[:kz]
«Жоңғарлардан қалған мұнан өзге қаншама атау бар. Ол атаудың бәрін батырдың атына айналдырып, әркім өз атасымен жекпе-жекке шығаруды қашан доғарар екенбіз?!» — дейді ол.
Жас жазушы Қанат Әбілқайыр facebook парақшасына Алматы облысындағы Қаскелең, Шамалған атаулары ешқандай да батыр есімдері емес екенін дәлелдеп жазды. Тіпті, Байынқол, Нарынқол, Тарбағатай, Алтынемел сынды көптеген жер-су атауларының жоңғар тіліндегі сөздер екеніне мысал келтірген, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Өтірік пен шындықтың арасы…» деп аталатын жазбасында автор: «Қаскелең деген батыр жоқ. Қаскелең деген қалмақтың «бас имам» деген сөзі. Шамалған деген де батырдың аты емес. «Азсыну», «жетіспеу» деген мағынаны беретін ұғым. Байынқол, Нарынқол дегендер де адам аты емес. Қазақшаласақ, Байын қол – «бай өзен», Нарын қол – «жіңішке өзен» деген атау екенін ұғасыз», — дейді.
Айтуынша, «Бай өзен» болатын себебі, осы судан әлі күнге дейін алтын шайқап жүрміз. Үкірші деген де «сиыршы», яғни сиырға жайлы мекен деген сөз. Кеден (Кеген) – адам аты.
«Жоңғарияны Қытайға сатқан әйгілі Гедэн деген ноян болған. Қазіргі Кетпен тауының басталар тұсындағы Сүмбе өзенінің (Хасаң суы) Текеске құяр саласындағы қыраттардан ескі әдебиеттерде «Гедэн Шань» деп атаған.
Гэдень Шань мен Тянь-Шаньның арасы – Текес өзенінің алқабы. Тянь-Шаньның қойнауына кіретін «Шаты» деген өзек бар. Ежелгі Үйсіндердің жаздық астанасы осы Шаты маңында болғанын тарихшылар дәлелдеді. Шаты дегеніміз – қазақтың «сатысы». Қалмақтардың «баспалдақ» деген ұғымына жақын сөз.
Тарбағатай деген «суырлы сай», Алтынемел деген «алтын жалатылған ертоқым» болып аударылады. Сүмбе дегеніміз – ғибадатхана атауы. Жоңғарлардан қалған мұнан өзге қаншама атау бар. Ол атаудың бәрін батырдың атына айналдырып, әркім өз атасымен жекпе-жекке шығаруды қашан доғарар екенбіз?!» — дейді шындыққа көз жеткізіп отырған қаламгер.
Сондай-ақ, ол: «Қазақ жауының атына жер атауын қоймайды. Сонда да бір мәселені ұмытпау керек. Тарих алдымен жер атаулары арқылы жазылады. Бұл атаулар біздің қалмақты біржола жойып жіберуіміздің тірі айғағы іспетті. Сондықтан да ішкі комплексті жеңіп, өткен ғасырлардан қалған атауларға құрметпен қарау керек», — деген пікірде.
Желі қолданушыларының оған қарсы айтқан өзіндік уәждері жоқ емес. Кейбіреуі осы аудармалардың ғылыми негізін де сұраған. Оған қоса, басқа атаулардың да шығу тарихын жазып жатқандар бар. Сондықтан пікірлерді жоғарыдағы сілтемеге өтіп оқуға болады.
[:]