі стейктер жеуге де халық көп келеді. Күнде таңертең балғын ет әкелеміз, таңда әкелген ет, кешке қалмай қалады. Одан бөлек дүкеніміздің аспаздары тұшпара, манты, ет-трюфельдерді, котлет, шұжық қолдан жасайды.

Біздің өзімізде 2000 бастай бұқа бар, бірақ ол бізге жетпейді. Қосымша бес-алты жеткізуші бар, олармен де жұмыс жасаймыз. Біздің етке ешқандай дәрі егілмейді. Таза табиғи шөптермен қоректенеді, арнайы таза жемдермен бордақыланады. Өзім Еуропаны аралап шыққан кезде, еттерінің дәмін сезіне алмадым. Мүлде дәм жоқ, құдды бір қағаз жеп жатқандайсың. Біздің мәрмәр еттердің дәмі ерекше.

Тұтынушы – бизнестің қозғаушы күші

Дүкенге келген әрбір адамды «тұрақты клиент» ету үшін ең бірінші сапа керек. Бұл жерде мен тек ғана тауардың емес, қызметтің де, дүкеннің де сапасы жайлы айтып отырмын. Бизнесте «ырза болған бір клиент өзінен кейін тағы да он клиент әкеледі» деген сөз бар. Сол үшін біз әрбір клиенттің дүкен жайлы жақсы ойда кеткенін қалаймыз. Яғни, кез-келген бизнесті өсіретін де, өшіретін де – клиент. Себебі, тұтынушы – бизнестің қозғаушы күші. Әрбір кәсіпкер соны түсініп, үнемі клиентпен тығыз қарым-қатынас орнатып отыруы қажет. Кәсіптің бар құпиясы – осы.

Алматы халқы майсыз, қаракесек ет жегенді ұнатады. Күн сайын балғын ет бермесең, екі-үш күн тұрып қалған етті алмайды. Халықтың талабы жоғары, өте талғампаз. Бағамыз да қолжетімді. Біздің ұстанымымыз – сапалы ет беру. Бағасы қолжетімді екен деп, сапасыз ет ұсынған емеспіз, ұсынбаймыз да.

Бизнес жасау үшін көп оқудың қажеті жоқ

Әкем ес білгелі шаруашылықпен айналысты. Бақша өсіріп, жеміс-жидектер сатып, мал бағып, оны сатып, бізді асырады. Бір қызығы, үлкен көлемде сауда жасап келсе, тапқан ақшасын маған санатып қоятын. Ол кезде менің жасым шамамен 10-13 жаста болатын. Мен: «оны маған неге санатқызады?», – деп ойлайтынмын. Сонда әкем: «Осы бастан ақшаны ұстап үйрен. Болашақта көп қаражат тапқанда таңғалмайтын боласың», – деп айтатын.

Бизнес жасау үшін көп оқудың қажеті жоқ. Әрине, білімді болған жақсы. Бірақ, білімді кісілер кез- келген нәрсені бастамас бұрын ұзақ ойланады. Олар барлығын кітаптағыдай істегісі келеді. Негізі қай істі қолға алсаң да тәуекелге бел буған дұрыс. Ары қарай тәжірибе жүзінде көріп, үйреніп, төселе бересің.

Егер досың сені түсіне алса ғана бизнесте достық болады. Мен көп достарыммен бірігіп бизнес жасап көрдім. Олардың көбі ақшаға келгенде сараңданып қалатын. Пайда көбейген сайын ақшаны қызғана бастайды немесе “осы бизнесті өзім жасасам пайданың бәрін өзім табамын” деп ойлай бастайды. Сөйтеді де, жалғыз жұмыс істеймін деп кетіп қалады. Бірақ аяғында банкрот болып, бизнестен кетеді.  Сондықтан достар бір-бірін түсініп, бір-бірінен ешнәрсені қызғанбай жұмыс істеуі керек деп ойлаймын.

Бірнәрсені жасау үшін ең дұрыс уақыт – дәл қазіргі сәт

Жетістікке жету формуласы

  • Ойыңа келген нәрсені дәл қазір істеу, жүзеге асыру;
  • Бүгінгі жұмысыңды ешқашан ертеңге қалдырмау;

Жуырда еттен бөлек балық сататын дүкен ашу жоспарда бар. Осы жоспарым жайлы бір досыма айтсам, ол: «О, Нұреке, мен осыны 5 жыл бұрын Дубайға барғанда көріп, балық бизнесін бастау туарыл ойлап едім», – дейді. Бізде көбі осылай ойланып жүреді. Ал ол ойланып жүргенде өзгелері бизнесін ашып, пайдасын көріп жатады. Сол үшін үнемі: «бірнәрсені жасау үшін ең дұрыс уақыт – дәл қазіргі сәт», – деп айтып жүремін.

“Бекбота ет” дүкенінің қожайны –  Нұрбол Бекботаев. Фото:Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Осы орайда, жастарға: “бизнесіңді өлтіріп алмай дамыту үшін өз ісіңді жақсы көру керек”, – деп айтар едім. Күнделікті жасап жүрген жұмысыңа жан-тәніңмен берілген кезде ғана сіз келген клиенттерге сапалы қызмет пен тауар түрін ұсына аласыз. Ал сапалы қызмет –  бизнесті дамытушы, қозғаушы күш.

Болашақта етке интернет арқылы тапсырыс қабылдаймыз

Біздің бірінші дүкеніміз Алматы қаласындағы Навои көшесінің бойында орналасқан. Қазіргі күні екінші дүкенімізді әл-Фараби даңғылының бойынан ашқалы жатырмыз. Алла қаласа, 1-2 аптада жөндеу жұмыстары бітеді. Одан өзге алдағы уақытта тауар түрлерін көбейту жоспарда бар. Оған қоса, интернет дүкенін ашу туралы жоспарлап жатырмыз. Яғни, болашақта етке интернет арқылы тапсырыс қабылдап, клиенттің үйіне дейін жеткізіп береміз.

Өмірлік қағидам – кез-келген іске тұрақты болу. Кейбір адамдар біресе бір бизнесті бастайды да, бір айдан соң оны жауып басқа салаға ауысып жатады. Ол дұрыс емес. Өзіңе ұнайтын бір саланы таңдап, сонда тұрақты жұмыс істеу керек. Сонда ғана өз салаңның үздігі боласың.

Сұхбаттасқан Нұрбол Шыныбай

/baribar.kz

[:]