АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Қасқыр шапса, адам да ақылынан алжасады екен[:]

[:kz]

 

 

«…Бұл  өткен  жылы  болған  оқиға  еді, – деп  бастады  әңгімесін  Көгілдірбастау  ауылының  тұрғыны  Жасылбай  деген  жігіт. – Мезгіл  сәуір айының ортасы  еді.  Қыстай  қолға  қараған  қойлар  көк  шөпке   қанша  бас  қойғанымен  қарындары  томпая  қоймаған  шақ. Ауыл  шағын  ғана  болғандықтан әр  жиырма  күнде  қой  кезегі  тез  келіп  қалады.

 

Сонымен бір күні біздің де кезек келіп  жетті. Оның  алдында  үш-төрт  кісінің  қойлары  белгісіз  жағдайда  жоғалып  кеткен  болатын. Өріске  шығар  алдында  әйелім: «Қойларды  тым  алысқа апармай, жақын жерге жай. Қас­қыр деген бәле  шығыпты ғой, сақ  болғайсың», – деген еді. Оның сөздеріне елең етпей, малды  тау  етегіндегі ойпатқа қарай  айдадым.

 

Содан бір уақытта малды  тым  бытыратып жібермей жинақы  ұстап, бір  сәт  демалмаққа  көк майса  жерге  отыра  кеткенмін. Азанда  сәулесін  әлсіз  шашқан  күн  сәулесі  түске  таман  өз  күшіне  міне  түскен. Көз  шағылыстыратын  нұр  шұғыла  тұла  бойымды  балқытып, ұйқымды  келтіре  бастады.

 

Екі  литрлік банкіге  құйылған  айранды  шамалы  ішіп  болып,  жан-жағыма  барлай  қарадым. Қауіпті  ешнәрсе де  жоқ. Қойлар  бір  қалыпты  жайылып  жатыр.  Үйден ала  шыққан кішкене  көрпешені  астыма  төсеп,  қалың  күртешемді жастық  қылып, көз  шырымын алуға  көштім.

 

Көп  жаттым ба, аз  жаттым ба, есімде  жоқ. Бір  кезде санамда:  «Ойбай-ай, қасқыр келіп  қалса  не  істеймін?!» деген ой сумаң  ете  қалды. Басымды  көтергенше  болған  жоқ, танадай үлкен  қасқыр   мені  адам  екен деп  елеместен тура  жанымнан көлбең етіп өте  шықты да, жайылып  жатқан  қойлардың  біріне  бас  салды. Қойлар  дүр  етіп,  жан-жаққа  шашырай  қашты. Әлгі  қойды тымақ  құрлы  көрмеген қасқыр  арқасына  салып алған бойы тауға қарай  бүлкілдей  жөнелді.

 

Ал  менің  тұла  бойым біреу  шегелеп  тастағандай  қатты да қалды. Тіл-аузым  байланып  қалғандай күй  кештім. Қолыма  жуан  таяғымды алып, доқ  көрсете  айқайлайын  десем, үнім  шықпайды. Екі  аяғым тас  байланып  қалғандай  қозғалмайды.

 

Маған қасқыр  қойды  шамамен жиырма метрдей жерге  әкетіп  бара жатқан кезде ғана жан кірді. Жанұшыра айқайлап, таяғымды мылтықша  кезеніп, жас  балаша: «Пах-пах, тах- тах!» – деп шыңғыра беріппін. Одан қала берді, жерді тоқпақтап секіре  бердім.  Осы  әрекет әсер  етті ме, жоқ әлде басқа жағдай болды ма, кенет қасқырдың үстінен қой сусып түсіп кетті. Оны қайта көтеруге қасқырдың мұршасы келмеді ме, болмаса менің  айқайымнан сескенді ме, дала тағысы тауды бетке алып жоқ болды.

 

Осылай мең-зең қалпымда тұрған кезде ауылдан Қайырбай есімді кісі атымен келе қалды. Мен болған  жайды асыға-аптыға жеткіздім. Екеуіміз  қасқыр әкетпек болған қойға жақындадық, тамағын бөрінің өткір азуы қиып жіберген ол байғұс өліп  қалыпты».

 

…Жасылбай әңгімесін осылай аяқтады. Айтуынша, олар сол оқиғадан кейін қой кезегін топтасып бағатын болыпты. Ауыл төңірегінен тым алыстап кетпейтін де көрінеді. Бір ауық әйелдерінің қауіпсіздік туралы ескертпелеріне де құлақ асатын болыпты.

 

Мен бұл әңгімені қызыға әрі ойлана тыңдадым. Расында да адамды кәдімгідей ойландыратын әңгіме емес пе?

 

О. КӨМЕКОВ

zamana.kz

[:]