[:kz]
Таяуда көзімізге Оңтүстік Кореяға жұмысқа шақырған бір азаматтың хабарламасы шалынған еді. Көрсетілген нөмірі арқылы оған телефон соғып, сөйлестік.
«Жарнама арқылы хабарласып тұр едік. Біраз нәрсені білгіміз келеді», – дедік оған. Ол білгіміз келген жайларды өзінің «Уатсап» нөміріне жазып жіберуге болатынын айтты. Сұрақтарды жолдап, ол азаматтан төмендегідей жайлар жөнінде білдік.
Туристік жолдамамен баруға болады
Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында 30 күнге визасыз режим бар. Яғни ол елге осындай мерзімге визасыз бара аласыз. Қолыңызда Қазақстан азаматының паспорты болуы жеткілікті. Шектелген уақыт ішінде ол елден қайтып кетуіңіз керек.
Ал екі ел арасында заңды жұмыс күшіне қатысты келісім жоқ. Сондықтан жұмыс істеп қаржы тапқысы келетін қазақстандықтар Оңтүстік Кореяға тек заңсыз мигрант болып қана бара алады.
Ол үшін турист атын жамылуыңызға тура келеді. Туристке қойылатын талаптар мынадай: Қолыңызда қайтар жолға алынған билет, қонақ үйдің броньдалғанын айғақтайтын құжат, турист ретінде аралайтын жерлеріңіздің тізімі болуы тиіс.
Кеденнен кедергісіз өтеуге кепілдік қандай?
Кеденнен кедергісіз өтіп кету оңай емес. Оған ешкім де «гарантия» бере алмайды. Өйткені Оңтүстік Кореяда Қазақстаннан барған заңсыз жұмыс күші баршылық болғандықтан полиция бұл істе барынша мұқият қимылдайды. Сондықтан әркім бағына қарай көреді.
«Турист» екеніңізге сендіре алсаңыз, құжаттарыңыз ойдағыдай болса, Оңтүстік Кореяға кіресіз. Ары қарайғы шаруа сізді ертіп жүрген адамға байланысты. Ол өзара келісілген, яғни белгілі бір сомаға негізделген қызметін көрсетеді, сізге жол-жобаны түсіндіріп, тиісті жерге жеткізіп салады. Ары қарай өзіңіздің бағыңыздан көресіз.
Ал кедендегілер сіздің турист екеніңізге күдіктенсе, кері қайтарады. Сол үшін алдын-ала мұқият дайындалу керек.
Оңтүстік Кореяға өте қалған жағдайда қайтар жолға деп алынған билеттің жарты ақшасын оны кері өткізу арқылы алуға болады. Билетті өткізесіз, танысыңыз ақшаны кассадан барып әкеп береді.
Қызмет ақысы – 200 доллар
Оңтүстік Кореяға апарамын деген жігіт бізге мынадай жайларды түсіндірді:
«Мен бір жылдан астам уақыттан бері Кореяда жұмыс істеп жүрмін. Елге, Алматыға келгеніме біраз болды. Енді бірер күнде кері қайтуым керек. Сондықтан Оңтүстік Кореяға жұмыс іздеп барғысы келетін адамдарды жинастырып жатырмын.
Өзіммен бірге әкететін адамдарға турист ретінде құжаттар рәсімдетемін, ол жақтан қонақ үйден орын броньдаймын. Билетті біршама арзанға әперемін. Кореяға жеткесін тұратын пәтер тауып беріп, жайғастырамын.
Оңтүстік Кореяда шетелдік жұмысшылар жұмыс іздеп баратын жерді «Арбайт» деп атайды. Өзім апарған адамды сол жерге ертіп барып, көрсетемін. Ары қарайғы әрекетті өзі жасай береді.
Бұл – мен тұратын қалаға баратын, жол-жоба көрсететін танысы жоқтар үшін. Жалпы қызмет ақысы – 200 доллар.
Турист ретінде жасалатын құжаттар үшін әр адамнан 25 мың теңге ақы аламын. Ол жаңағы айтқан 200 доллардың ішіне кіреді. Ақының алдын-ала төленетін осы 25 мың теңгедебасқасы әбден жайғастырып болғасын ғана алынады.
Менімен әуежайға дейін барғанымен ол жерден өте алмағандарға алдын-ала төленген 25 мың теңгесі қайтарылмайды».
