АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Қасымовты жұрт неге жағымсыз тұлға деп таниды?[:]

[:kz]

Кешелі-бері қазақ қоғамы министр Қасымовтың отставкаға кетуін талап етіп жатыр. Біз бүгін сол жайлы жазамыз.

Күні кеше ғана Олимпиада жүлдегері Денис Тен қарақшылар қолынан қаза тапты. Тапа-тал түсте, ол мінген көліктің айнасын ұрламақ болған екі адам (қылмыскерлер анықталу үстінде) спортшыны ауыр жаралап, қазақтың біртуар ұлы ауруханада көз жұмды.

Бұл қоғамның қызу талқысын тудырды. Жұрт өз азаматтарының қауіпсіздігін қорғай алмайтын Үкіметтен үмітін үзгендей болды. Онсыз да елде билік пен халық арасы күн санап алшақтап бара жатқан алағай да бұлағай тұста, ішкі қауіпсіздікке тікелей жауапты дәл осы Қасымов тізгінін ұстап отырған Ішкі істер министрлігі еді. Сондықтан болар, жұрт Генерал Қасымовты жауапты деп таныды.

Қасымов кім? Жұрт неге оны негативті тұлға деп таниды? Ол неге отставкаға кетуі керек? Енді осылар жайлы егжей-тегжейлі жазайық.

Қасымов Қазақстан полициясының генерал-лейтенанты. Орден-медальдері де бір басына жетерлік. 3 бала, 7 немере тәрбиелеп отырған ата. Ата дегенде Қалекеңнің жасы 61-де.

2011 жылдың 12-сәуірінен бері ҚР Ішкі істер министрлігін басқарып келеді. Міне, бақандай 7 жылдан асып барады. Қалмұхамбет Қасымов қонжиған кресло содан бері өзгенің жамбасы тимеген, министрдің меншікті мекеніне айналған.

Қазақшаға қырын қарайтын Қасымовтың жұрт ішіндегі образы аса жағымды дей алмаймыз. Оған бірінші кезекте өзі кінәлі. Қазақша сөйлемейді дейтініміз 2016 жылы Мәжілістің ең жас депутаты Геннадий Шиповскихпен арада болған тілдік тірес, дәл осы министрдің Мемлекеттік тілге жүрдім-бардым қарайтынын көрсеткен.

Мемлекеттік тілде сауал қойған депутатқа, «мен орысша жауап берейін» деген Қасымов, бұл. Әрине, министр Қасымовтың Мәжіліс депутаттары алдында талай өзекті сауалға тиянақты жауап беріп, өз саласында атқарылған жұмыстарынан хабардар еткені рас. Бірақ, осы бір кішкентай ғана көрініс оның қазақ шенділерінің ішінде өз туған тіліне деген құрметтен мақұрым жаратылған «мізбақпас министр» екенін танытып, бүкіл жұмысынан түңілдіріп жіберді.

2011 жыл. Қасымов министр креслосына қонжиған кез. Жаңаөзен оқиғасы болды. Қасымов Жаңаөзен қырғыны кезінде  өзінің шенді қызметі барысындағы ең әйгілі «Тағы шықса, тағы атамыз» деген «жұлдызды сөзін» айтты. Осыдан-ақ, Қасымовтың қоғамдық жазалау механизмінің ең сенімді тетігінің біріне айналған адам екенін байқаған едік.

Басқасын айтпағанда, 2016 жылғы жалпы Қазақстан бойынша Жер митингілері өтті. Түйіні Алматыда болды. «Алаңға шыққан журналистерге ешкім тиіспейді. Олар өз жұмыстарын жасай береді» деп Астанадан сөйлеген осы Қасымов қой. Ал Алматы жұрты Байбекті диалогқа шақырып барғанда, 40-тан астам журналист ұсталды. Бұл Қасымов өз қызметкерлеріне сөзін тыңдата алмайтын министр екенін сонда көрсетті.

Көп созып, қойыртпақтату болмасын, сөздің түйіні — кешегі қайғылы оқиға Қасымов карьерасының соңғы нүктесі болуы керек-ті. Бұл қазақ қоғамының, Қазақстан қоғамының талабы. Бұл талаптың туындауына жоғарыдағы факторлардың әсер еткені тағы анық.

Сөзіміз сұйық шықпас үшін, біз қоғам белсенділері, заңгерлер мен саясаткерлердің пікірін сұраған ек.

Министрді өзінің қызметіне лайық емес деп есептеймін

Дос Көшім, саясаткер:

— Қазір елімізде қылмыстың күрт көбейгенін бәріміз көріп отырмыз, біліп отырмыз. Қазіргі мынау министр боп отырған Қалмұхамбет Қасымовтың кезіндегі Жаңаөзенге жасаған қатыгез жазалауы ел — жұрттың есінде әлі де.

