[:kz]
Елордалық кәсіпкер құрылысшылардың салғырттығы мен тұрғындардың мәдениетсіздігін әшкереледі
Нұр-Сұлтанның тұрғыны әлеуметтік желілерде қарапайым жұрттың көзіне түсе бермейтін көпқабатты үйлердің суреттерін жариялады.
Жас кәсіпкер клинингтік (тазалау) қызмет көрсетеді. Ол жұмыс барысында Нұр-Сұлтанның көптеген тұрғыны тазалық сақтамайтынын көзбен көріп жүр.
15 наурызда астаналық еден жуушылардың еңбегін сыйламайтын шылымқорларға ескерту жасады.
Ол қаладағы көпқабатты үйдің ортақ балконында түсірілген лас еденнің суретін жариялады.
«Суреттен не көріп тұрсыздар? Көгеріп кеткенге ұқсайды, иә. Дегенмен олай емес, бұл балконда темекі тартатындардың түкірігі. Ал неге қара дейсіз ғой? Өйткені күйе. Елорданың жарты жыл қысында бұл адамдар аяғының астына түкіріп келген. Түкірік күйемен араласып, еденде қатып, осындай «әсем» көрініс пайда болған», — деп жазды ол.
Қала тұрғыны сондай-ақ сапасыз құрылыстың бірнеше суретін көрсетті.
Фотосуреттерде Нұр-Сұлтанның элиталы көпқабатты үйлерінің бірінің жерасты паркингі бейнеленген.
«Ірі құрылыс корпорациясын ашып, шыны пен тастан әдемі көп қабатты үй сала аласыз. Дегенмен сапалы тұрғын үй салуды білмейсіз немесе салғыңыз келмейді, әйтпесе миллиардтаған ақша таба алмайсыз», — деп ашынды ол.
Сондай-ақ астаналық жігіт үйлердің кіреберістерінде шатырдан су сорғалап тұрғанын суретке түсіріп алыпты.
Оның пікірінше, не қала тұрғындары, не қалалық әкімшілік Қазақстанның елордасы өз мәртебесіне сәйкес болуы үшін тиісті жұмыс жүргізбей отыр.
[:]