АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]«Қазақ – ұйғырдың бір тармағы ма?»: Ұйғыр мәдени орталығының төрағасы қазақ пен ұйғырдың туысқан халық екенін және ұқсастықтарын атады[:]

[:kz]

Қазақ пен ұйғыр халқының ұқсастықтары қандай? Түркі халқынан тараған екі ұлттың бір-бірінен айырмашылығы туралы «Қазақстан Ұйғырларының республикалық этномәдени орталығы» төрағасының орынбасары Жапаров Абайдуллам Мұхидинұлы Stan.kz ақпарат агенттігі тілшісіне сұхбат берді. 

   «Қазақ – ұйғырдың бір тармағы» деген бір мақала шыққан еді. Бұған қатысты не айтар едіңіз? Ұйғыр мен қазақ халқының ұқсастықтары қандай?
–    Қазақ ұйғырлардың бір тармағынан тараған деген өтірік сөз. Мүмкін емес. Біздің атамыз бір, тіліміз бір түркі халқынан тараған халықпыз. Қазақ пен ұйғыр туысқан халық. Ұйғыр мәдениеті жоғары халық. Біз түркі халықтарымен ұқсаспыз, ешқандай айырмашылығымыз жоқ. Біздің бір ерекшелігіміз – 500-600 жыл бұрыннан келе жатқан он екі мұқам аңызымыз бар. Соны біз әрқашан дәріптеп жүреміз. Одан басқа біз өзіміздің атақты ұйғырлардан айтсақ: Махмұд Қашқари, Юсуф Баласағұн. Түркі халқына із қалдырған ғұламалар. 
–     «Ұйғырлар айтқандарынан қайтпайтын халық» деп айтады екен. Жалпы мінезін қалай бейнелей алатын едіңіз?
–    Әр халықтың өзіне тән мінезі болады. Қазақ пен ұйғыр халқының мінезі ұқсас. Өйткені бір елдің суын ішіп, нанын жеп отырмыз. Иә, адамдар арасында айтқан сөзінен қайтпайтындары бар шығар. Бірақ жалпы ұйғыр халқына тән қасиет деп айта алмаймын.
–    Ұлттық тағамдарын айта кетсеңіз?
–    Ұйғыр асханасының тағамдары әр алуан. Ұйғыр асханасының кеңінен таралған тағамдарының бірі «лағман» болып табылады. Әрбір тағамның өз мәні бар. Лағманды махаббат тағамы деп атайды. Одан кейін манты бар. Ол «жігіттер» тағамы деп аталады. «Чошуря» деген бар. Жас жұбайларға некелері қиылғаннан кейін екінші күні, көп балалы және ауқатты болуға тілек белгісі ретінде дайындалады. Ұйғырлар көбіне палау дайындайды. Негізінен бұл қонақтардың тағамы. 
–    Ұйғырлар арасында туыстар бір-бірімен тұрмыс құра береді дегенді көп естиміз. 
–    Ұйғырларда жақындарына қыз беру салты жоқ. Қан араластырмауға қатты мән береді. Әке жағынан тараған тусқандарға қыз бермейміз. Ал қыз алып қашу дәстүрі бізде кездеспейді. Бұрын ондай болған. Ал басқа ұлт өкілдеріне қыз беру, ұлын үйлендіруге қарсы болмаймыз. Аралас некелер көп кездеседі. Қазақтан келін алып жатырмыз, қызымызды ұзатып жатырмыз. 
–    Жас жұбайлардың алғашқы түнінде төсек басына анар жемісі қойылады екен. Мұның мәні неде?
–    Бұл дәстүрлер қазір қолданылмайтын шығар. Төсек басына анар қою ол –  отбасы берік, көп балалы, тату тәтті өмір сүрсін деп ырымдаған. Қазақтардағы сияқты бізде де алғашқы түні күйеубаланың екі жеңгесі келіннің адалдығына куәлік еткен. Адал болса, онда жас келіннің үйіне қызыл гүл апаратын болған.
–    Ұйғырлар арасында басқа ұлт өкілдерімен некелесу жиі кездесе ме? Қыз алып қашу дәстүрі сіздерде де бар ма?
