[:kz]
6-ақпанда АҚШ-та тұратын жүздеген бауырларымыз Нью-Йорк қаласындағы Біріккен Ұлттар Ұйымының ғимараты алдына жиналып, халықаралық қауымдастықтан Қытайдағы этникалық аз қауымдарға бағытталған геноцидті тоқтатуға шақырды. Біз онда айтылған мәселелер жөнінде кеңінен білмек болып, шеруге шыққан отандасымызбен хабарласқан едік. Өзін Ғани Стамбеков деп таныстырған жігіт бүгінде Бостон қаласында тұрады екен.
«Шығыс Түркістанда қазақ, ұйғыр, өзбек, татар және басқа да түркітілдес халыққа жаппай қысым көрсетіліп келеді. Кейінгі кезде адам төзгісіз жағдайлар, қайғылы оқиғалар орын алып жатыр.
Қытай коммунистік партиясы 3 миллионнан астам ұйғырларды түрмеге және концентрациялық лагерьлерге отырғызды. Сонымен қатар 500 мыңнан астам қазақ бауырларымыз, 50 мыңнан аса қырғыз, тағы басқа мұсылман халқы түрмеге заңсыз тоғытылған. Онда адам құқы тапталуда. Олардың еркінен тыс ауыздарына арақ-шарап құйып, доңыз етін күштеп жегізгендерімен қоймай, аса ауыр жұқпалы ауруларды егіп, азаптаумен келеді деп естиміз. Бұған біз қалай шыдап отыра аламыз?
Олар түркітілдес халықтардың ұлттық ерекшелігін жоймақ. Қазақ, ұйғыр мектептерінің көбісі жабылып, білім беруді тоқтатып отырған жайы бар. Осы тілдерде сөйлеуге тосқауыл қойылды. Енді алдағы 50 жылда Шығыс Түркістанда ешқандай мұсылман қалмай, жойылып кете ме деген үрей басым.
Біз шеруге 70-ке жуық адам шықтық. Арамызда сол елдің азаматтары да болды. Тіпті Ислам дінін қабылдаған америкалық та жанымыздан табылып, Қытайға қарсы бірқатар мәселелерді көтерді. Тағы бір айтарлығы, шеруде 10-15 қана қазақ болды. Олар ешқандай оппозиция емес. Біз тек Қытайдағы қазақ мәселесін алға тарттық.
Шеру ұйғырлар тобы және АҚШ үкіметінің қолдауымен ұйымдастырылды. Біз соларға қосылып, өз талабымызды көк Туымызды көтере жүріп айттық. Бұған дейін, алдыңғы жылы да осындай жиынды ұйғыр бауырлармен өткізген едік. Сонда Салих есімді жігітпен танысып, төрт-бес рет наразылық бас қосулар жасағанбыз. Ал біздің жиі ұйымдастыратын мұндай наразылықтарымызға жергілікті билік немесе тәртіп сақшылары ешқандай келіспей немесе қандай да бір тосқауыл жасауға тырысқан емес. Қайта керісінше, біздің өміріміз бен денсаулығымызды қорғап, жанымызда жүрді. Өйткені АҚШ-та кез-келген тұрғын шеру, ереуіл өткіземін десе өз еркі. Ол үшін құжат та керек емес. Тек адам саны белгілі бір талаптан асып кететін жағдайда, микрофон пайдаланамын десе арнайы сертификат алуы қажет. Ал сертификат алу мұнда өте оңай. Егер қандай да бір дауыс ұлғайтқышсыз жиын ұйымдастыратын болса, мың адамға дейін қалаған уақытында, көптеген жерлерде, биліктен келісім алмай-ақ жиналыс өткізе береді. Мұнда адам құқы, өмірі мен бостандығы сақталады.
Қазіргі күні АҚШ-та шамамен он мыңға жуық қандастарымыз бар. Бұл елде оқып жүрген жастар да баршылық. Мен АҚШ-та бизнес саласында оқып білім алдым. Осындай жиындарға жиі қатысып, өз көзқарасымды білдіріп келемін. Біз қандастарымызбен «Уатсап» желісінде және басқа да желілерде арнайы топ ашып, сонда сөйлесіп тұрамыз. Бас қосулар немесе басқа да жиындар, қонаққа шақырулар болса осы чаттан біліп отырамыз», – дейді АҚШ-тағы бауырымыз.
…Айта кетейік, Шығыс Түркістан жерін Қытай кезінде өзіне қосып алған. Қытай территориясының алтыдан бір бөлігін құрайтын өлкеде көп ұлттар мекендейді. Кейінгі жылдары онда аз ұлттарға қысым жасалып жатыр. Жұртшылық осы қысымның тоқтатылуын талап етуде
Zamana.kz
[:]