АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Қазақ даласындағы Ресейдің минасы…[:]

[:kz]

Қазақстанның халық саны 18 миллионнан асты. Қазақ ұлтының пайыздық үлесі — 66,01%. Бірақ, әлі «Қазақстан көп ұлтты мемлекет» деген ұранды ауыздан тастамаймыз. Оған «ынтымағы жарасқан көп ұлтты» деген сөзді тағы қосамыз. Осы ұрандар үшін ел иесі – қазақтардың мүддесін құрбандыққа шалу әдетке айналған.

Елімізде 4 миллионнан астам орыс халқы қоныстанған. Бұлардың пайыздық үлесі — 21.05%. Басқаша айтқанда, бүкіл ел халқының 1/4-і орыс ұлты. Біздің ел үшін алып қарағанда бұл аз адам емес. Бірақ, қазақстандық орыстар Украина, Молдова, Грузиядағы орыстармен салыстырғанда тыныш жатқандай көрінеді.

Мәселен, біз атаған елдерде дәл осы орыстардың себебінен ішкі бүлік орын алды. Бұл жерде біздің айтпағымыз Украинадағы Қырым мәселесі мен үй ішінен үй тіккен Транснистрия Молдов Республикасы екенін көпшілік жақсы біледі.

Бір қызығы, Украинада да орыстардың пайыздық үлесі 20% айналасында ғана. Молдова мен Грузиядағы орыстар саны миллионға да жетпейді. Алайда, олар өздері тұрып жатқан елден тәуелсіздік сұрап тыным таптырмайды. Ал қазақстандық орыстар арасынан бірен-саран өзгеше пікір айтатындарды ескермесек, жалпы жағынан өмірлеріне разы. «Көп ұлтты Қазақстанның» қатардағы бір халқы секілді жүріп жатыр. Бұны біздің биліктегілер баста айтқанымыздай «ынтымағы жарасқан көп ұлтты ел» екенімізбен түсіндіреді.

«Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады», — деген ұлы Абай. Қазақтардай жайылып жастық, иіліп төсек болып отырса, орыс қана емес кез-келген халық Қазақстанның тұрғыны болуға дайын.

Еліміздегі орыс ұлтының неге өзге елдердегідей бүлік шығармайтынын, неге Ресейге көшіп кетуге асықпайтынын көзқарақты оқырман жақсы біледі. Алайда, біз өзге ұлтты өз елімізде ұстап тұрған себептердің басын жіпке тізіп көрейік.

1. Кеңес өкіметі тарағалы бері Қазақстан Ресейге өте адал серік болып келеді. Беларусь елін қоспағанда Қазақстан Ресейдің жер бетіндегі жалғыз жанашыры десек артық емес. Басқаша айтқанда, Ресейдің бөтенге сілтер қолшоқпары, жақынын жасқар ұртоқпағы болып жүргеніміз жасырын емес.

Ал Ресей айтқанына көніп, айдағанына жүрмейтін көршілеріне ғана қырын қарайды. Қазақ билігі Украина немесе Грузия секілді Батыс елдеріне жақындап, Мәскеуден бет бұрып кетуден аулақ. Біздей ізгі көршіге жарыған Ресей билігі еліміздегі орыстардың қолтығына су бүркіп, бүлік шығаруға айтақтамай отыр.

2. Біздің елде «ұлттар достығы», «ұлттар теңдігі» деген ұрандар ұлықталып келеді. Адамдар «ұлтшыл» деген сөзден Кеңес одағы кезіндегідей қорқады. Тіпті, ұлт жанашыры болып жүрген азаматтардың өзі «мен ұлтшыл емеспін, ұлтжандымын» деп маймөңкелеуге мәжбүр. Баста айтқанымыздай, ел саясатынан ең көп зардап шегетін қазақтар. Мемлекеттік қызметкерлердің орыс тілді бұқараға ресми тілде жауап беруін Елбасының өзі талап еткен еді. Анығырақ айтқанда, еліміздегі орыс ұлтының мүддесі билік тарапынан арнайы қорғалып отыр. Демек, Қазақстандағы орыстар өздерін шетелде жүргендей сезінбейді. Өз елінде жүргендей еркін, өз жерінде жүргендей жағдайы жақсы.

Еліміздегі өзге ұлттардан мемлекеттік тілде сөйлеуді, баласын қазақша мектепке беруді талап етпек түгілі өз еліміз, өз жерімізде тұрып жатып елді-мекендер мен көшелерге қазақша атау беруден қорқамыз. «Ынтымағы жарасқан көп ұлттың» қарсы шығуынан қорқамыз. Осылай бетінен қақпай, басынан сипап отырсаң кім берекелі болмайды. Өз халқымыздың мүддесін құрбан ете отырып, сатып алған береке-бірлігімізбен мақтанып жүрміз тағы.

3. Ресей билігі Қазақстандағы орыс халқының ешқайда көшпегенін қалайды. Олар қазақ жерінен көшіп барған орыстарға қырын қабақ таныту арқылы, олардың елге қайту ынтасына су сеуіп отыр. Қазақ даласындағы 4 млн орыс Ресей үшін біздің жердің астына көмілген мина. Керек кезде жарып жіберу үшін сақтап отыр.

Мәскеу Астананы тежеу үшін Қазақстандағы орыстардың азаймауын тілейді. Сол үшін өз қандастарын елге қайтуға үндеген емес. Әйтпесе, әлемде жер көлемі ең ірі мемлекет саналатын Ресей шығыс Еуропа мен орта Азияда тарыдай шашыраған орыс орманын түгел жинап алса да жарасар еді. Алайда, оларға өз халқын әр елге таратып қойып, сол елді шаужайлап отыру әлдеқайда ұнайды.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

[:]