Неліктен осындай ірілі-ұсақты қылмыстарды жоюға келгенде жаңағы Қасымов Жаңаөзендегідей жан салып жұмыс істемейді? Мен осы министрді өзінің қызметіне лайық емес деп есептеймін. Дәл жаңағыдай тәртіпті орнату мәселесіне келгенде Қасымов салғырт жұмыс жасап отыр. Статистиканың өзі елде қылмыстың көбейгенін көрсетіп отыр.

 

Ондай-ондай қылмыстар болып жатыр дейміз ғой, бірақ, Теннің мәселесі соңғы нүктесі сияқты.

…нағыз қылмыскерлер тайраңдап жүр

Айгүл Орынбек, заңгер:

— Қазіргі таңда дәл осы ішкі істер органдарында былық өте көп. Көптеген істер ашылмайды. Ашылу үшін ақша керек. Мен бір ғана мысал айтайын, 13 жасар қыз зорланған. Өзінің қызының зорланғаны туралы дәлелдемесі бар кісі сол істі ашып, қылмыстық іс қозғату үшін 1 мың доллар пара берген. Көрдіңіз бе, бұл жүйе әбден іріп-шіріп, шегіне жеткен.

Бір адам 7 жыл басқару деген, бұл сұмдық қой. Билік жоғарыдағы резонанс тудырған дүниелерді ғана көріп отыр. Ал астының іріп-шіріп жатқанын көрмейді. Іріңдеген сыздауық та бір күні жарылады. Біз міне, жарылдық. Енді өзегін шығарып тастауымыз керек.

Кешегі Денис Теннің қазасы бұл қоғамның айнасы іспетті болды. Мынау былығып жатқан жүйенің өзегін шығарып берді. Сол үшін де Қасымов отставкаға кетуі керек.

Мейлі, Денис Тен жалпақ жұртқа аты мәлім спортшы. Ал күнделікті осындай оқиғаның құрбаны болып жатқан ешкім танымайтын, ешкімге белгісіз қарапайым жұрттың жайы ше? Кешегі Алматының іргесінде ғана болған оқиға ше? Адамды қағып кетіп, жолдың шетіне тастап кеткен.  Ол бала елге танымал адам емес қой. Сондықтан оған қатысты ешкім шулаған жоқ. Қазір адам өлді десе, бала зорланды десе ешкім таңғалмайды. Өйткені, ол күнделікті болып жатқан дүние, өкінішке орай.

Тек қана видеосы таралып кетсе немесе атақты адам болса ғана біз шулаймыз. Ал күнделікті қанша адам осылай өліп жатқанына мән бермейміз. Шындығына келсек, біз қауіпсіз елде тұрып жатқан жоқпыз. Біз өзіміз түгілі өзіміздің меншігіміздегі затымызды да қорғай алмаймыз. Ал мемлекет біздің қауіпсідігіміз үшін қыруар қаржы бөліп отыр. Камерасы бар, басқа жүйелері бар…

Жақында Қасымовтың министрлігіне қатысты сұмдық дерек шықты. Ішкі істер министрлігінің шетелдегі офшоры туралы ақпарат жарияланды. Ешкім сұрау салған жоқ. Ол ақпарат рас па, жоқ па, ешкім анықтаған жоқ.

Біздің полиция белсенділермен, көк шар ұстаған баламен алысамын деп жүргенде, нағыз қылмыскерлер талтаңдап кетті деп ойлаймын. Бұл да — Қасымовтың министрлік қызметінің көрсеткіші. Сол кісі министр болып тұрғанда орын алған оқиғалар.

Біздің полиция дәл қазір біз сияқты халықтың сөзін сөйлеп жүрген азаматтармен күресіп жүр. Келіп бізді қорқытады, бізді жазалайды. Ал нағыз қылмыскерлер бұл кезде емін-еркін тайраңдап жүреді. Өйткені, полицияның белсенділермен арпалысудан қолы босамайды.

Біз қауіпсіз елде тұрып жатырмыз дейміз ғой. Ал шындап келсек, біздегі кісі өлімі көрсеткіші енді аз болса Сириядағы деңгейге жетіп тынады. Онсыз да соның аз-ақ алдында тұрмыз. Дәл осы Қасымовтың кезеңі ішкі істер министрлігінің тоқырау кезеңі болды. Жазылған арыздар ақша бермесе, ашылып, қозғалмайды. Өйткені ондайларды полиция «крышовать» етеді.

Әділет іздеп алаңға шыққан елдің ізінде бір машина полицейлер жүреді

Дина Елгезек, Тәуелсіз журналист:

«Мен қазақпын» деп мақтанушы еді. «Елімді ешбір елге айырбастамаймын» деп жүрекжарды сөзін қайталап айтушы еді. Әлемнің алдында қобыздың қоңыр үніне билеп, қазаққа үлкен абырой алып берген қаршадай жігітті неге сақтап қала алмадық?

