[:ru]
Кеңес, орыс және армян кино, телевизия актері, режиссер Тигран Кеосаянның даулы мәлімдемесіне қазақстандық танымал адамдар жауап берді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Кеосаян «Қазақтар, бауырлар, неге жақсылықты бағаламайсыңдар?», «Украинаға мұқият қараңдар, ойланыңдар» деп ресейлік жауапты тұлғалар Қазақстанмен «қарым-қатынас деңгейін қайта қарауы керек» деген ойын айтқан болатын. Оны 24 сәуірде YouTube-арнасында жариялады.
«Қымбатты Тигран Кеосаян, сен өзіңнің қойылымыңды айнадан көрдің бе? Меніңше, қарап шығуың керек. Меніңше, сен ол жерде арамза Муссолиниді бейнелеп, өзіңе көп алып тұрсың. Біріншіден, сен Ресей емессің, екіншіден, күшті болсаң, жоғары билік эшелонына айт. Ал менің халқыма тиіспе. Мен халқымның тарихын, адамзаттың көпғасырлық мәдени және рухани өмірі мен халқымның еуразиялық кеңістіктегі абыройын баяндап отырғым келмейді.
Сен Копеляр емессің, сен Джигарханян емессің. Сен шовиниссің. Сен ұлтаралық жеккөрушілікті қоздырушысың. Сені Донецк, Луганскіде ұрыс алаңында көрер едім. Менің ойымша, ұлы Ресейге сен сияқты жағымпаздар қажет емес. Тағы осындай комеди клаб жасамас бұрын Симоньянмен кеңес, ол ақылды әйел», — деді актер.
Досқан Жолжақсынов Тигран Кеосаянға «қиналып ырылдама, кіндігің ашылып кетеді» деді.
Осы видеоны Желіге жүктеген актердің жары Қаракөз Сүлейменова Кеосаянның «Қазақстанымыз жайлы намысқа тиетін, объектив емес мәлімдемесіне қарап отыра алмағанын» жазды.
«Әлемде болып жатқан жағдайдың салдарын көріп отырмыз. Бірақ ұлтаралық қақтығысқа тамызық тастап отырған журналистің әрекеті күллі қазақты қорлап отыр! Бейбіт отырған елдің тыныштығын ұрандаумен ешкім бұза алмайды. Жағымпаздық пен екіжүзділік, мәңгүрттіктің түбі Отансыздықтан туады. Бұл соның көрінісі», — деді ол.
Қазақша блог жүргізетін музыкант, домбырашы Алексей Лодочников та қарап қалмады. Ол Instagram-дағы парақшасында Кеосаянға музыкалық сәлемдеме жолдады.
«Видеоны көрдік, осылар қыртады да жүреді. Назар аудармай-ақ қояйық. (…). «Где ваша благодарность» деп қояды. Кімге, саған ба? Не үшін? Үйімнің ауласын сыпырдың ба сен менің? Сен Қазақстанға, қазақтарға тиіспе, оңбайсың. Сен қазақтарды білмейсің», — деді ол.
Қоғам және мәдениет қайраткері Малик Хасенов те Тигран Кеосаянды жағымпаз деп өлең шумақтарын айтты.
«Мен сіздің әкеңіздің фильмдерін көріп өстім. Ол оңбаған адамды тәрбиелеп шыққан гений. Көкте ұялып жатқаны сөзсіз. Ұлы режиссер өмірден өтті. Бірақ бүлдіргіш қалды. Біз ол неге есалаң болып кеткенін білеміз, сценарийді Маргарита Симоньян жазады», — деді ол.
Малик Хасенов ол бізге қаһармен сөйлеп тұрса да, «Сіз» дейтінін, себебі Қазақстанда оны солай тәрбиелегенін айтады.
«Бізді қорқытқыларыңыз келді ме? Бірақ, өкінішке қарай, шабуылдайтын адам біз емес. Маэстро Гаспарян өсиет еткендей, жаман халық болмайды, тек жаман адамдар бар. Мен оған елге кіруге тыйым салу керек деп ұсынбаймын. Себебі қорқақ ит онсыз да келмейді. Уақыты келгенде ол сазайын өзі-ақ тартады», — деді ол.
Айта кетейік, Маргарита Симоньян Тигран Кеосаянның жары. Ол RT телеарнасы, «Россия сегодня» халықаралық ақпарат агенттігі және Sputnik ақпарат агенттігінің бас редакторы.
Бұған дейін Қазақстан Сыртқы істер министрлігі де ресейлік журналист Тигран Кеосаянның Қазақстан туралы мәлімдемесіне қатысты пікір білдірген болатын.
[:]