АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Қастер мен Мұрагерді әр қазақ қорғау керек[:]

[:kz]

Биылғы жылдың 1-ші қазанында Қытай Халық Республикасының екі азаматы — Қастер Мұсахан мен Мұрагер Әлімұлы Қытайда көрген қорлықтарынан, азаптан қашып, ШҚО-на қарасты Зайсан аумағындағы шекарадан 8 -ші қараша күні өтіп,(8 күн жаяу жүріп!) сол жерден таксиге отырып, 9 -ы күні Алматыға келген. Сұрастырып жүріп, «Ата жұрттың» Алматыдағы кеңсесін тауып барып, көмек сұраған. Сол екі аралықта тиісті органдарға босқын мәртебесін сұрау туралы арыздарын өз қолдарымен жазып, 14 -ші қазан күні «Ата жұрт еріктілері» ұйымдастырған баспасөз маслихатынан соң, жазған арыздарын Алматы қалалық көші-қон Департаментіне өткізгелі тұрған жерінен ҰҚК-не қарасты шекара қорғаныс қызметкерлері ұстап, алып кетеді.
Екі жігіттің үстінен ҚР ҚК-нің 392 -ші бабының 1-ші бөлігімен «Шекараны заңсыз бұзу» бабымен іс қозғалған. Бұл бап бойынша қолданылатын жазаның түрлері — бір мың айлық көрсеткішке дейін айыппұл төлеу, бір жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе бес жылға дейін келген еліне депортациялау, яғни кері қайтару.
Біздің қазіргі басты мақсатымыз — соңғы жаза түрін қолдандырмау, осы бағытта бізге қоғамның қолдауы өте қажет. Қоғамды көтеру үшін ақпарат құралдарының тигізетін әсері өте маңызды.
Егер екі бауырымызды Қытайға кері қайтарса, ол елдің шекара бұзу туралы заңнама талаптарына сай, оларды өлім жазасы күтіп тұр! Сол үшін осы бағытта бірігіп, бір кісідей жұмылып, үніміз жеткен жерге айта беруіміз керек, бұл мәселені тоқтамай, күнделікті назардан бір сәт тыс қалдырмай, көтере беруіміз керек. Қазақ қоғамы көтерілу керек! Бұл екі жігіт қылмыскерлер емес, бүгінде әлем мойындап отырған Қытайдың аз ұлттарға жасап отырған геноцидінің құрбандары!
Бауырлар, Сіздердің әрқайсыңыздың қолдауларыңыз өте қажет, бір ауыз сөзбен болсын, үн қосуларыңызды өтінеміз!

Жазба автордың рұқсатымен жарияланды.

Фото: qazweek.kz

Жас Алаш

[:]