[:kz]
Біреудің кәсібіне айналған Кәсіподақ Тоғжанов деген есімнен неге сонша шошыды?!
Бір ғасырлық тарихы бар бұл ұйымның тәтті ұйқыда жатқанына біршама уақыт болды. Азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау жағынан келгенде жұмыс дұрыс жолға қойылмаған сынды. Мәселен, өткендегі Атыраудағы мұнайшылардың наразылығы немесе алдыңғы Қарағанды кеншілері өкпе-назын білдіргенде Кәсіподақ азаматтарын байқамадық. Бар мәселені шешуге атсалысатын — сол жергілікті билік басындағылар. Сонша халықтың мәселесін шешіп бермесе де, 18 мың инспекторы бар Бақытжан Жарылқасынұлын елдің арасында неге көрмедік деген сұрақ туындайды. Мыңдаған мүшесі бар Кәсіподақтың қоржынында әр мүше айлығының бір пайызы жатыр. Өзіңіз есеп-қисабын шығарарсыз…
Сонымен ұйқыдағы кәсіподақ әрі қарай ұйықтай бере ме?
Электрондық БАҚ пен әлеуметтік желілерде Тоғжанов жайында теріс пікір қалыптастырушы мақалалардың тапсырыс екені сезіледі. Белілі бір басылымның айдай әлемге жар салып жазған мақаласындағы Тоғжанов берген уәделердің басым бөлігі мерзімінде емес шығар, бірақ, орындалғанын ел біледі. Өңірдің футболына жаны ашитын азамат Шымкент алаңында доп теуіп жүрген футболшыларды Ақтауға қайтарып, Каспийдің алаңын өзі жүріп жаңартуға атсалысты. Мұхамеджановтың кезінде жағалауға жаңа леп әкелгені баршаға аян. Тоғжанов сол бастаманы аяғына дейін жеткізіп, жағалауды тіптен құлпыртып жібергенін ұмытпайық. Күні кеше Тоғжанов Маңғыстау облысының әкімі лауазымымен қоштасқанда батыстағы ағайын батасын беріп шығарып салды. Жұрт Тоғжановтың жетістігі мен өңірдің дамуына сіңген еңбегін жарыса жазды. Жағар күйе, айтар ауыз болса, сол кезде неге сайрамады деген ой кімді де толғандырары хақ. Ештен кеш жақсы, өштен ес жақсы. Кәсіби журналистердің дәйексіз бетіңе топырақ шашуы әдетке айналғандай. Саясаттан бір грамм хабары бар болса, еліміздің шекарасын шегендеген былтырғы Каспий саммитінің жетістіктері жайлы неге бір ауыз айтылмаған?
Ал кәсіподақ тақырыбына қайта оралар болсақ, түрлі министрлікте орынбасар болған, Кәсіподақты екі жыл басқарып, белгісіз себептермен белсенділік таныта алмаған Бақытжан Жарылқасынұлы әрі қарай басқаруға лайықты ма? Әлде жаңа көзқарас, жаңа серпіліс болғаны дұрыс деп тоғыз жыл ұлттар татулығына жауап берген Тоғжановқа мүмкіндік бере ме? Бұл ұйымға басшы алдыңғы айтылған екі азамат немесе мүлдем басқа азаматтар бола ма? Ол жағын білмедік. Бірақ, ұйым ұйқысынан оянуы керек және оятатын адам баруы қажет екені анық.
sn.kz
[:]