–    Аралас некеге бізде қарсылық жоқ. Ұйғырларда аралас неке көп кездеседі. Қазақтан қыз алып немесе беріп отырғандар да бар. Ал қыз алып қашу дәстүрі бізде жоқ. Оған қарсымыз. Өйткені ұйғыр халқы қыз баланы отбасында ерекше сыйлап, ата-анасы, туыстары оған «сіз» деп сөйлеген. 
–    Ұйғыр халқының салт-дәстүрі несімен ерекшеленеді? 
–    Жалпы қазақ пен ұйғыр халқының дәстүрлерінде еш айырмашылық жоқ. Қыз ұзату, той жасау. Барлығы ұқсас. Ұйғырлардікі мынадай деп бөліп айтуға болайды. Әрине кейбір дәстүріміз бар. Бірақ ол қазіргі заманға сәйкес келмейді. Бір айтып кететіні, ұйғырлар мекендеген жерде жігіт басы деген болады. Ол әрбір ауылда бір үлкен кісіні сайлайды. Сол кісі көше, ауыл болсын соны басқарады. Той, өлім болса, сол кісі бәріне көмектеседі. Халыққа айтып, шақырады. Яғни, көпшіліктің басын біріктіреді. Мұндай басқа халықтарда кездеспейді, ұйғырларда көп таралған. Біздің халық жалпы егіншілікпен айналысады. Сол себептен де көп салтымыз жерге, егінге байланыстырылған. 
–    Қандай ерекше салтын айтар едіңіз?
–    Баланың тууына, жерлеуге, үйлену тойларына байланысты әдет-ғұрыптар бар. Мәселен, ұйғырларда қалыңдық үшін өтем – қалың мал берілмейді. Қалыңдықты күйеу жігіттің үйіне кіргізбес бұрын жанып жатқан отты үш рет айналдырады. Қазақтарға ұқсас, баланы қырқынан шығару, сүндет той бізде де бар. 
–    Жалпы ұйғыр еңбекқор халық деп жатады. Бұл атадан балаға беріліп отыратын мінез бе, әлде баланы ерте жастан еңбекқорлыққа тәрбиелейді ме?
–    Ұйғыр халқы диқангер халық. Баланы кішкентай күнінен бастап-ақ егін егу істерін жақсы көруге, еңбектенуге тәрбиелейді. 
–    Ұйғыр ұлты Қазақстан территориясына қалай көшіп келді? Қайдан келді?
–    Ұйғырлар Қазақстанға 100-200 жыл бұрын келген деп айтуға болады. Тарихта бірінші ұйғырлар ХIX ғасырдың ақырында 1871-1882 жылы Жетісу өлкесіне көшіп келген. Ұйғырлар диқанға жақын халық болған соң Ресей патшасының бұйрығымен осында көшеді. Негізі ұйырғар Жібек жолын бұрыннан тұрып келе жатқан.  Ал көшіп келгендер Шелек ауданы, Ұйғыр ауданы, Жаркент, Талғар ауданына, Алматы қаласының айналасына келіп орналасқан. Тарихта «Біз қазақ еліне өзіміз келіп, осы жерде бауырлас халықпен біртұтас жасап жатқанымызға екі ғасырдай болды» деп айтқан.
–    Қазақстанда ұйғыр ұлттары қалай өмір сүріп жатыр? Өз мәдениетін, салтын сақтап қала алды ма? Халық арасында ұлтқа бөлу секілді мәселелер кездеспей ме?
–    Қазақстандағы ұйғырлар бақытты халықпыз. Өйткені Қазақстанда өз театрымыз, мектептеріміз, газеттеріміз бар. Қазақстандағы ұйғыр мектептерінде балаларымыз өз ана тілінде білім алады. Бұл өте қуантарлық жағдай біз үшін. Қазіргі заманға сай мектептерімізде қазақ тілі де оқытылады. Барлық ұйғыр қазақ тілінде сөйлей алады. қазақ тарихын да біліп өседі. Біз түркі халық болып бір-біріміздің тарихымызды, тілімізді құрметтеп келеміз. Сол себептен қазақ халқына өзім рахметімді айтамын. Біздің отанымыз – Қазақстан. 
 

[:]