АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Қасым-Жомарт Тоқаев кандидаттар дебатына «қатыспайды»[:]

[:kz]

 

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 29 мамырда «Хабар» арнасында өтетін кандидаттар дебатына қатыспайды. Бұл туралы Тоқаевтың кеңесшісі Ерлан Қарин қазақстандық ақпарат агенттіктеріне айтты.

Қариннің сөзінше, «Тоқаев үгіт-насихат науқанынан өзін барынша шектеп, президенттік қызметіне көп көңіл бөліп жүр. Оның үгіт-насихат жұмыстарын сайлауалды штабы мен сенімді өкілдері жүргізіп жатыр».

— Президент басқа кандидаттарда көп мүмкіндік болуы керек деп санайды. Басқа кандидаттар да өз ұстанымдарын кеңінен насихаттап, халыққа танылса дейді. Ол (Тоқаев — ред.) әділ сайлау өткізуге уәде берген. Бұл — оның негізгі ұстанымы, — деді ол.

Қариннің сөзінше, Тоқаев сайлауалды штабына теледебатқа бір өкіл жіберуді тапсырған. Бірақ президенттің кеңесшісі дебатқа сайлауалды штабының өкілдері қатысу-қатыспауын ашып айтпады.

Теледебатқа Жамбыл Ахметбеков, Әміржан Қосанов, Төлеутай Рахымбеков, Амангелді Таспихов, Сәді-Бек Түгел қатысатындарын айтты. Inforumburo.kz сайтының хабарлауынша, «Ақ жол» партиясының кандидаты Дания Еспаева дебатқа қатыспайды. Оның орнына партия төрағасы Азат Перуашев қатысады.

29 мамыр күні кешкі 6-да мемлекеттік «Хабар» арнасында Қазақстан президенттігіне кандидаттар арасында теледебат тікелей эфирде өтеді.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымда өтеді. Бұл жолғы сайлау елді отыз жылға жуық басқарып, биыл наурызда Қазақстан президенті қызметінен кеткен Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуынсыз өткелі отыр. Өткен аптада Орталық сайлау комиссиясы жеті адамды президенттікке кандидат ретінде тіркеген:

  • Жамбыл Ахметбеков — «Қазақстан комунистік халық партиясы»,
  • Дания Еспаева — «Ақ жол» партиясы,
  • Әміржан Қосанов — «Ұлт тағдыры» қозғалысы,
  • Төлеутай Рахымбеков — «Ауыл» партиясы,
  • Амангелді Таспихов — Қазақстан кәсіподақтар федерациясы,
  • Қасым-Жомарт Тоқаев — «Нұр Отан» партиясы,
  • Сәді-Бек Түгел — «Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысы.

azattyq.org/

[:]