[:kz]
Түрік қызы Иелиз Жақаеваның (қыз кезіндегі тегі – Чакар, ред.) қазаққа келін болғанына үш жылға жуықтады. Стамбулда туып-өскен Иелиз басқа емес, қазақы қаймағы бұзылмай, салт-дәстүрлер түгелдей дерлік сақталған оңтүстік өңірде ақ босаға аттады. Сондай-ақ, ол қазақ тілінде еркін сөйлейді. Бүгінде жары Серікпен бірге Лейла есімді бүлдіршінді өсіріп отырған тәрбиелі түрік қызы KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат беріп, екі ел арасындағы ұқсастықтар жөнінде және қазаққа келін болудың ерекшелігі жайында әңгімеледі.
Түрік қызы жұбайы Серікпен Қазақстандағы ортақ достары арқылы танысқан. Екеуі бір көргеннен ғашық болып, екі жылға созылған достық отау құрумен аяқталды.
Екі жақтың тойында екі елдің де дәстүрлері сақталған.
«Қайын жұртым Стамбулға келіп, ата-анамның рұқсатын алып, сырға салу рәсімін жасады. Әкеме шапан кигізді. Мен түрік дәстүрі бойынша болашақ қайын жұртым мен жұбайыма кофе ұсындым. Біздегі салтқа сәйкес, Серіктің кофесіне қанттың орнына толтырып тұз салдық. Бұл қалыңдықты барлық ауыртпалығымен қабылдауға дайынмын дегенді білдіреді. Кофе тым ащы болса да, Серік барлығын ішіп қойды (күлді)», — деп еске алды Иелиз.
Алғашында түрік қызы үшін қазақ халқына келін болу оңай болмаған. Алайда, ата-анасының тәрбиесін бірінші орынға қоятын Иелиз келіндік қызметті де дөңгелетіп әкеткен.
«Жалпы, келін болу қай елде де үлкен жауапкершілік жүктейді. Түркияда да келін ерте тұрып, ата-енесіне шай дайындайды. Екі елдің көптеген ғұрыптары ұқсас. Қазақстанның оңтүстік өңірінде салт-дәстүр толығымен сақталған. Мысалы, маған шайды аз-аздан құю қиындау болды (күлді). Біз жақта шайды толтырып құятындақтан, алғашында аздап састым.
Мен үшін қызық болған жайттардың арасында келіннің дастарханның төменгі жағында отыратыны да бар. Үнемі үйдегі үлкендерге «Шай ішіңіз» деп айтатыны да маған ұнайды. Үлкендерге сәлем салып, орамал тағып жүрген қандай әдемі?! Барлық ғұрыпқа үйреніп кету үшін уақыт қажет болды. Қуанышқа қарай, үйдегі туысқандардың үйретуімен бәрі сәтті өтуде», — дейді ол.
Иелизге қазақ халқының жеті атадан қыз алыспайтыны қатты ұнайды. Сондай-ақ, ол қазақ тілінде сөйлемейтіндердің көптігіне де қынжылады.
[:]