«Қасымов отставкаға кетсін» деп айғалаймыз. Қасымов отставкаға кеткеннен қазақтың басында қордаланған мәселе шешіле ме?

Денистың өлімі — бүгінгі жүйенің іріп-шірігендігін көрсетті. Неге криминал көбейіп кетті? Жұмысы болса, алған білімі болса, қазақтың жігіттерінің ұрлықпен күн көріп несі бар? Халықтың әлеуметтік жағдайы мығым болса, қылмыс көбейе ме? Заң мен тәртіп нық болса, тапа талтүсте қарақшы топ xалықты басынады ма? Денсаулық саласы мықты болса, санға тығылған пышақтан адам өледі ме? Әділет іздеп алаңға шыққан елдің ізінде бір машина полицейлер жүреді.

Ал шын көмекке мұқтаж жандарға бұл елдің полициясы да, жедел жәрдемі де кешігіп жетеді… Кеш бізді, Денис…Біздің елде туылғаның үшін кешір…

Біз халық санына шаққандағы полиция саны жағынан әлемдегі ең алдыңғы қатардағы елміз

Әбдіршит Бәкірұлы, философ:

— Қазақстан мәнерлеп сырғанау спортынан әлемге танымал мемлекет емес. Біз табиғатымызға көкпар мен күрес, бокс әлдеқайда жақын халықпыз десем артық айтпаспын. Міне, осы – мәнерлеп сырғанаудан бір өзі еліміздің көк туын желбіреткен Денис Тен сынды ұлымыздан қапияда көз жазып қалдық…

Кещеден бері жұртшылық аҺ ұрып жатыр, ашуланып жатыр, кіжініп жатыр… Бұл «сүйкімді балақай» Денистің халықтың жүрегін қалай баурап алғанының белгісі. Шынында да, мен де  жанкүйер ретінде Денистің өнеріне сенімді едім. Ол да сенімді үнемі ақтайтын…

Енді қараңыз – қайдағы бір қаңғыбас мәшиненің бір айнасына бола халықтың айнасы болар ұлды құрбандыққа шалып жіберді… Енді ел ретінде, халық ретінде онымен қалай ақталамыз? Сірә, бұл ақталуға жатпайтын дүние ме деймін…

Себебі, кейінгі жылдары тұрақтар мен ауланы түнімен торитын ұрылар емін-еркін мәшинелерді таңдап жүретін жағдайға жетті. Өзім оны талай көрдім. Кейде түнгі үш-төртке дейін отырып қаламын. Сосын далаға шығып салқындайтын әдетім бар… Сонда ауладағы машинелерді сығалап жүргендердің талайын көрдім. Оларда қымсыну, сескену деген жоқ. Бейнебір, қорадағы қойын қарап жүргендей.

Ұрланып қалғандар айтады, оларды полиция біледі деп. Алайда полиция нақты дәлел болмаған соң түк істей алмай отырмыз дейтін көрінеді… Сонда қалай, түнгі үш-төртте  әлгі ұрыны біз құрықтауымыз керек пе? Ұрыны құрықтаймын деген Денисжан не болды, әнеки?!

Мінеки, іле-шала қылмыскерлердің бірі құрықталды деген хабар жетіпті Ресейдің бір ТВ арнасына. Жақсы болыпты дедік – ол жазасын алу керек! Бірақ, осыған дейін «қылмысты мойындату» тәсілдерімен көзге түсіп қалған полициямыздың бұл сөзіне де күмәнмен қарап отырғанымызды жасырмаймыз, ол рас…

Сонда бұл қалай? Біз халық санына шаққандағы полиция саны жағынан әлемдегі ең алдыңғы қатардағы елміз. Соған қарамастан тапа-тал түсте осындай сұмдық қылмыс орын алып отыр. Неге? Меніңше біздегі қылмыстан қорғану жүйесі тек «бұйрықпен» ғана жұмыс істейтін деңгейден аса алмай қалған сыңайлы. Бұйрық түсті ме –  кім болса да қылмыскер болып кетеді. Бұйрық жоқ па – нағыз ұры да емін-еркін.

Ал қылмыстың алдын алу, оны болдырмау жүйесі іске қосылмаған. Ол үшін әрине, қазіргі жүйені түбегейлі қайта құру қажет пе деймін. Мәселен, батыс елдерінде халық пен полиция арасындағы байланыс күшті. Себебі, онда полицияның заң бойынша әрекет етуіне халықтың сенімі бар. Ал бұл бізде  бар ма? Қайдам…

Міне, сондықтан да біздің ұрылар тайраңдап кетті. Енді адам өлтіру де оларға түкке тұрмайтын болып барады.

Ал бізге Денисті, Денисжанымызды кім қайтарады?!!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

[:]