Алғашында 1700 доллардай ақша керек
Кеденді «турист екеніңізге» сендіре алсаңыз, Оңтүстік Корея жеріне жолыңыз ашылады. Арғы жақта күтіп алып, көмектесетін таныстарыңыз болса, әуежайдан өткесін Қазақстаннан жеткізген жанмен қош айтысасыз. Ал ондай танысыңыз жоқ болса, онда Қазақстаннан апарған адам сізді пәтерге жайғастырады, «Арбайтты» көрсетеді.
Сіз бұған дейін 200 долларға шығындандыңыз. Ал ары қарайғы шығындарыңыз қандай болады? Өзіміз сөйлескен адамнан оған 1700 доллар шамасында қаржы керек болатынын білдік.
Көрпе-төсек, ыдыс-аяққа және тағы басқа қажеттіліктерге жұмсайтын ақшаңыз болуы керек.
Пәтер ақысына 300 – 350 доллар төлейді
Бұл жігіттің айтуынша, Оңтүстік Кореяда бір бөлмелі пәтер жалдау үшін 300 – 350 доллар аралығында ақша керек. Кейбір жұмысшыларға пәтерді жалдаушының өзі де береді екен, бірақ онда жасалған жағдай ойдағыдай болмайтындықтан жұрт пәтерді өздері іздеп тауып алып жатады.
«Өзіммен бірге апарған адамдарды үш-төрттен топтап, пәтер тауып бере аламын. Бір айта кетерлігі, пәтер иелері жал ақысынан бөлек, 500 доллар кепіл ақша алады. Теледидар, тоңазытқыш, тағы басқалай заттарын бүлдірмес үшін. Егер ондай заттары бүлінсе, ақысын әлгі өткізген 500 доллардан есептеп, шегеріп алып қалады», – дейді ол.
Күніне 60-тан 130 долларға дейін табуға болады
Оңтүстік Кореяға жеткесін жұмыс іздеу үшін «Арбайтқа» баратын адамның жолы бірден оңғарылып кетуі де, олай болмауы да мүмкін. «Арбайтқа» кемінде бір-екі апта қатынау керек болады. Сонда өзге жұрттың көзі үйренеді, сосын жұмысқа жібере бастайды. Мысалы, бір күні дала жұмыстарына, екінші күні құрылысқа, үшінші күні зауытқа дегендей жұмыстар табылып жатады.
Тұрақты жұмысқа орналасу мүмкін емес. Ондағы мигранттар көбіне қара жұмысқа жалданады. Бау-бақша, егінге, жылыжайға, құрылысқа, зауытқа мерзімдік жұмыстарға баруға болады.
«Арбайттағы» жұмыс әрқалай, бір аптаның ішінде 1 күн, кейде 3-4 күн, кейде апта бойы табылып тұруы мүмкін. Жұмыс жиі шығып тұрса, күніне 100 – 130 доллардан, бір айда орта есеппен 3 мың доллар табуға болады.
Ал зауыттарда кесімді айлық жалақы мөлшері 1500 доллар шамасында. Машина жаасу, тоңазытқыш, кондиционер жасайтын зауыттарда жалақы көлемі осындай. Сондықтан жолы болып жатса, мигранттар жұмысты «Арбайттан» тапқанды қалайды екен.
Ұсталып қалсаңыз, елден қуады
Жалпы, Оңтүстік Кореяға жұмысқа баратындарды тәуекелге бел буғандар деуге келеді. Өйткені Оңтүстік Корея мен Қазақстанның арасында жұмыс күшіне қатысты келісім жоқ. Сондықтан жұмыс іздеушілер ол жаққа тәуекелмен барады. Бір жыл, екі-үш жыл осындай жолмен жұмыс істеп, табыс тауып келіп жатқандар бар.
Ол жақта да полиция заңсыз мигранттарға қатысты түрлі іс-шаралар жүргізеді. Сондай рейдтер кезінде ұсталып қалғандарды елден қуады. Бізге сұхбат берген азаматтың айтуынша, кінәлі жанға ақшалай айыппұл салынбайды, оны Қазақстанға қайтарып жібереді. 3 – 5 жылға дейін Кореяға қайтадан кіргізбейді.
..Міне, Оңтүстік Кореяға жұмыс іздеп барғысы келетіндерді ала кетемін деп жарнама берген жігіттен біз осындай жайларды білдік. Қай жерде жағдай жақсы, табыс мол болса, адамның сол жерге барғысы келіп тұратыны рас қой. Жан-жаққа тентіремей-ақ өз елімізде лайықты табыс табатын күндер қашан келер екен?
Т. ТҰРАН.
[:]